Жаңалық

Шотландиядағы білім беру жүйесі қандай?

Қазіргі жастар Еуропадағы белді университеттердің грантын иеленіп, жақсы білім алуды армандайды. Десе де шетелде оқудың талаптары мен ондағы жағдайларды біле бермейді. Соның негізінде Шотландия астанасы Эдинбург қаласында Heriot-Watt University-де білім алып жүрген қазақстандық студент Ешмағанбетов Құрманбекпен тілдестік. Отандасымыз шетелдік білім беру жүйесі мен «Болашақ» бағдарламасы» туралы сыр шертті.

Құрманбек Ешмағанбетов – Heriot-Watt University оқу ордасында инженерия, геология және инфрақұрылым факультетінің докторанты. Докторант оқу ордасында project management атты тақырып бойынша ғылыми жоба қорғап, ЖОО арасында үздік боп суырылып шыққан.

Ruh.kz: Шетелдік білім беру ордаларын таңдағанда нені ескеру керек?

Құрманбек Ешмағанбетов: Шетелге оқуға түскенде, тек қаланың әдемілігіне, университеттің танымалдылығына сүйену дұрыс емес. Мемлекеттің әсем қалаларына кейін саяхаттап та бара аласыз. Сіздің мамандығыңызды қаншалықты оқыта алатынын біліңіз. Университеттер рейтингін бақылап, дәріскерлермен таныс болу керек. Мен таңдаған университеттің 200 жылдық тарихы бар екен, ең мықты профессорларымен белгілі. Техникалық мамандықтарға көңіл бөледі. Екінші жағынан, қолайлылық. Менің Лондон сияқты ірі қаланы емес, Эдинбургты таңдауымның бір себебі де осы болар. Мұнда барлығы қолжетімді, отбасымен тұруға ыңғайлы мекен.

Ruh.kz: «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелдік ЖОО-да оқудағы мақсатыңыз қандай? Не итермеледі? Өз болашағыңызды қалай елестетесіз?

Құрманбек Ешмағанбетов: Білімімді тек теориямен емес, тәжірибемен шыңдап, қолданысқа енгізсем деймін. Қазақстанның 2014 жылғы қаулысында инженерия саласында өзгерістер енгізілетінін мәлімдеді. Жобалық документация, құрылыс ерекшеліктері, нормативтік базасы бойынша жаңашылдыққа зәру. Бұл өзгертулер мен даму әрекеттері шетелдік тәжірибелерге сүйенеді. Осы тәжірибе мен жинақтаған білімді елге әкелгіміз келеді. Болашақта қазақ елінің жастарына, болашақ инженер мамандарына шетелдік тәжірибе негізінде білім беру ойда бар. Мансап жолымды педагогикаға арнап, маман дайындау ісін қолға алғым келеді.

Ruh.kz: «Болашақ» бағдарламасының артықшылығы мен кемшілігі қандай?

Құрманбек Ешмағанбетов: «Болашақ» – еліміздегі ең сенімді әрі беделді бағдарлама. Бұл еліміздің имиджін көрсетеді. Студентке барлық жағдай қарастырылып, толық қамтамасыз етіледі. Көп ойлағандай, бұл бағдарламамен оқуға түсу қиын емес. Адамның шынайы білім деңгейі, IQ-і, EQ, ойлау қабілеті бойынша бағаланады, бастысы ниет пен дайындық керек. Ағылшын тілінен бөлек қазақ тарихы, Конституциямызды, мемлекет құрылымдарын білгеніңіз абзал. Мектептегі білім базасының сұрақтары келеді. IELTS, TOEFL ұпайы жоғары болса, түсу мүмкіндігіңіз жоғарылайды. Бағдарламаның берген мүмкіндіктеріне сай талаптары да көп. Сол себепті көпшілігіне қолайсыз болуы мүмкін. Мысалы үйді кепілдікке қою, грант ақысын өтеу жұмыстары. Бірақ бұл талаптарға қарсылығым жоқ, керісінше қолдаймын. Ал бағдарламаның кемшіл тұстарына адами факторлар кінәлі тәрізді. Бүгінде ондағы бюрократиялық әрекеттер, іріктеуде кететін құйтырқылықтар көптің аузында жүр.  Тағы бір кемшілігі – қағазбастылық. Документациялар білім алушыларды қажытып жібереді.

«Болашақ бағдарламасынан бөлек, студенттерге ұсынылатын гранттар мен стипендиялар өте көп. Өзіңіз ұнатқан университеттің веб-сайтынан түрлі бағдарламаларды көре аласыз. Heriot-Watt University-де 100-деген грант бағдарламалары бар. Бастысы – тіл біліп, талапқа сай болуыңыз. Одан бөлек үздік бағдарлама ретінде Erasmus Mundus, Chevening-ті атауға болады.

Ruh.kz: Қазақстан мен Шотландияның білім беру жүйесіндегі айырмашылық пен ұқсастық бар ма?

Құрманбек Ешмағанбетов: Екі ел халықтарының менталитеттері ұқсайды, ұяңдық тән. Десе де білім беру жүйесінде айырмашылық көп. Қазақстанда әлі кеңестік сана қалдықтары бар, студент ұстазға тәуелді, басы-қасында мұғалім бақылаумен болады. Ал Шотландияда барлығы еркін, әркім өзі үшін үйренеді. Мұғалім тек нұсқаушы, мұнда сіздің сабаққа қатысымыңыз, орындау-орындамауыңыз маңызды емес. Ұнағаны кітапхана 24 сағат жұмыс істейді, әрдайым ашық. Дәрістен соң тегін шеберлік сағаттар өтеді, қалаған адам жазылып қатысады. Білімге құштар болу керек. Ешкім ешкімді сүйрелемейді. Шотландияда бұл тәсіл мектептен қалыптасқан. Мектепте де балалар пәнді өзі таңдай алады. Осылайша өз болашағы үшін бала жауапкершілікті өзі арқалайды.

Сабақ барысында шынайы дүниелер беріледі. Мысалы, сабаққа белгілі бір фермер келіп, өз ұсынысы мен талаптарын айтады, ал студенттер сол бойынша сабаққа өз жобаларын ұсынып, тапсыруы тиіс. Екі тарап та бұдан жеңілмейді, біріне – тәжірибе, біріне – жоба. Университеттердің осындай мүмкіндіктері мені қатты таңғалдырды. Біз де осы әдісті қолдансақ, Отандық бизнес те, білім де дамиды. Қазақстан да осындай деңгейге жетеді деген үміттемін.

Ruh.kz: Көп-көп рақмет! Еліміздің абыройын асқақтата беріңіз

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button