Жаңалық

Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына – 90 жыл

Бүгін Алматыда көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі ғалым Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 90 жыл толуына орай республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Ғылыми конференция барысында О. Сүлейменов, М. Жолдасбеков, М. Жұрынов, С. Терещенко, Қ. Сұлтанов сынды белгілі қоғам қайраткерлері сөз алып, айтулы тұлғаның еңбегі туралы естеліктерімен бөлісті.

«Өзбекәлі Жәнібековтің атқарған жұмыстарын біз енді түсініп жатырмыз. Оның тікелей араласуымен Алаш арыстары ақталған еді. Бұл іспен ол тынымсыз еңбек етті. Оның арқасында Шәкәрім, Мағжан Жұмабаев және т.б. есімдері елмен қайта қауышты. Мұндай басшылар бізге керек еді, бүгін де керек және әрқашан қажет болады. Сондықтан да біз Өзбекәлі Жәнібековті осы типтегі басшы ретінде үнемі еске аламыз», деді, Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Сүлейменов.

Мырзатай Жолдасбеков Өзбекәлі Жәнібековпен бірге жұмыс істеген кездерін еске алды.

«Мені қасынан қалдырмайтын, ел аралап бірге жүрдік. Қазақтың ой-санасы туралы айтқанды жақсы көретін. Сөйлеп кетсе, кеудесі кеңсарай еді. Өзі тарихшы, этнограф болды. Бірталай кітаптар жазды. Жаны таза адам еді. Мемлекет мүлкіне еш қол сұқпаған адам», деді ол.

Сенат депутаты Алтынбек Нұхұлы Арыстан баб қорық музейі маңындағы жабылып қалған Өзбекәлі Жәнібеков музейі тарихи-этнологиялық сипатта қатарға қайта қосу, Түркістан қаласында кең көшеге есімін беріп, ескерткішін орнату, 5 томдық шығармалар жинағын толықтырып жарыққа шығару және өмірінен деректі кино туындылар жасау, өзі оқыған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Өзбекәлі Жәнібеков атындағы аудиторияны ашу, сондай-ақ халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізу туралы ұсыныстарын жеткізді.

Алқалы жиын барысында Қаныш Сәтбаевтың мемориалдық мұражайы тарапынан ҚР Мемлекеттік мұрағатынан алынған құжаттар мен фотосуреттер қойылған Өзбекәлі Жәнібековтің өмірі мен қайраткерлік қызметіне қатысты көрме ұйымдастырылды.

Олардың қатарында Бүкіләлемдік ЮНЕСКО тізіміне енген мәдени мұра құжаттарының көшірмесі бар. Өзбекәлі Жәнібеков қазақ халқының ұлттық мәдениетінің, ана тілінің, дәстүрі мен әдет-ғұрпының жаңарып, дамуына елеулі үлес қосты. 20 ғасырдың 70-жылдарының өзінде-ақ Қожа Ахмет Иасауи кесенесінің қалпына келтірілуіне ұйытқы болып, оның бастамасымен Қазақстанның көптеген қалаларында этнографиялық мұражайлар ашылды, Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштерін сақтау мен қалпына келтіру мақсатын көздеген «Арқас» қоғамы құрылды. Сонымен қатар «Шертер», «Адырна», «Алтынай» сынды көптеген фольклорлық өнер ансамбльдерін ұйымдастырды. «Наурыз» мейрамының, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Ш.Құдайбердиев есімдерінің халқына қайта оралуына белсене ат салысты. Ана тілін дамыту бағдарламасының мемлекеттік тұжырымдамасын жасауға қатысты.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button