Жаңалық

Қызылордада республикалық турнир өтті

Сыр топырағында күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерейтойына орай қазақша күрестен республикалық ашық турнир өтті.

Тоғызыншы мәрте ұйымдастырылған боз кілем бәсекесіне еліміздің барлық облыстары мен Алматы, Шымкент қалалары және қазақ күресінен ұлттық құрама командасының жас балуандары қатысты.

«Жыл сайын еліміздің барлық аймақтарынан жас балуандарымыз Алаштың Ақмешіті атанған Қызылорда қаласында бас қосып, Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы турнир аясында боз кілемге шығып, белдесіп, бақтарын сынайтын. Биыл да дәстүрден жаңылмай балуан атындағы республикалық ашық турнирді  9-шы мәрте өткізудеміз. Мұндағы басты мақсат – ұлтымыздың тамыры терең тарихын, ұлттық салт-санамызбен біте қайнасқан «Қазақ күресін» өскелең ұрпаққа насихаттау, осы арқылы олардың бойында ұлттық патриотизмді қалыптастыру», – деді қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов.

Балуандар тоғыз салмақ дәрежесінде жүлделерді сарапқа салып, шеберліктері сынға түсетін дүбірлі дода 3 күнге жоспарланған. Турнирдің алғашқы күнінде боз кілемге шығып, 90 келі салмақта бабы мен бағын байқап көрген Нұрлан Қырғызбек жарыс жеңімпазы атанған.

Нұрлан – ұлттық құрама сапында байрақты бәсекелерде ел намысын қорғап жүрген балуанның бірі.

Жарыстың бірінші күнінде мықтылық байқатып, тұғыр биігіне көтерілген балуандарды қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов, облыстық қазақ күресі федерациясының президенті Рзақұл Нұртаев марапаттады.

Айта кетейік, бұл турнир Ұлттық құрамаға кандидаттарды анықтайтын бірден-бір жарыс. Ішкі біріншілікте іріктелген жастар Ұлттық құрамаға өтуге мол мүмкіндік алып, қазақ күресінен Әлем, Азия, Европа чемпионаттарына қатысу мүмкіндігіне ие болады. Турнир жүлдегерлері сонымен бірге спорт шеберіне үміткер атағын иеленеді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button