Жаңалық

Жасанды интеллект әлемді қалай өзгертеді?

Берік Сағитжанов – жас ғалым, бірнеше жобалардың авторы, робототехника және IT саласында жұмыс істейтін «FLYUP GROUP» компаниясының директоры. 

Тараз қаласының  тумасы қазіргі таңда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де оқытушы қызметін атқарады. Порталымыздың тілшісі болашағын жасанды интеллект саласымен байланыстырған дарынмен тілдесіп, аз-кем сұқбат құрды.

Ruh.kz: Ғылым жолына қалай келдіңіз?

Берік Сағитжанов: Бала кезімнен құрастыру жұмыстарын жақсы көрдім. Энергетика саласы өзіне ерекше тартатын еді. Осы қызығушылықтарым 11-сыныпты бітірген соң механика мамандығын таңдауыма әсер етті. Білім алу барысында бұл саланың әмбебап екенін түсініп, іздене бастадым. Бакалавриатта оқып жүріп, «Студенттердің ғылыми қоғамы» ұйымының төрағасы болдым. Ғылымға құштар жастардың басын біріктіріп, түрлі іс-шараларды ұйымдастырдық. Кейін магистратураға, одан соң докторантураға түсуге шешім қабылдадым. Бүгінде ғылым жолына жайлап-жайлап аяқ басып келемін.

Ruh.kz: Бірнеше жыл ұйым басшысы болғаныңызды айтып кеттіңіз. Осы уақыт аралығында студенттермен бірге қандай өнертабыстарды ойлап таптыңыздар?

Берік Сағитжанов: Біз негізінен командаға бөлініп жұмыс істедік. Мен жетекші қызметін атқардым. Студенттермен бірге Фараби роботы, ақылды қолғап, ақылды браслет сынды өнертабыстарды ойлап таптық.

Ruh.kz: Олардың қоғамға қандай пайдасы бар?

Берік Сағитжанов: «Ақылды қолғап» – құлағы естімейтін адамдарға арналған құрылғы. Мүмкіндігі шектеулі жан қолғапты киіп, өзгелермен ым-ишара арқылы тілдеседі. Яғни құрал ым тілін мәтіндік хабарларға аударады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде 150 мыңнан астам адамның есту қабілеті төмен. Біз осы жобаны жасау арқылы қоғамға кішкентай да бір пайдамызды тигізгіміз келді. Сондай-ақ нейрожүйе арқылы жұмыс істейтін протезді де жасадық.

«Ақылды жүйе» атты өнертабысымызды қашықтан басқаруға болады. Телефон қосымшасының көмегімен қожайын үйдің температурасын, ылғалын бақылай алады. Егер төтенше жағдай орын алса, оған бірден сигнал келеді. Құрылғы үй есіктерін автоматты түрде аша алады.

Қазақ ұлттық университетінің командасымен Робот Гумонойт жобасын қолға алып, Фараби деген есім бердік. Өнертабысымыз түрлі сұрақтарға жауап беріп, патриоттық әндерді айта алады. Қазіргі таңда аяқ қозғалысын күрделендіруге тырысып жатырмыз.

Ruh.kz: Осыдан екі жыл бұрын аналогы жоқ ЖЭС-ке робототехника саласын енгізбекші едіңіз. Нәтижесі қалай болды?

Берік Сағитжанов: 2019 жылы робототехника бойынша түрлі жарыстарға қатысып, республика көлемінде чемпион атандым. Сол кезде жаңа салаға деген қызығушылығым оянып, тың идеялар туындай бастады. Дәл осы тақырып бойынша жазылған диссертациялық жұмысымды сәтті қорғап шықтым. Мен жел трубинасының қаншалықты айналатынын робототехниканың бір бергішін (датчигін) қосу арқылы есептедім. Оны мотордың күшімен жандырып, энергияны кішігірім аккумуляторда сақтаған болатынмын.

Ruh.kz: Ғылым жолында үлгі тұтар тұлғаңыз бар ма ?

Берік Сағитжанов: Ғылымдағы ұстазым, жетекшім – Қонақбаев Төлеген Оспанұлы. Бірге екі зерттеу жұмысын жаздық. Ол кісі үнемі бағыт-бағдар беріп, жақсы сөздерімен шабыттандарып отырады.

Ruh.kz: Болашақта қазақ ғылымына қандай жаңалық әкелгіңіз келеді?

Берік Сағитжанов: Алдағы уақытта жасанды интеллект саласының қарқынды дамуына септігімді тигізбек ниеттемін. Оның бір бұрышын ұстасам, арманым болмас еді.  IQ жоғары, ғылымға құштар жастардың басын республика бойынша бір арнаға тоғыстыруды да көздеп отырмын.

Ruh.kz: Әңгімеңізге рақмет! Жұмысыңызға сәттілік тілеймін!

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button