Жаңалық

Турист күнделігі: Тараз

Тараз – еліміздің ең көне қалаларының бірі. Оның атауы Әулие Атадан бастап, Талас, Наманган, Йени-Тараз, Жамбыл, Мирзоян болып өзгеріп отырған. Шаһар бірнеше ғасырдан бері түсті металлургияның маңызды орталығы болып келеді. Қала орналасқан Жамбыл облысы Қазақстан аумағының 5% -дан астам бөлігін алып жатыр.

Қалай жетуге болады?

Таразға тікелей рейспен Нұр-Сұлтан қаласынан ұшып келуге болады. Назарларыңызға қазан айына арналған авиабилет құнын ұсынамыз.

Нұр-Сұлтан – Тараз (18 000 – 25 000 теңге). Ұшу уақыты – 1 сағат  55 минут.

Алматы – Тараз (21 000-25 000 теңге). Ұшу уақыты – 9-14 сағат.

Шымкент – Тараз (38 000-41 000 теңге). Ұшу уақыты – 8-14 сағат.

Орал – Тараз (41 000-45 000 теңге). Ұшу уақыты – 13-21 сағат.

Әуежай қаладан 15 км қашықтықта орналасқан.

Пойызбен барам десеңіз

Алматы – Тараз: плацкарт – 2 800-3 500 теңге, купе – 4 100-5 000 теңге. Жол жүру ұзақтығы – 7-9 сағат.

Нұр-Сұлтан – Тараз: плацкарт – 4 900-5 900 теңге, купе – 7 500-8 800 теңге. Жол жүру ұзақтығы – 18-19 сағат.

Шымкент – Тараз: плацкарт – 1 900-2 000 теңге, купе – 2 700-3 000 теңге. Жол жүру ұзақтығы – 3-4 сағат.

Қарағанды – Тараз: плацкарт – 4 300-5 000 теңге, купе – 6 700-7 500 теңге. Жол жүру ұзақтығы – 14 сағат.

Ақтөбе – Тараз: плацкарт – 7 600-8 300 теңге, купе – 11 000-12 000 теңге. Жол жүру ұзақтығы – 1 күн 9 сағат.

«Сайран» автобекетінде Алматыдан Таразға қатынайтын көліктер мен автобустар бар. Такси бағасы – 5 000-6 000 теңге, автобус бағасы – 3 500 теңге. Шымкенттен Тараз қаласына көлікпен барам десеңіз, жүргізушіге шамамен  2 000-3 000 теңге төлейсіз.

Қайда тұрақтауға болады?

«Уютный дом» қонақүйі ерекше танымалдылыққа ие. Ол әуежайдан 15 минуттық жерде орналасқан. Бір күнге қонақтау 13 мың теңгеден басталады. Тұтынушыларға тегін WiFi, таңғы ас, көлік қоятын орын ұсынылады.

«Pride Hotel» отелі әуежайдан 7 км қашықтықта орналасқан. Әрбір бөлме кондиционер, жалпақ экранды теледидар, тоңазтқыш және киім шкафымен жабдықталған. Нөмір бағасы 14 мыңнан жоғары.

«Керуен» қонақүйіндегі бағалар 10 мың теңгеден басталады. Барлық аумақта Wi-Fi жұмыс істейді. Жуынатын бөлмелерде тегін дәретханалық керек-жарақтар бар.

Үлкен компаниямен сапарға шықсаңыз, пәтер жалдауға кеңес береміз. Бір тәулік тұру құны 3 500 теңгеден басталады. Ал бір бөлмелі үйді ұзақ мерзімге жалдау орташа есеппен 35 000-50 000 теңгеге шығады.

Көрікті жерлері:

Тектұрмас кесенесі. Талас өзенінің оң жағалауында орналасқан бұл сәулет ескерткіші қаланың қасиетті орны болып саналады. Осы жерден Қаратау мен Талас Алатауының тамаша панорамалық көрінісі ашылады. Қазіргі таңда ол туристік нысанға айналды. Тұрғындар мен қонақтар кесенені қасиетті санағандықтан, басына келіп, дұға-тілектерін оқиды.

«Шахристан» тарихи-мәдени орталығы. «Көне Тараз» этно-тарихи кешенінің жалғасы болып саналатын бұл жердің аумағы 200 гектарға созылып жатыр. Ол бұрын базар болған еді. Қазіргі таңда орталықта көлемді сағат стелласы, мейрамхана мен шеберхана бой көтерді.

Махаббат аллеясы. Демалыс орнында Болат Карентаев пен Айнұр Сүлейманованың сезім тарихын еске алуға арналған «Махаббат символы» монументі орнатылған.  «Болашақ» бағдарламасы арқылы Лондонның Кардиф университетінде білім алған қос ғашық некелерін қиғызу үшін елге келе жатқан бетте ұшақ апатынан қаза тапқан еді. Құтқарушылар оларды су астынан ортақ белдік тағынған, жұптары жазылмаған күйінде табады. 2007 жылы Жамбыл облысының бірнеше қоғамдық ұйымдарының бастамасымен Болат пен Айнұр атындағы аллея ашылды.

Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану мұражайы. Өңірдің бай тарихымен танысқыңыз келсе, мұражайға баруға кеңес береміз. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының негізі 1931 жылы қаланған. Оның қорында 30 мыңнан аса экспонат бар. Мұражайдың басты қазынасы – бүтіндей коллекцияны құрайтын Көне Тараз жәдігерлері.

Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағы. Тараздықтардың сүйікті демалыс орнының бірі – «Жеңіс» саябағы. Аумағы 15 гектарлық жерде «Ерлік» мемориалды кешенінің нысандары, Ұлы Отан соғысына қатысқан 68 мың жамбылдықтың есімі жазылған «Жауынгерлік даңқ аллеясы» мемориалды композициясы бар. Орталықта қазақтың батыр ұлы Б.Момышұлының балалық шағынан бастап өмір жолын бейнелейтін көркемсурет бұрышы ұйымдастырылған.

Тараздың тарихи орталықтары:

  1. Ежелгі Тараз қалашығы
  2. Айша бибі кесенесі
  3. Бабаджа-қатын кесенесі
  4. Қарахан кесенесі
  5. Ақыртас сарай кешені
  6. Дәуітбек кесенесі
  7. Төрткөл, Құлан, Меркі қалашықтары.

Қайдан тамақтануға болады?

«Бобур» мейрамханасы. Орташа чек – 4 000 теңге.

«БеРаДу» кафесі. Орташа чек – 5 000 теңге.

«KishMish» отбасылық мейрамханасы. Орташа чек – 1 500 теңге.

«Chechil Pub» кафесі. Орташа чек – 3 000 теңге.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button