Жаңалық

Мұқағали туралы қызықты деректер

1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысына қарасты Райымбек ауданының Қарасаз ауылында қазақты ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев дүниеге келген. Ruh.kz порталы көрнекті тұлғаның өмірбаянынан қызықты мәліметтер ұсынады.

Мұқағали Мақатаевтың туған күні жөнінде екі түрлі ақпарат бар. Алайда, құжат бойынша ақынның туған күні 9 ақпанда тойланады. Ал ақынның анасы Нағиман апа ол туралы былай деген:

«Мұқағалиым 1931 жылы 8 наурызда дүниеге келген болатын. Жаңылысуым мүмкін емес. Себебі балам мынау фәнидің есігін ашқаннан біраз уақыт кейін Наурыз тойы болады, наурыз көже жасаймыз деп күтіп отырғанбыз».

Ақынның азан шақырып қойылған есімі – Мұхаммедқали.

Ол – үйдің тұңғышы, артынан бір қарындасы мен үш інісі туған.

Мұқағали әжесі Тиынның қолында өсіп, анасын жеңгесіндей қабылдайды. Ол өзінің анасы Нағиманды Нақа деп атап кеткен екен.

Ақынның балалық шағы соғыспен қатар өткендіктен, ақын тағдырдың ащы дәмін ерте татады. Оның әкесі Сүлеймен 1941ж Калиниград майданында қаза табады.

Мұқағали Мақатаев үш жоғары оқу орнына қабылданады. Алғашында ҚазМУ-дің филология факультетіне, содан кейін шет тілдер институтына, артынша ҚазМУ-дің заң факультетіне оқуға түседі. Ал Жазушылар одағының жолдамасымен 1973 жылы Мәскеудің М.Горкий атындағы Әдебиет институтының студенті атанады.

Өзінің өмірлік жары Лашынға ақын 18 жасында үйленеді. Алғашқы лирикалық өлеңдері осы кезде жазыла бастаса керек.

Ақынның тағдыры оңай болмаған. Оның тұңғыш қызы Ләззат өмірден озады, кейіннен сүйікті қызы Майгүл де көлік апатынан қаза табады. Мұзбалақ ақынның қыздарына арнаған өлеңдері қазақ әдебиетінің классикалық туындыларының қатарында.

Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері ең алғаш «Советтік шекара» газетінде жарияланды.

1957 жылы ол республикалық радионың дикторы қызметін атқарса, 1960-1962 жылдары «Советтік шекара» газетінің бөлім меңгерушісі болады.

Мұқағали Мақатаев Алматы қаласында 1976 жылы дүниеден өтті. Негізгі жыр жинақтарын көзінің тірісінде жарыққа шығарды.

Ол жарты ғасырға жуық ғұмырында мыңнан астам өлең, «Ильич», «Мавр», «Аққулар ұйықтағанда», «Райымбек! Райымбек!», «Моцарт. Жан азасы» деген поэмалар жазды. «Құлпытас», «Марусяның тауы», «Өзгермепті», «Әже» әңгімелері мен «Қос қарлығаш», «Жыл құстары» повестерін, «Қош, махаббат» пьесасын жарыққа шығарды. Аударма саласында да бақ сынап, Дантенің «Құдіретті комедиясының» «Тамұқ» деген бөлімін, Шекспирдің «Сонеттерін», Уолт Уитменнің өлеңдерін аударды.

Мұқағали өлеңдеріне Н.Тілендиев, Д.Рақышев, Ш.Қалдаяқов, І.Жақанов, А.Алтынбек Қоразбайұлы Қоразбаев, Т.Рахимов, М.Рүстемов, Т.Мұхамеджанов, Ә.Тінәлиев, Б.Оралұлы, Т.Досымов сияқты сазгерлер ән жазды.

Ақын өмірден өткеннен кейін 1985 жылы ҚР Жазушылар одағы Мұқағалидің атындағы әдеби сыйлық тағайындады, оған ҚР Мемлекеттік сыйлық (1999), «Ғасыр ақын» атағы берілді. 60 жылдық мерейтойы қарсаңында ақынның туған жерінде музей ашылды.

Назарларыңызға ақынның өзі оқыған «Пай, пай өмір!» өлеңін ұсынамыз!

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button