Жаңалық

«Ұзыншұлық Пиппи» кітабы қазақ тіліне аударылды

«Ұзыншұлық Пиппи» кітабы қазақ тіліне аударылды

«Фолиант» баспасы Нұр-Сұлтан қаласында әлемге танымал швед жазушысы Астрид Линдгреннің «Ұзыншұлық Пиппи» кітабы қазақ тілінде жарық көріп, тұсаукесері өткенін хабарлайды.

Іс-шараға Швеция Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Матс Фойер, ақын, жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжан, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, айтыскер ақын, қарымды қаламгер Баянғали Әлімжанов, балалар жазушысы Серікбол Хасан, қала тұрғындары, БАҚ өкілдері қатысты.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында балалар әдебиетіне ерекше мән беріп: «Тіл игеру үшін балалар әдебиетінің атқаратын рөлі зор. Сондықтан қазақ қаламгерлерінің үздік шығармаларына қоса, балаларға арналған шетел жазушыларының да таңдаулы туындыларын аударып, көптеп басып шығаруды және таратуды қолға алған жөн» деп атап өткен болатын.

2021 жыл – Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы болып жарияланғандығы да белгілі. Осы мақсатта «Фолиант» баспасы қазіргі ұрпақтың псхологиясына тән, тәлім-тәрбиелік маңызы бар сапалы туындыларды басып шығаруды, әлемдік әдебиетте орны бар келелі шығармаларды аударуды қолға алып отыр.

Астрид Линдгреннің «Ұзыншұлық Пиппи» кітабының аудармашысы Мира Сембайқызы шығарманы толық аударуға үш айдай уақыт кеткенін алға тартады.

«Аударып болғаннан кейін де редакциядан өткізіп, тағы да қайта-қайта оқып, әбден тексердік. Балалар оқығанда түсініксіз ұғымдар, қиын сөйлемдер кездесіп қалмасын деп сөйлемдерді барынша жеңіл тілмен беруге тырыстым», – дейді Мира Сембайқызы.

Астрид Линдгрен, ЮНЭСКО ұйымының мәліметі бойынша, әлемнің ең көп аударылатын жиырма авторы арасында 18-орында, бұл тізімде Линдгрен Федор Достоевский, ертегі патшасы Ганс Христиан Андерсендермен қатар тұр.

2005 жылы ЮНЕСКО әлемде ең көп аударылатын кітаптар тізімін жариялады. Тізімге сәйкес, Ұзыншұлық Пиппи 5-орында. Сондай-ақ бізде бар ақпаратқа сәйкес, «Ұзыншұлық Пиппи» еңбегі 100-ге жуық тілге аударылып, кітап желісі бойынша бірнеше фильм мен сериалдар түсірілген.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button