Сұхбат

Этнографиялық экспедициялар қандай болады

Өткенді білу – өз халқына деген қамқорлық. Халықты, оның тұрмысын, салт-дәстүрін, шығу тегін тағы да басқа көптеген өмірлік мәселелерді зерттейтін этнографияның орны ерекше.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өз тамыр-тарихының тереңнен бас­тау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды», – делінген.

Осы орайда Ruh.kz порталының тілшісі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Тәттігүл Картаевадан сұхбат алған еді.

Ruh.kz: Сіздің этнография ғылымын таңдауыңызға не себеп болды?

Тәттігүл Картаева: Этнография ғылымына алғаш Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының «Этнология және антропология» бөлімінің аспирантурасында мамандандым. Ғылыми жетекшім – белгілі этнограф ғалым Нұрсан Әлімбай. Бөлімді белгілі этнограф Халел Арғынбаев басқарса, Марат Мұқанов бас ғылыми қызметкер еді. Осы бөлімде белгілі этнографтар: Серік Әжіғали, Ахмет Тоқтабай жұмыс істеп келеді. Этнограф болуды таңдауымның бір себебі, елімізде этнограф ғалымдардың тапшы болуы, ал екінші себебі өзімнің дәстүрлі қазақ ауылында туып өсуім, бала күнімнен дәстүрлі танымдарды бойыма сіңіргенім болды. Этнограф мамандығын игерудің өз қиыншылықтары бар. Толыққанды маман болу үшін, теориялық зерттеулермен қатар, далалық этнографиялық экспедициялық, яғни қолданбалы практикалық ізденістің әдіс-тәсілдерін қоса игеруің қажет. Этнографиялық экспедициялар – адамды ғылыми шыңдайтын мектеп.

Жас маман ретінде аспирантурадан соң ҚР Мемлекеттік Орталық Музейінде шыңдалдым. Қазіргі таңда Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде профессор қызметін атқарамын. «Музеология және ескерткіштану» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісімін.

Орталық этнографиялық ескерткіштерді зерттеуді және оқытуды жүзеге асырады. Кафедрамызда Әбдеш Төлеубаев, Аманжол Қалыш, Бибизия Қалшабаева сынды этнографтардың ғылыми мектебі қалыптасқан. Мен өзімнің таңдаған мамандығыма ғашық адаммын, осы мамандықтың қыр-сырын игеру мақсатында теориялық пен практикалық ізденісті қоса атқарып келеміз.

Ruh.kz: Еліміздегі этнография ғылымы қалай дамып келеді?

Тәттігүл Картаева: Этнография ғылымының қарқыны әсіресе Тәуелсіздік алғаннан кейінгі  уақыттан қарқынды даму жолына түсті десек болады. «Мәдени Мұра» Ұлттық стратегиялық бағдарламасы, «Ғылыми қазына», «Тарих жылы», «Тарих халық толқынында», «Мәңгілік Ел», «Қасиетті Қазақстан», «Рухани жаңғыру» бағдарламаларының іске асуы этнография ғылымының зерттелмей келе жатқан тұстарын жаңа ғылыми көзқарас пен зерттеуге негіз болды. ҚР Білім және Ғылым министрлігі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан 1 жылға және 3 жылға бағытталған ғылыми зерттеулерді қаржыландыру конкурс негізінде жүзеге асып отырады. Әрине, этнографиялық іргелі зерттеулер де мемлекеттік қаржыландыру есебінен жүзеге асырылып келеді. Елімізде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дан басқа Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында, ҚР Мемлекеттік Орталық Музейінде, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінде, ҚР Ұлттық Музейінде этнографиялық мектептер қалыптасқан. Әр этнограф ғалымның өз зерттеу нысаны, өзінің ғылыми мектебі болады. Қазіргі таңда елімізде тарихи этнография бағытына да, әлеуметтік этнография бағытына да сұраныс жоғары. Тәуелсіздік жылдарында «музейлік этнография» бағыты дамуыдың жаңа сатысына көтерілдіі.

