Жаңалық

Balapan телеарнасы Youtube «Алтын батырмасын» алды

Қазақ тіліндегі тұңғыш балалар телеарнасы «Balapan» Youtube желісінің «Алтын батырмасын» иеленді. 

Әлемдік видеохостингтің «Алтын батырмасы» парақшаға 1 млн оқырман жазылғанда беріледі.

«Balapan» телеарнасы 2017 жылдың желтоқсан айында You Tube-тің «Күміс батырмасын» алған. Міне, араға 3 жыл салып, «Алтын батырмаға» да қол жеткізіп, қуанып жатқан жайымыз бар. Бүгінде арнамыздың «You Tube» каналына жазылушылар саны 1,2 млн-ға жуықтады. Жалпы канал ашылған 2013 жылдан бастап, жобаларымыз 430 538 382 қаралым жинады. Ал жекелей айтсам, «Күлдір-бүлдір» ситкомының «Расул дәрігерде» деген бөлімі 10 057 749 қаралыммен көш бастап тұр. Осы сандардың өзі-ақ телеарна контентінің қаншалықты қызық екенін және көрерменнің көңілінен шыққанын аңғартып тұрғандай. Айрықша атап өтерлігі, Біздің «You Tube» арнамызды тек ел ішінде ғана емес, Қырғызстан, Өзбекстан, АҚШ, Ресей, Швеция, Украина мемлекетерінің көрермендері де тамашалайды», – деді Balapan телеарнасының басшысы Мақпал Жұмабай. 

Арна басшысының айтуынша, телеарнаның әлеуметтік желідегі парақшаларының әлеуетін кеңінен дамыту қолға алынды. Яғни, Youtube каналын телеарнадан тыс дамыту жұмысы жүйелі жүргізілуде.

«Әсіресе, пандемия алға тартқан жаңа үрдістер заманауи технолонияларды барынша ұтымды қолдану қажеттігін көрсетті. Нәтижесінде, 2020 жылы 7 шетелдік компаниямен келісімшарт жасалып, 23 анимациялық жобаның интернет құқығы сатып алынды. Біздің арнамыз – шетелдік мультфильмдердің Youtube құқығын иеленген алғашқы қазақстандық арна. Бүгінде «Balapan» арнасының Youtube каналына 640 серия мультфильм қазақ тілінде жүктелді. Өздеріңіз білетіндей, әлемді дендеген пандемия басталғалы арнамыз телемектеп қызметін де атқарып келеді. Телесабақтар арнаның Youtube каналы арқылы да таратылады. Сәйкесінше, осы аралықта каналымызға жазылушылар саны да арта түскенін атап өту керек», – дейді Мақпал Жұмабай.

Айта кетейік, YouTube желісінің 5 батырмасы және ең көп лайк жинаған пікірге берілетін 1 жүлдесі бар. Күміс (100 мың оқырман), алтын (1 млн оқырман), гауһар (10 млн оқырман), лағыл (50 млн оқырман) және қызыл лағыл батырма 100 млн оқырман жазылғаны үшін беріледі.

Balapan телеарнасы 2010 жылдың 27 қыркүйегінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ашылған еді. 10 жыл ішінде 246 телевизиялық жоба, 19 телехикая, 17 747 минутты құрайтын 67 анимациялық мультхикая жасалған. Қазақ киноиндустриясы тарихында «Balapan» телеарнасы тұңғыш рет балаларға арналған «Санжар мен Қайсар» телехикаясын, отандық мультхикаялар түсіруді қолға алған.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button