Жаңалық

«ITeachMe 4.0» лагерінің үздік студенттері анықталды

Нұр-Сұлтан қаласында IteachMe инклюзивті лагерінің төртінші маусымы аяқталды деп хабарлайды Ruh.kz.

 

«IteachMe» жастарға арналған инклюзивті лагерьдің төртінші маусымы аясында мүмкіндігі шектеулі 19 азамат digital саласындағы сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім алып, оқуын тәмамдағаны жөніндегі сертификаттарға ие болды. Инклюзивті лагерьдің ұйымдастырушысы «ITeachMe» құзіреттілікті дамыту орталығы» ҚҚ қалыптасқан дәстүр бойынша маусымның үздік студенттерін марапаттады. Жеңімпаздар «Копирайтинг», «Motion design», «Ui ux design» аталымдары бойынша анықталды.

«2020 жыл баршамызға digital саласының маңыздылығын көрсетті деп есептеймін. Белең алған жағдайға қарамастан, Қазақстанның әр өңірінен жиналған мүмкіндігі шектеулі 24 азамат уақытын босқа өткізбей, іріктеу кезеңдерінің барлығынан сүрінбей IteachMe 4.0 жобасының қатысушысы атанды. Алайда финалға мықты деген 19 адам өтті. Олар екі ай бойы өздері таңдаған мамандық бойынша білімін жетілдірді.
Әр маусымның соңында біз үздік студенттерді марапаттауды дәстүрге айналдырдық. Бағдарламамызға сәйкес студенттеріміз оқуының соңында курстық жұмыстарын қорғайды. Осы ретте біз олардың өз курстық жұмысын қалай қорғағанына ғана емес, олардың білімге деген ынтасы, оқу барысында қандай жетістіктерге қол жеткізгені ескердік», – дейді ««ITeachMe» құзіреттілікті дамыту орталығы» ҚҚ директоры Зағира Бегалиева.

Осылайша «Копирайтинг» аталымында Тахмина Аркинова, «Ui ux design» аталымында Батыр Салимов және «Motion design» аталымында Гүлім Кеңесбай үздіктер қатарынан көрінді. Ал Аңсаған Серікбаев ынталандыру сыйлығына ие болды. Жеңімпаздардың барлығына ноутбуктер табысталды.

Салтанатты шара IteachMe лагері төртінші маусым түлектерінің жұмысқа тұруына мүмкіндік беретін бос орындар жәрмеңкесіне ұласты.
Айта кетейік, ««IteachMe» құзіреттілікті дамыту орталығы» ҚҚ – мүгедектігі бар жастар мен Қазақстанның түкпір-түкпірінде тұратын халықтың әлсіз топтарындағы жастарды қолдау қоры. Ұйым қызметкерлері мүмкіндігі шектеулі азаматтарды ІТ-мамандықтары бойынша тегін оқытады. Бүгінге дейін қор курстарынан жүзден астам азамат өткен. Олардың 47% жұмыспен қамтылды.

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button