Жаңалық

Әнші қыз Татьяна

Дүйім қазақта үш Татьянаны білмейтіндер кемде кем болар? Қазақша ән шырқап, халықтың жүрегіне жол тапқандардың сонау кеңестік кездің 70-80 жылдары-ақ аттары шыққан еді. Ол үш Татьяна – Бурмистрова, Полтавская және Мартыненко. Тіпті бірігіп, 30 жылдан кейін, 2013 жылы Қазақ елінде концерт те қойды.

Өткенге саяхат жасап, ретроматериалдарды ақтара отырып, «Мәдениет және тұрмыс» журналының 1978 жылғы тамыздағы нөмірінен «Әнші қыз Татьяна» деген мақаланы көзіміз шалды. Орал қаласынан М.Нәбиева атты оқырман: «Қымбатты редакция! Қазақ телевизиясы ұйымдастырған «Алтыбақан» хабарларында Татьяна Бурмистрова деген орыс қызының домбырамен әлденеше рет қазақ әндерін төгілте салғаны кім-кімді де таңқалдырмай қоймаған шығар. Бірақ біз бұл жас таланттың сырын жете білмейміз. Қай жерде туып-өскен, домбырамен қазақ әндерін ойдағыдай орындауға қолы қалай жеткен?» – деп сұрақ қояды.

Редакция өз кезегінде Татьянаның суретін шығара отырып, ол туралы төмендегідей баяндайды.

«Көрермендер қол соғуын қояр емес. Сәл жымиған әші қыз саханаға қайта шықты…

-Болайын деп тұрған бала екен!

-Қазақ тілінде мүкіссіз ән салған орыс қызын алғаш естіп, көрдім, – деген дауыстар да естілді.

Көрермендер дән риза. Бұл институтаралық өнер сайысында болған еді. Осы жолы жұртты соншама риза етіп, таңдантқан әнші қыз медицина институтының студенті Татьяна Бурмистрова болатын.

Шымкент облысы, Алғабас ауданы, «Алғабас» совхозында туып-өскен Татьянаның қазақ халқы өнеріне деген сүйіспеншілігі сәби күнінен басталған-ды. Халықтың ғажап әні мен күйін беріле тыңдап, ұзақ ойларға шоматын.

Қазақ халқының дархан көңілі мен кішіпейілділігін айта келіп, Татьяна өзі жайында:

-Мен қазақ халқын туған ұлтымдай жақсы көремін. Оның қыры мен сырын жете білсем деймін. «Ән көңілдің ажары» дегендей, домбыра үнімен қазақтың хан даласын ән құшағына бөлеп, жан сырымды осы арқылы халқыма, Отаныма жеткізгім келеді. Менің үйренген ең алғашқы күйім – «Келіншек». Оны үйреткен 9 класс оқушысы Ұлбике Алтайбаева болатын. Бұл күнде мен оны ұстазым ретінде еске алып, алғыс білдіремін. Ал, менің қалың жұртшылық алдына шығып, таныс болуыма себепші болған ақын Мәриям Хакімжанова», – деді.

Автор Майра Байқұлова өз мақаласын «Иә, теледидарда көрсетіліп жүрген жастар ойыны «Алтыбақан» мен «Достық» үйінің белсенді мүшесі, озат студент Татьяна Бурмистрованың алдағы арманы асқақ. Жуырда ол туралы «Қазақтелефильм» «Татьяна Бурмистрова ән шырқайды» атты фильм-концерт түсіріп, ол да көгілдір экран арқылы көрсетілді. Осының бәрі жас өреннің өнеріне берілген лайықты баға, зор ілтипат» деп аяқтайды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button