Жаңалық

«Мен қазақша сөйлеймін» акциясы қорытындыланды

«Мен қазақша сөйлеймін» республикалық акциясы қазақ тілінің дамуына елеулі үлес қосып жүрген этнос өкілдерін біріктірді.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев өзінің бір сұқбатында: «Бүгінде мемлекеттік тілді білетін қазақтың да, өзге этнос өкілдерінің де үлесі едәуір артты. Қазақ тілін, шын мәнінде, бүкіл халқымызды біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тәсілдері және кепілдіктері қалыптасты», деген еді.

ҚР Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба құттықтау сөзінде: «Тіл мәдениеттің негізгі элементі және ұлт пен оның бірлігін қалыптастырудың мүлтіксіз шарты болып табылады. Қазақ тілін сақтау және дамыту біздің мемлекетіміздің мәдени саясатының аса маңызды міндетін құрайды. Сіздер де мемлекеттік тілдің сақталуы мен дамуына баға жетпес үлес қосып отырсыздар», деді.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу шеңберінде өткізілген акцияға еліміздің 14 өңірінен 171 адам қатысты. 19 этнос өкілдері белгілі қазақ ақындарының туған ел, туған жер, ана тілі тақырыбындағы жыр жауһарларынан үзінділерді мәнерлеп оқыды. Өз өлеңдерін оқыған дарынды қатысушылар да болғанын атап өткен жөн.

Шараға қатысушылардың басым көпшілігі Қостанай, Жамбыл, Түркістан, Қарағанды, Ақтөбе облыстарынан. Барлық материалдарды мұқият зерделеген қазылар алқасының шешімімен Саметова Хамида (ШҚО), Кочеткова Галина (Ақтөбе обл), Кефер Ольга (Ақтөбе обл), Корчемкина Анна (БҚО), Адеева Масрур (Шымкент қ.) акция жеңімпаздары атанды.

Ынталандыру дипломдарымен Виктория Дорошко (Қостанай обл), Мариям Точиева (Ақмола обл), Кахрабо Юлдашева (Нұр-Сұлтан қ.), Анюта Трегуб (Ақтөбе обл), Анастасия Гросс (ШҚО), Индира Бельская (ШҚО), Мажит Герфанов (Қостанай обл), Светлана Тарасова (Нұр-Сұлтан қ.) марапатталды.

Естеріңізге сала кетейік, акцияның келесі кезеңі құқық қорғау, ішкі істер органдары өкілдерінің арасында өтеді (6 тамыздан 6 қыркүйекке дейін).

Қатысушылардың материалдары Instagram желісінде #менқазақшасөйлеймін2021 хештегі бойынша қолжетімді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button