Жаңалық

Zhas Рroject: 2,5 мыңнан астам жоба грантқа ие болды

Бүгін Нұр-Сұлтанда жастар корпусын дамытуға бағытталған Zhas Рroject жобасының төрт жылдық қорытындылары жарияланды деп хабарлайды Ruh.kz порталы.

Елордада жастар корпусын дамыту жобасы аясында тәжірибе алмасуға бағытталған конференция өтті. Шараға Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Жан-Франсуа Марто, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, Назарбаев университетінің, «Атамекен» ҰКП, ««Рухани жаңғыру» ҚҚДИ» КЕАҚ, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының, жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Конференция барысында жастар ұйымдарына әлеуметтік бастамаларды гранттық қолдау, жастарға арналған оқыту және менторлық қолдау бағдарламалары, жастардың кәсіпкерлік дағдыларын қалыптастыру, осал топтағы тұрғындармен жұмыс тақырыптарында тренингтер мен шеберлік сағаттары өткізілді.

Жастар корпусын дамыту жобасы үйлестіру агенттігінің басшысы Алена Баянбекованың айтуына қарағанда,  4 жыл ішінде 2600-ден астам жоба гранттық қаржыландыруға ие болып, бағдарламаның соңына дейін табысты жүзеге асырылған.

«Гранттық қаржыландыру аясында төрт жылда 2908 жоба жүзеге асырылды. Бағдарламаның соңына дейін 2671 жоба іске асырылды. Жобалар шеңберіндегі жұмыстар 8866 адамды қамтыды.

Біздің жобаның басты ерекшелігі сол, біз шынымен де, көмекке мұқтаж азаматтарға қолдау көрсетудеміз. Осы күнге дейін еліміз бойынша жеке тұлғалардың өз ісін бастауына тікелей қайтарымсыз қаржылай көмек берген жалғыз ұйым – біз болдық. Біздің қатысушылар гранттық қолдау есебінен 553 білім беру жобасын ашты. Олардың ішінде тілді үйрету, компьютерлік сауаттылықты арттыру курстары бар. 557 жоба ауылдарды дамытуға себеп болды. Жастар шағын сүт өнімдерін өндіретін орындарды, құс фермаларын ашты. Спорттық секциялар мен фитнес клубтарды 290 бастамашыл топ ашты. 300 жоба шығармашылық үйірмелерді (би, вокал, мәдениет, бос уақытты ұйымдастыру) құруға, 220 жоба наубайханаларды ашуға, кондитерлік шеберлік сағаттарын ұйымдастыруға бағытталды. Сонымен қатар, гранттық қаржыландыру шеңберінде 260 тігін және аяқ киім тігу шеберханалары жұмыс істеуде. Сұлулық индустриясында 140-тан астам жоба жүзеге асты», – деді Алена Баянбекова.

Мәжіліс барысында белгілі болғандай, Zhas Рroject жобасы биыл да жалғасын табады. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Баймолдиновтың мәліметтерінше, жобаны мемлекет тарапынан қаржыландыру көзделген.

««Тәуелсіздік бәрінен қымбатты» атты мақаласында Қасым-Жомарт Тоқаев дарынды да талантты жас азаматтарды қолдау мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары» ұлттық жобасын бекітуді, Президент жанындағы жастар кеңесінің жұмысын белсендетуді тапсырған еді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы «Жастарға арналған әлеуметтік қызметтер» ұғымын заңнамалық негізде ресімдеуді, жастардың даму индексін енгізуді жүктеген болатын. Қазіргі таңда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Президенттің осы бағыттағы тапсырмаларын орындауды қолға алды.

Мәселен, 2020 жылдың желтоқсанында ҚР Үкіметі алдағы 5 жылға арналған Жастарды қолдаудың кешенді жоспарын бекіткен болатын. Ол 10 бөлімнен, 50 тармақтан тұрады. Сол бөлімдердің бірі Zhas Рroject жобасына арналған. Жалпылай алғанда, 4 жыл ішінде бұл жоба өзінің тиімділігін, сұранысын дәлелдеді. Оның механизмдері мен методологиясы өңірлерде жақсы зерттелді. 3 мыңдай гранттық жобалар, 10 мыңнан астам қатысушы. Бұл – өте жақсы көрсеткіштер. Жоба әлеуметтік осал топтардың қатарындағы жастарға өзінің қабілеттерін жетілдіруге, елдің әлеуметтік-экономиалық дамуына үлес қосуына зор мүмкіндік береді. Осы ретте аталмыш жоба жалғастырылады деп жоспарлануда. Қазіргі таңда оны қаржыландыру, оған жергілікті атқару органдарын тарту мәселелері шешіліп жатыр», – деп мәлімдеді Қайрат Баймолдинов.

Еске салайық, Қазақстанның барлық облыстарын қамтыған Zhas Рroject жобасы 2017 жылдан бері іске асырылып келді. Жобаның үйлестірушісі – ҚР Білім және ғылым министрлігі. Ол жастардың қабілеттерін машықтандыруға және жобаларды басқаруға үйретуге бағытталған.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button