Қазақстанның әр өңірінің өзінің ғасырлар бойына қалыптасқан этнографиялық аймақтық ерекшелігі бар. Аймақтық ерекшеліктер әлі күнге толық зерттелмеген. Қазақ халқының әртүрлі өңірлерде аймақтық ерекшеліктерге қарай қалыптасқан тарихи мәдениеті, ру-тайпалық құрамы мен дәстүрлі шаруашылықты жүргізу ерекшеліктері, материалдық және рухани мәдениеті аса күрделі ғылыми зерттеулер қатарына жатады. Осыған байланысты қазақ халқының бір аймақтағы сан ғасырлық тарихы, олардың қоныстану тарихы мен олардың этнос­тық құра­мы, саны, тұрмысы, дәстүрлі шаруашылығы, қоғамдық қатынас­тары, материалдық мәдениеті, соның ішінде баспанасы, тұрмыстық бұйымдары, киім-кешектері, тағамдар жүйесі, рухани мәдениеті, яғни отбасылық әдет-ғұрыптары, халықтық білімдер жүйе­сі, наным-сенімдері, некелесуге, өлікті жөнелтуге қатысты жосын-жоралғылары қамтылады. Өңірдің аймақтық ерекше­лігін көрсететін байырғы этнографиялық ұғымдар мен категория­ларды жинақтап, бір арнаға тоғыстырып жүйелеу, осыған орай жергілікті этнографиялық сөздерді жинау, яғни тіл ерекшеліктері сияқты іргелі тақырыптарды ғылыми тұрғыда зерделеу маңызды шара болып табылады. Бүгінгі ғылым тарихымызды ұлттық мүдде мен еліміздің ізгі­лікке, елдікке ұмтылуының үздіксіз процесі, өткені мен бүгінгісінің сабақтасып, астасып халық жадында жаңаруы тұрғысынан қарас­тыруды талап етеді. Әсіресе жекелеген аймақ қазақтарының этно­саяси, этномәдени, этношаруашылық, әлеуметтік-демографиялық тенденцияларын ғылыми біртұтас зерттеу, яғни қазақ жерінің әр аймағында өмір сүрген қазақтардың аймақтық ерекшеліктерін негізге алып, тарихи этнографияны ғылыми-теориялық, ғылыми-практикалық игеру отандық этнология ғылымында басты орынға шығып отыр. Этнография ғылымы бойынша мамандық ашу, ғылыми жобаларды қаржыландыру істерінің мемлекет тарапынан қолдау табуының өзі этнография бағытын дамыту ісінің мемлекет назарында екенін дәлелдейді.

Ruh.kz: Этнограф кадрларын даярлауда елімізде қандай шаралар атқарылып жатыр?

Тәттігүл Картаева: Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде этнограф кадрларды дайындау қазіргі таңда Тарих факультетінің, Археология, этнология және музеология кафедрасының «Этнология және антропология» оқу бағдарламасы аясында атқарылады. Мамандыққа даярлау бакалавриат, магистратура, докторантура сатылары бойынша жүргізіледі.

«Этнология және антропология» мамандығының докторантура сатысында PhD – философия докторы ғылыми дәрежесін алу үшін докторлық диссертациялар жазылып, бірнеше жас ғалым қатары отандық ғылым мектебіне қосылды. Факультетте Республикалық «Археология, этнология және антропология» институты жұмыс жасайды. Этнология  Білім алушылардың практикалық қолданысына «Этнография» оқу-әдістемелік музейі пайдалануға берілген.

Сондай-ақ Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия университетінде, Е.А.Букетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университетінде, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінде «Археология және этнология» мамандықтары даярланады. Магистратура, докторантура бағытында білім алушылардың шетелдік ғылыми ортадан тағылымнамадан өтуі де мемлекет тарапынан қаржыландырылады.

Ruh.kz: Елімізде жүзеге асырылып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының ұлттық этнографияны өркендетудегі ықпалы қандай?

Тәттігүл Картаева: «Рухани жаңғыру» бағдарламасы Ұлттық этнография ғылымының пәнаралық байланыстар тоғысында зерттелуіне зор серпіліс берді деп айтуға толық негіз бар. Атқарылған іс көп.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Қасиетті Қазақстан» жобасы бойынша киелі, қасиетті деп танылған жерлердегі ескерткіштерді этнографиялық тұрғыдан зерттеуге, яғни құлпытастардағы, кесенелердегі символдар мен атрибуттардың мәнін ашуға, әулиелік культке айналған тұлғалардың жерлеу орындарына қатысты атқарылатын ғұрыптар жүйесін зерттеуге отандық этнографтар атсалысты.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде, Археология, этнология және музеология кафедрасы жүзеге асырып отырған тек соңғы жылдардағы іргелі жобаларға тоқталар болсақ «Қазақстанның аридтік аймақтарында сумен қамтудың дәстүрлі әдістері: этнологиялық және геоархеологиялық тұрғыда қарастыру» (2018-2020); «Қазақстанның шөлді атырабтарының егіншілік-малшаруашылық ландшафтарын этнографиялық және геоархеологиялық зерттеу: игеру мен бос қалдырулардың тарихи себептері»  (2020-2022) атты іргелі ғылыми-зерттеу жобаларын оңтайлы жүзеге асырылып отыр.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2019 жылы маусым-тамыз айларында Батыс Қазақстан облыстық Хан Ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығының басты кешені Жәңгір ханның резиденциясында болған, уақытында Хан ордасын сумен қамтамасыз еткен «Хан құдығы» және  «Хан мешіті құдығы» құрсаулы ағаш шелегімен бірге қайта қалпына келтіріліп, пайдалануға берілді. Сонымен қатар осы музей-қорыққа Бөкей Ордасын 1801-1845 жылдары басқарған Бөкей хан, Шығай хан, Жәңгір ханның билік атрибуты болып саналатын мөрлерінің қайта қалпына келтірген нұсқасын жасалып, табысталды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2018-2020 жылдары «Сыр-Арал өңірі», «Хан Ордасы», «Ақтөбе», «Маңғыстау», «Ұлытау» далалық этнографиялық экспедициясы жүргізілді. 2021 жылдың алдымыздағы тамыз айында «Шу, Мойынқұм», «Қызылқұм», «Арал құмды, шөлді мекендері» тақырыбымен далалық этнографиялық экспедиция жоспарлануда.

Ruh.kz: Сұқбатыңызға рақмет! Жоспарланған жұмыстар жемісті болғай!

Басқа материалдар

Back to top button