Жаңалық

«Қазақстан даласынан шыққан баға жетпес даналық» экспозициясы ашылды

Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы мен Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығын мерекелеу аясында, Гонконг баптисттік университетінде «Қазақстан даласынан шыққан баға жетпес даналық» экспозициясының ашылу рәсімі өтті,деп хабарлайды Ruh.kz порталы Egemen.kz сайтына сілтеме жасай отырып. 

Онда Тұңғыш Президент күніне және Қазақстанның Тәуелсіздік күніне арналған қазақстандық кітаптар, ұлттық музыкалық аспаптар, қазақ мәдениетінің тұрмыстық заттары, сондай-ақ фотоматериалдар ұсынылған.

Іс-шараға университет басшылығы мен оқытушылары, қазақстандық және шетелдік студенттер, сондай-ақ Гонконгтың ғылыми және мәдени топтарының өкілдері қатысты.

Рәсімді ашқан университеттің Вице-президенті Альберт Чау екіжақты мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал ететін осы іс-шараны өткізудің маңыздылығын атап өтті. Ол сондай-ақ, Қазақстан әдебиеті секциясының ашылуы Гонконг тұрғындарына Қазақстан халқының бай рухани мұрасы туралы көбірек білуге қосымша мүмкіндік бергенін айтты.

Өз кезегінде, Қазақстанның Гонконгтағы (ҚХР) Бас консулдығы осындай маңызды іс-шараны ұйымдастыруға және өткізуге қолдау көрсеткені үшін университетке алғысын білдіріп, бұл экспозиция Гонконг аудиториясының біздің мәдениетімізге деген қызығушылығын және онымен жақынырақ танысуға деген ынтасын оятуға бағытталғанын айта кетті.

Іс-шара аясында оқу орны кітапханасының қорына біздің еліміз және оның көрнекті тарихи тұлғалары туралы ағылшын, қытай және португал тілдеріндегі кітап жинақтары берілді.

Гонконг баптистiк университеті қазақстандық әдебиет секциялары ашылған бесінші Гонконг университеті (бұған дейін Лингнан университетінде, Гонконг ғылым және технологиялар университетінде, Гонконг политехникалық университетінде және Гонконг білім институтында ашылған болатын).

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button