Жаңалық

Ғалымдарды әлеуметтік қолдауға арналған құжат қабылданды

Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екінші оқылымда қаралып, қабылданды.

Құжат ғылыми, ғылыми-техникалық саладағы заңнаманы жетілдіруге және оның нәтижелерін коммерцияландыруды оңтайландыруға бағытталған.

«Заң жобасын барлық деңгейде толық қарау – енгізілген құқықтық ережелер мен нормалардың негізділігін, бүгінгі күннің қажеттілігіне жауап беретіндігін көрсетті. Атап айтқанда, Бюджет кодексінде ғылыми, ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру бойынша бюджет бағыттары нақтыланды. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінде адам ағзаларын трансплантация жасауға қатысты нормалар жетілдірілді. Заң жобасы бірінші оқылымда қаралғаннан кейін комитет отырысында жан-жақты зерделенді. Қосымша ескертулер мен ұсыныстар келіп түскен жоқ», – деді Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұлов.

Осы Заңға қатысты Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев пікір білдірді.

«Қабылданған заң ғылым саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға арналған қосымша құқықтық негіздер қалыптастырады. Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландырудың және барлық ғылыми-зерттеу жұмысын қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар ұлттық ғылыми кеңестер мен Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының құзіреттері нақтыланады. Ғылым мен техниканы дамытуға үлес қосқан ғалымдарды әлеуметтік қолдау мен көтермелеу де көзделіп отыр. Осы мақсатпен жыл сайынғы «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығын беру қарастырылған. Жалпы, бұл заң елімізде ғылым саласын дамытуға өзінің үлесін қосады деп сенеміз. Сондай-ақ, заңда мемлекеттік білім беру мекемелерінің бірінші басшыларының ротациясы қарастырылған. Ол Білім және ғылым министрлігі белгілеген тәртіппен жүргізіледі», – деді М. Әшімбаев.

Басқа материалдар

Back to top button