Жаңалық

«Көгентүп» салтын білесіз бе?

Қазақ қонағын Құдайындай сыйлап, несібеден қақпаған. Әсіресе үйге келген жас балаға ерекше көңіл бөліп, бәйек болған.

Осыған байланысты халқымызда жас балаларға арналған түрлі дәстүрлер бар. Солардың бірі – көгентүп.  Ол ағайын-туыс арасындағы ауызбіршілікті нығайтуда ерекше рөл атқарады.

Көгентүп – сыйға тартылатын төрт түлік малдың төлі. Ата-бабаларымыз жекжат-жұрағат, дос-жаранның шаңырағына алғаш рет аяқ басқан баласына: «Үйімізге бірінші рет келген кішкентайдың қадамы құтты болсын», деп мал атаған. Бұл салт бүлдіршінімен қонақтап жүрген ата-ананың дәулетінің жоқтығынан емес, дарқан көңілді қазақтың бала қадамына ерекше мән беріп, сәттілік тілеген таза пейілінен шыққан.

Көгентүптің этимологиясы

Салт атауының пайда болуына «көген» сөзі негіз болған. Қазақ «көген» деп қозыларды байлайтын қысқа жіптерді атайды. Оның бір ұшы түйіншекті, ал екіншісі сол түйіншек кигізілетіндей сақиналы болады. Бұрын осы құрал қой-ешкі сауған кез келген қазақ үйінде бар еді.

Әлқисса

Әйгілі күйші, композитор Дина Нұрпейісованың «Көгентүп» атты күйі бар. Кезінде халық әртісі туындысының шығу тарихын көрнекті ғалым Ахмет Жұбановқа айтып берген.

«Абысыным Кербездің бір отар қойы болатын. Қозылардың соңында малшының кішкентай баласы жүруші еді. Көктем. Қой жаңа қоздап, қозыны енді көгендеп жатқан кез. Салтымыз бойынша Кербез балалардың біреуіне қозы сыйлауы тиіс еді. Мен сыйды кішкентай шопанға беруді ұсындым. Оның өте қайғылы әнді шырқайтынын жиі еститінмін. Абысыным өтінішімді орындады. Бала менің айтқанымды сезді ме, алдымен маған, содан кейін Кербезге алғысын жаудырды.

Мен одан жалғыз қалғанда үнемі шырқайтын әнін айтып беруін сұрадым. Бала аз ғана уақыт ұялып тұрды да, келісімін берді.

Бұл «Ақ қозы» деп аталатын ән екен. Жас шопан оны бір жыл бұрын қайтыс болған анасынан естіген көрінеді. Туындының аты мазмұнымен жымдасып жатыр. Айтуынша, ол – шешесін қасқыр жеген жетім қозыға арналған шығарма. Бала өзін сол ақ қозыдай, ал байларды қасқырдай көріп, әнді ерекше сезіммен шырқап берді. Жас талант жан дүниеме ерекше әсер еткендіктен, «Көгентүп» деген күй шығардым», – дейді сазгер.

Көгентүп көшпелі өмірдің қиын-қыстау кезеңінде қазақтың жақынына, отбасы құндылығына, өз тарихына  құрметпен қарағанына тағы бір мәрте көз жеткізуге мүмкіндік береді. Халқымыздың бірлігі көңілді сыйлай білуінде жатса керек.

Өкінішке қарай, бүгінде ескіден келе жатқан салтты бірі білсе, бірі білмейді. Жаһандану заманында бір-бірімізге сый-сияпат көрсетпек түгілі, жылы сөз айтуға уақыт таба алмай жүргеніміз жасырын емес. Ұлттың қадір-қасиетін сақтаған бабаларымыз қандай текті болған?!.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button