Жаңалық

Наурыз – кеше, бүгін, ертең

Жетпіс жылдық үзілістен кейін 1988 жылы Алматыда алғаш рет Ұлыстың ұлы күні аталып өтті. Кеңес үкіметінің тұсында жастар мұндай ұлттық мерекенің барын білмепті де. Ата-баба дәстүрін қадірлеген аға буын өкілдерінің арқасында ұлық мейрам ұмыт қалған жоқ. Ресми мереке ретінде Наурыз тек Қазақстанның егемендігі жағдайында 1991 жылы тойланды. Ал осыдан біршама уақыт өткен соң, Наурыздың ауқымы ұлғайып, ол енді елімізде ресми түрде үш күн қатарынан салтанат құратын болды. «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы Жанар Боқанованың айтуына қарағанда, халқымыз жыл басын қашанда көрісу салтымен қарсы алған.

«Бүгінгі таңда көрісу салты қайта жанданды десек, артық айтпаймыз. Көрісу – бұл ұзақ қыстан кейін адамдардың бір-бірінің амандығын біліп, қауышу дәстүрі. Көшпелі өмір салтын ұстанған ата-бабамыз қыстаудан шықпай бірін-бірі көрмейтін еді. Ал күн жылынған соң, олар бірін-бірі қыстан аман шыққандығымен құттықтап, үлкендерге ізет көрсетеді, ілтипат білдіреді, олардың батасын алады, мал басын санайды. Халқымыз жақындарымен Ұлыстың ұлы күніне дейін бір-бірімен көрісуге тырысқан. Күн мен түннің көктемгі теңесуіне дайындық жұмыстары осылай жүргізіледі», – дейді спикер.

Сондай-ақ, Жанар Боқанова Наурыздың ежелгі кезеңде қалай аталып өтілгендігін де тілге тиек етті. Ол мерекенің, әсіресе, жастар үшін ерекше мәнге ие екендігін алға тартады.

«Наурыз туралы деректер грек, қытай халықтарының тарихи еңбектерінде көп кездеседі. Жылнамаларда оған «көшпенділер мерекесі» деп анықтама берілген. Сол себепті Наурыздың көне мереке екендігіне еш күмән жоқ. Көне ғасырдың өзінде оны бұқарамен мерекелеген. Кей мәліметтерге сәйкес, бұл күні патшаның өзі әр күннің бейнесі ретінде 365 балаға қызыл киім кигізіп, ойын-сауық құрған, әр түрлі театрландырылған көріністер ұйымдастырған.

Пісірілетін бауырсақтар мен шелпектердің дөңгелек формасы да күнді бейнелесе керек.

Ал жастар үшін Наурыздың орны бөлек. Бойжеткендер мен бозбалалар бұл күні бір-біріне сыйлық жасайды. Ұйқыашар қыздардың жігіттерге арнап дайындаған тағамы болса, селт еткізер – жігіттердің аруларға жасайтын тосын сыйы. Өзі ұнатқан бойжеткенге жас жігіт жүзік, білезік, алқа сияқты зергерлік бұйымдарды сыйлаған-ды. Олар бірге ән айтып, би билеп, түрлі жарыстарды ұйымдастырған, алтыбақан маңында сайран құрған», – деп әңгімеледі Жанар Боқанова.

«Рухани жаңғыру» орталығының басшысы Наурыздың бірнеше қырының барын айтады. Ғалымдардың көбі оны ғарыштық тепе-теңдік сәтімен, табиғи заңдармен, экологиялық науқандармен байланыстырады. Оның пікірінше, мереке негізінен діни емес, табиғи сипатқа ие.

«Көктемгі күн мен түннің теңесуін еуропалық кеңістікте де мерекелеген. Кейбір деректерге сүйенсек, наурыздың жиырмасыншы жұлдыздарында Ұлыбританияда табиғаттың жоғарыда аталған құбылысын ерекше қарсы алыпты.

Бүгін біз сананың ашықтығы жайлы жиі айтамыз. Белгілі этнограф Ақселеу Сейдімбек өзінің ғылыми еңбектерінде Наурызды табиғатпен байланыстырады. Ұлыстың ұлы күніне дайындықты жүргізе отырып, аталарымыз арықтарды, бау-бақшаны, ауланы, үй ішін тазалап, ағаш талдарын еккен.

Көктемгі мереке тек күн мен түннің теңесуі ғана емес, ол жер жүзіндегі теңдікті сипаттайды. Ауқатты да дәулетті адамдар көмекке мұқтаж жандарға бұл күні қол ұшын созып, қамқорлық танытқан. Міне, осындай гуманистік элементтер арқылы теңдік айнасын тапса керек. Менің айтпағым, Наурыз мейрамының гуманистік әлеуеті зор», – деп түсіндірді спикер.

Әңгіме барысында Жанар Боқанова Наурыздың нышандары жайлы мәліметтерге де тоқталды. «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы наурыз көже, жолтерек және Қыдыр ата туралы қызықты дәйектерді келтіре отырды.

