Жаңалық

Жас ғалымдар. ТМД үздігі кім?

Әлиханов Қуантар Дәуленұлы – Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті, «Клиникалық ветеринариялық медицина» кафедрасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор, ТМД бойынша 2021 жылдың үздік жас ғалымы.

Оның «Инфекциялық аурулардың алдын алу және жоюға арналған қауіпсіз қосылыстар негізінде заманауи залалсыздандырғыш заттарды дайындау» ғылыми жобасы қолдау тауып, Елбасы қоры жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу жобалары мен жұмыстарын қаржыландыруға арналған грантын жеңіп алды. Ғалым өз өнертабыстық жетістіктерімен бөлісе отыра, өз мақсаттары мен мемлекет қолдауы, Отандық ғылым болашағы туралы сөз қозғады.

«Қазіргі таңда 3 өнертабыстық патент және 2 авторлық куәліктің иесімін. Тағы 2 патентке өтінім берілді. Өнертабыстық өнімдердің жарық көруіне әріптестерім де ықпал етті. Препараттар әртүрлі инфекциялық аурулардың алдын алуға және оларды жоюға бағытталған. Сол арқылы малда кездесетін түрлі жұқпалы аурулардың алдын алып, сауықтыру шараларын жүргізуге болады. Сонымен қатар қоршаған ортаға зиян келтірмейді. Даярланған өнімдеріміз тиімді дизинфекциялық заттар, олардың бактерицидтік қасиеті жоғары, уыттылық класы төмен, антикоррозиялық қасиетке ие, экономикалық жағынан қолжетімді препараттар. Олар тек құрамы, қасиеті және әсер ету аясы бойынша бір-бірінен ерекшеленеді», – дейді Қуантар Әлиханов.

2020 жылы Нұрсұлтан Назарбаев қоры грантын жеңіп алдыңыз. Бұл қаржылық қолдаудан соң жоба ауқымы қаншалықты кеңейді? Грант қандай мүмкіндіктер сыйлай алды?

– Осыдан үш жыл бұрын ғылыми-зерттеу жұмыстарымның нәтижелерін тек Алматы мен Жамбыл облыстарындағы шаруа қожалықтарының өндірісіне енгізіп көрдік. Соған орай Жамбыл облысындағы Құлан ауданының әкімімен инвестициялық жоба әзірледік, бірақ ондағы басшылықтың өзгеруіне байланысты жоба жалғасын таппады. Ал 2020 жылы Елбасы қоры ұсынған қолдау негізінде инфекциялық ауруларды жою мен олардың алдын алу мақсатында заманауи залалсыздандырғыш препарат дайындалды. Өндірісте қолданып, ветеринариялық бақылау және қадағалау нысандарында сынақтан өткіздік. Нұрсұлтан Назарбаев қорының материалдық-демеушілік көмегі менің ғылымдағы идеяларымды іске асыруға, басқа да жобаларды қолға алуыма серпін берді, қызығушылығым одан әрі артып, мемлекет қаржыландыратын ғылыми жобаларға өтінімдер бере бастадым.  Нұрсұлтан Назарбаев қоры грантын иеленгеннен соң, 5 айдан кейін Білім және ғылым министрлігінің жас ғалымдардың ғылыми жобаларына арналған гранттық қаржыландыруға ие болдық. Қаржыландырудың арқасында 2 өнімді құрастыру үрдісі жалғасын тапты. Осылайша бірнеше дезинфекциялық препараттардың зертханалық үлгілерін даярлап, енді тауарлық белгісін алуға дайындық жұмыстарын бастадық. Жоғарыда айтып өткен Алматы, Жамбыл облыстарынан бөлек, Қызылорда, Түркістан, Қостанай және Орталық Қазақстан облыстарындағы ветеринариялық бақылау нысандарында да өндіріске енгізу жоспарлануда. Алдағы айларда аталған өңірлерге ғылыми іс-сапарға барып,  өндіріс актілерін толтыру жұмыстары басталмақ.

– Сіздер әзірлеген Отандық өнімнің дистрибьютерлік жолмен келетін шетелдік препараттардан артықшылығын айтып өтсеңіз.

– Біздің ғылыми жоба жұмыс тобының даярлаған дезинфекциялық препараттардың бактерицтік қасиеті, яғни қауіпті микроағзаларды өлтіру қасиеті 95%-дан жоғары, уыттылығы төмен, жануарлар тұрған ғимараттар мен мал қораларын технологиялық үрдісті тоқтатпай-ақ залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді, сонымен қатар жоғарыда келтіргендей, экологиялық қауіпсіз, фермерлер мен тұтынушыларға экономикалық жағынан тиімді. Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті зертханаларында даярланған препараттар дизинфекциялық өнімдерге қойылатын талаптарға сай келеді. Елбасымыз және мемлекет басшысы өз Жолдауларында айтып жүргендей, отандық өнімді қолдау керек, ол үшін осылай отандық ғылымды қолдау керек, сонда ғылыми зерттеу нәтижелері өндіріске енгізіліп, шағын және орта бизнес дамып, нарықта импортталып келген шет елдік тауарларға бәсекелес бола алады. Қазіргі таңда Отандық өнімді насихаттау шараларын қолға алудамыз, осы мақсатта Алматы хайуанаттар бағымен ауызша келіссөз жүргіздік. Олар тек өнімді даярлауға кететін шығынды өтейді, қалғаны тегін. Бұл бір тарапқа көрсетілген көмек болса, екінші жағынан жас ғалымдарға, білімгерлерге тәжірибе болады. Өзара көмек арқылы біздің ғылым, бизнес алға жылжиды деп сенемін. Жұмыс тобымен даярланып жатқан препараттар тек мал шаруашылығы, ветеринария саласында ғана  емес, коронавирустық инфекция сияқты әртүрлі аурулармен күрес барысында әлеуметтік нысандарға да пайдалануға әбден болады.

2021 жылдан бастап тұңғыш жас ғалымдарға арналған БжҒМ қаржыландыратын гранттық жобаларға өтінімдер қабылданып, бірнеше жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстары қолдау тапты. Әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымның тағылымдамадан өтуіне мүмкіндік беріліп, «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін 1000 грант бөлініп отыр. Қазіргі таңда университет қабырғасында жас ғалымдарға ғылыммен айналысуға толық мүмкіндік қарастырылған, заманауи иновациялық ғылыми-зерттеу орталықтары мен зертханалар әлемдік деңгейде ғылыми жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай үздік 30 жас ғалым, үздік 30 стартап жоба, үздік 30 патент сынды жобалардың тұсауы кесілді. Жоғарыда айтып өткен ғылыми жобаның аясында университет іргесінде дезинфекциялық препараттар даярлайтын ғылыми-өндіріс орталығын ашу жоспарлануда.

Басқа материалдар

Back to top button