Жаңалық

Герд Людвигтың қазақстандық шәкірті

Амина Байменова – Халықаралық өнер сайыстарында көпті тәнті етіп жүрген жас суретші әрі фотограф. Қазіргі таңда жас өнерпаздың фотокөрмесі мен өзі жетекшілік ететін үйірмесі бар.

Амина Байменова Ақтөбе қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы. Оның туындысы Interteach медициналық орталығы ұйымдастырған сурет салу сайысында үздік атанып, 2019 жылғы күнтізбеде жарияланған. Ол – атақты «Арт Авангард» атты Халықаралық шығармашылық сайысының ІІІ орын жүлдегері. Амина 2021 жылдың маусым айында Алматыда өткен National Geographic журналының атақты фотографы, фотожурналист Герд Людвигтың шеберлік сабағына жолдама алған.

«Бұл шеберлік сабағына қатысып, өзімнің фотоға түсіру дағдыларымды дамыта алдым. Осы сабаққа қатысуымның өзі – мен үшін жетістік. Себебі оған бәрі бірдей шақырту ала алмайды, шара қатысушыларын әртүрлі критерийлерге байланысты іріктеп алды. Мен Герд Людвигтің шәкірті болғаныма мақтанамын», – дейді Амина.

Ruh.kz: Қашаннан бастап кәсіби түрде сурет салуды қолға алдыңыз? Бұл талантты дамытуға не ықпал етті?

Амина Байменова: Сурет салуға бала кезімнен қызығамын. Мектеп жасына дейін де сурет салып, бояғанды жақсы көретінмін. Ал мектептегілер бұл қабілетімді ары қарай дамытуға себепші болды.  Мысалы, биылғы оқу жылының басында көрме ұйымдастырылды. Мектебіміздің оқушылары, мұғалімдері мен қызметкерлері суреттерімді тамашалады. Көрмедегі әрбір туындының жасалу тарихы бар, әрқайсысы мен үшін ерекше әрі маңызды.

Ruh.kz: Суретші атану үшін дарын маңызды ма, әлде еңбек маңызды ма?

Амина Байменова: Менің ойымша, сурет салу ол – дағды, яғни бұл өнерді қызығушылығы бар кез келген адам меңгере алады. Әрине, таланттың болуы да маңызды, нағыз таланттар үлкен белестерді бағындырады. Бірақ талантты анықтау үшін көп еңбек ету керек.

Ruh.kz: Бос уақытыңызда немен айналысасыз? Сурет салудан басқа қандай қызығушылықтарыңыз бар?

Амина Байменова: Сурет салумен қазір бос уақытымда ғана айналысамын. Қазір көбінесе фотосессия ұйымдастырған ұнайды. Айналамдағы ерекше сәттерді фотоға түсіремін, ақылы фотосессиялар жасаймын.  Бұған сурет салу хоббиім себепші болды. Екі өнер бір-біріне өте ұқсас. Екеуінің де нәтижесі – бір. Екеуінде де қандай да бір идеяны, ойды немесе өз сезімдеріңді жеткізе аласың. Айырмашылығы – қолданылатын құрал мен уақытта. Оған қоса сурет салғанда, сен ойыңдағы кез келген кескінді  бейнелей аласың.  Фото арқылы тек бар нәрсені көрсетеміз. Ойыңды іске асыру үшін көптеген техникалық құралдарды қолдану қажет. Фото ерекше сәттерді сақтап қалуға көмектеседі.

Ruh.kz: Болашағыңызды қалай елестетесіз? Нені мақсат етіп жүрсіз?

Амина Байменова: Фото үйірмесін жүргізудегі мақсатым – біліміммен мектеп оқушыларымен бөлісу, дағдыларды  үйрету және эстетикалық талғамын арттырып, өнерге деген қызығушылын ояту. Мен болашағымды өнермен байланыстырамын. Фото-документалист болғым келеді және кино өнері саласында еңбек етуді қалаймын. Қазақ индустриясы мен фото жанрының дамуына үлесімді қоссам, менен бақытты жан жоқ!

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button