«Жоғарыда айтып өткенімдей, Наурыз – көне мереке. Кейбір тарихшылардың деректерінше, ол Нұх пайғамбар тұсындағы заманнан, яғни дүниежүзілік су тасқыны заманынан бастау алады. Мәселен, мерекенің бас тағамы – 7 түрлі тағамнан әзірленетін наурыз көже Жер жүзінің үйлесімділігін білдіреді. Көже деген сөздің өзі «көк» және «же» деген екі сөзден құралған.

Міржақып Дулатов пен Мағжан Жұмабаевтың мақалалары мен еңбектерінде жолтерек туралы ақпаратты жиі кездестіруге болады. Ұлыстың ұлы күнінде жоғарғы, ортаңғы және төменгі әлемді, көк аспан мен жерді өзара байланыстыратын мифтік ағаш – жолтерек барлық жерлерде, үйлерде, көшелерде орналастырылады. Қазақ халқының нанымы бойынша бұл ағаш арқылы адамның арман-тілектері көкке жетеді-мыс.

Наурызды Қыдыр атасыз елестету мүмкін емес. Бұл – аңыз бойынша далада өмір сүретін танымал мифтік кейіпкер. Аңыздарда Қыдырға флора әлемінің ежелгі құдайы деген анықтама беріледі. Оның аяғы басқан жердің бәрі гүлдейді екен.

Қыдыр ата Ұлыстың ұлы күні алдындағы соңғы түнде, яғни 21 наурызда қырық үйді айналып өтеді деген сенім бар. Көшпелі халық Қыдыр атаның қарт адамның да, жас жігіттің де кейпінде келуі мүмкін деп сенді. Біреулер оны көрсе, енді бірі көрмейді. Алайда, бабаларымыз Қыдыр атадан бата алған адамның қашанда жолы ашық болатындығына еш күмән келтірмейтін», – дейді Жанар Боқанова.

Спикеріміздің пікірінше, 30 жыл ішінде Наурыз халықтық, бұқаралық мереке ретінде қайта жаңғырды. Ал бүгінгі сандық технологиялар заманында Наурыз мерекесі ауқымының шегі жоқ десе де болады.

«Кеңес үкіметінің тұсында мерекені тойлауға тыйым салынған болатын. Сол себепті аға буын өкілдері Жаңа жылды жасырын мерекелеуге мәжбүр еді. Алайда еш қиындықтарға қарамастан, біздің әкелеріміз бен аналарымыз халқымыздың рухани құндылықтары мен дәстүрлерін сақтап, өз ұрпағына аманат етті. Осының ізі болар, қазіргі күні Наурызды отбасылық мереке деп қабылдаймыз. Бір жақсысы, бүгін – жаңа технологиялар дамыған заман. Мүмкіндік болған жағдайда, Ұлыстың ұлы күні қара шаңырағымызда жақындарымызбен үлкен дастархан басында жиналып, үлкендеріміздің батасын алуға тырысамыз, бір-бірімізге жақсы тілегімізді айтамыз. Ал егер ондай мүмкіндігіміз болмай қалса, коммуникация құралдарының көмегімен  тіпті шет елдерде тұратын туыстарымыз бен достарымызды ұлық мерекемен құттықтаймыз. Біз сапарға шықпай-ақ, телефон арқылы бейне қоңырау шалып, жақындарымызды көре де аламыз. Қазіргі Наурыздың бұрынғы мерекеден басты айырмашылығы осы шығар.

Солай бола тұра, кеңестік дәуірге дейінгі кезеңдегідей Наурызға бұқаралық сипат та тән. 22 наурызда міндетті түрде алаңға шығамыз, киіз үй тігеміз, әр түрлі тағамдар дайындап, жарыстар ұйымдастырамыз, Жаңа жылды көппен  қарсы аламыз. Осылайша ұлы күніміз бұқаралық мерекеге қайта айналып отыр», – дейді ол.

Жанар Боқанованың келтірген мәліметтеріне қарағанда, бүгінгі таңда Қазақстанда Наурызды тойлаудың жаңа тұжырымдамасы әзірленуде. Аталмыш құжаттың негізінде қоғамды игі істерге тартуға және рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайтуға бағытталған іс-шаралар кешені жатыр.

«Наурыз мейрамының 2016 жылы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгендігін де тілге тиек еткен жөн. Тиісті өтінім Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркия, Әзірбайжан, Түркіменстан, Ауғанстан, Үндістан, Иран, Ирак және Пәкістан сияқты мемлекеттердің тарапынан келіп түскен болатын.

Ал жақында шыққан «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Наурыз мейрамын тойлау тұжырымдамасын әзірлеп, көктем мерекесінің мазмұнын байытуды тапсырғаны өзіңізге жақсы мәлім. Наурыз мейрамының негізгі мақсаты Қазақстан жеріндегі бейбітшілік пен достықты нығайту, ұлттық бірегейлікті сақтау, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, қоршаған ортаға деген қамқорлықты қалыптастыру болуы тиіс», –  деп түсіндірді «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы.

Ия, Ұлыстың ұлы күнінің қазіргі таңда Қазақстанда тұратын барлық этностар үшін бірдей қымбат екені қуантпай қоймайды. Біз ежелгі Наурыз мерекесінің дәстүрлер сабақтастығын сақтай отырып, бүгінгі қоғаммен әдемі үйлесім тапқанының куәсі болдық.

Басқа материалдар

Back to top button