Жаңалық

Елордада «Әсемдіктің, үндестік пен сұлулықтың нышаны» көрмесі ашылады

19 қаңтарда ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы музейінің жаңа ғимаратында «Әсемдіктің, үндестік пен сұлулықтың нышаны» атты қор көрмесінің ашылу салтанаты өтеді деп хабарлайды Ruh.kz кітапхананың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Көрме – «Музейлік топтама» ғылыми жобасы аясындағы музейтанушылық зерттеулердің нәтижесі. Көрмеде Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатын суреттейтін әлем халықтарының сәндік-қолданбалы өнерінің елуден аса үлгісі ұсынылатын болады.

«Елбасы кітапханасының музей қорында дипломатиялық сыйлықтардан құралған түрлі коллекциялар жинақталған. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевқа ұсынылған бұл сыйлықтар Қазақстан халқына және оның көшбасшысына деген құрмет белгісін білдіріп, архив және кітаптық топтамалармен қатар Елбасы кітапханасы жинағының байлығы мен мазмұнының тағы бір қырын ашады.

Келушілер назарына ұсынылған барлық заттар материалы, жасалу техникасы, қолданылуы, пішіні, өрнектелуі бойынша алуан түрлі. Фарфордан, керамикадан, шыныдан, металдан жасалған құмыралар Түркия, Қытай, Ресей, Еуропа, Орта Азия, Жапония, Въетнам, Малайзия және басқа да елдердің шеберлік мектептері жасаған бұйымдарын көрсетеді. Осы ыдыстардың пішінінен халықтардың шаруашылық өмірі, діни көзқарастарының ерекшеліктерін, адамгершілік пен этикалық нормаларын тапқан көркем бейнелерін байқауға болады. Вазалар таңғажайып тарихи мәтінге ие, оларды жасау мен қолданудың әдістерін, техникасын, әсемдігін айқындайтын рухани және материалдық өмір философиясын баяндайды», – делінген кітапхананың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Айта кетейік, «Әсемдіктің, үндестік пен сұлулықтың нышаны» қор көрмесінің жұмысы 15 наурызға дейін жалғасады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button