Жаңалық

«Қазақстан жастары – 2021» Ұлттық баяндамасы талқыланды

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің қолдауымен «Қазақстан жастары – 2021» Ұлттық баяндамасының мазмұндық бөлігіне сараптамалық талқылау жүргізді.

Жиын жастар ортасындағы ахуалды сапалы және объективті сараптауды қамтамасыз ету мақсатында, оның ішінде ашық қоғамдық пікірталастар жүргізу арқылы талдау үшін ұйымдастырылды. Талқылауға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, орталық және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, жастар ұйымдары мен ресурстық орталықтардың басшылары қатысты.

Жиынға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының, ҚР Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының, «Nur Otan» Қоғамдық саясат институтының, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының және «Рухани жаңғыру» Қазақстандық қоғамдық даму институтының және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жетекші сарапшылары қатысып, өз пікірлерін білдірді.

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Аян Сакошев кіріспе сөзінде биылғы жылы Ұлттық баяндама ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын ескере отырып дайындалатынын, онда қазіргі жастардың Тәуелсіздік құндылықтары туралы көзқарастары көрініс табатынын атап өтті. Қазақстандық жастардың әлеуметтік жағдайы туралы сапалы деректерді анықтау мақсатында әлеуметтік зерттеулер мен сарапшылық және ғылыми қоғамдастықпен ашық талқылаулар өткізілетін болды.

Алғашқылардың бірі болып сөз алған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мәди Ахметов: «Екі-үш жылдың қатарында жақсы тенденция пайда болды. Қандай да бір баяндама жасалмас бұрын оны халықтың назарына ұсынып, талқылап, пысықтап алады. Бұл – ашықтық принциптерінің бірі, Мемлекет басшысы атап өткен халық үніне құлақ асатын мемлекет қағидасына толық саяды. Бұл баяндама Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты жарық көрмек. Ғылыми негізі мол, жан-жақты пысықталған, тағылымы мол баяндама боларына сенімдімін», – деп бірнеше бағыт бойынша өзекті деген мәселелер төңірегінде сөз қозғады.

Өз кезегінде, ҚР АҚДМ Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов Ұлттық баяндаманы қалыптастыру барысында әзірленген ұсынымдар мемлекеттік жастар саясатын іске асырудың маңызды практикалық құралына айналатынына сенім білдірді.

«Рухани жаңғыру» Қазақстандық қоғамдық даму институтыны КЕАҚ төрағасы Асылбек Есенбаев, институттың ағымдағы қоғамдық процестерді, оның ішінде жастар саласындағы кешенді жұмыс жалпы мемлекеттік дамудың стратегиялық бағыттарын жетілдіруге мүмкіндік беретінін атап өтті.

2013 жылдан бастап «Жастар» ҒЗО дәстүрлі түрде «Қазақстан жастары» Ұлттық баяндамасын жариялайды. Баяндамада қазақстандық жастардың тыныс-тіршілігіндегі негізгі салаларында кездесетін ахуалдарға жан-жақты талдау жасалады. Осы ғылыми жұмыстың негізгі мақсаты – мемлекеттік жастар саясаты жүйесін жастардың өзекті сұраныстары мен мүдделеріне әдістемелік қамтамасыз ету және бейімдеу.

Талқылау барысында қатысушылар мен сарапшылар тарапынан бірнеше ұсыныстар айтылып, толықтырулар енгізуді өтінгендер де болды. Жастар ұлттық баяндамасы мемлекет басшысының назарына, құзырлы органдарға, жастар ұйымдарына жолданады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button