Жаңалық

Ұлттық спорт бөлімі ашылды

Шаһарда  жастарды ұлттық  спортқа баулитын «Орал спорт клубының» ат спорты түрлері бойынша бөлімі ашылды.

Ұлттық спорт бөлімінің ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияров, Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй, «Qazaq kuresi» ассоциациасының басқарушы директоры Ербол Мырзабосынов, «Спорт жұлдыздары» журналының бас редакторы, қазақ журналистикасының қайраткері, қазақ спорт және туризм  академиясының құрметті профессоры Мұсағали Тасқалиев қатысты.

«Бүгін маңызды күн, тарихи сәт десек болады. Қазақта «Ер қанаты – ат» дейді. Қазақтың дәстүрінде де, тарихында да жылқының орны ерекше. Бүгін міне жарты жыл бұрын ойға алған жоспар орындалып отыр. Бұл біріншіден оқушыларымызды, жасөспірімдерімізді қасиетті жануар – атқа жақындатудың алғашқы қадамының бірі болса, екіншіден өңірімізде ат спортын жоғары деңгейде дамыту болып табылады. Осы спорт түрлерінен жұлдыздарымыз жарқырап шығады деген сенімдеміз», – деді БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Хаберұлы.

Жеке кәсіпкер Ақылбек Ишанов «Бортау» ауданынан жер алып, инфрақұрылым жасақтап, «Ишанов» жеке кәсіпкерлігін ашқан. Бүгінде бұл орынға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, «Орал спорт клубының» бөлімі ретінде қолданылмақ. Мұнда жастар «Аударыспақ», «Көкпар», «Теңге ілу», «Жамбы ату» сынды ұлттық ойындарды үйренеді.

Жас шабандоздармен әр спорт түрі бойынша жаттықтырушылар жұмыс істеп жатыр. Жасөспірімдер арасында ат спортына қызығушылық өте жоғары. Сондықтан қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі осы бағыттағы жұмысты әрі қарай дамыта бермек.

«Бөлімде ұлттық спорттың 4 түрінен: аударыспақ, көкпар, жамбы ату, теңге ілуден жаттығу жұмыстары жүргізіледі. Спорттық база барлық құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілді. Әр үйірменің жаттықтырушылары да бар. Үйірмеге 7 және 9 жастан жоғары  ұл-қыздар қабылданады.  Қазіргі таңда облыстық додаға «Орал қаласының құрама командасын» шығаруға дайындық жүріп жатыр», – дейді Орал қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Артур Шерғалиев.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button