Жаңалық

Жасауға не енеді?

ҰЗАТЫЛАТЫН ҚЫЗДЫҢ ЖАСАУЫ ҚАЛАЙ ДАЙЫНДАЛҒАН?

Әр қазақтың басты арманы – бала-шағаны өсіріп, ел қатарлы болатындай жанұялы етіп қатарға қосу. Немере, шөбере, немене сүю – қазақ үшін үлкен бақыт. Халқымыз одан кейінгі ұрпақты да көруді  армандайды. Бұл өмірсүйгіштіктің керемет белгісі.

Қызды ұл баладан артық жақсы көру

Бұндай арманның айналасында көптеген халық салты топтасқан. Осындай салттың бірі – жасау дайындау.

«Жасау» сөзі – «жаса», «үлкен ойды іске асыр», «ұзақ өмір сүр» дегенді білдіреді. Жасау дайындау – байырғыдан келе жатқан жауапкершілігі мол салт. «Алты жастан бастап жасау жинасаң, асасың, жеті жастан жасау жинасаң, жетесің» деген сөздің шығуы да бекер емес. Жасау дайындаудың мәнісінде қызға деген көңіл, оның болашақ тағдырына деген көзқарас жатыр. Қазақтардың қызға ұлдан артық көңіл бөлетіні, оларды ерекше жақсы көретіні, және де еркін өсіретіні  баяғыдан белгілі. Оның себебі  болашақта қыз «жат жұрттық» болып, басқа әулетке ұзатылуында жатыр. Сондықтан да қазақ ұзатылған қыз барған жерінде бағы ашылсын, бақытты болсын деп қолынан келгеннің бәрін жасайды.  Бұл әсіресе «жасау дайындауда» көрініс табады.

Жасау дайындаудың халық әдебиетінде көрініс табуы

Жасау «Айман – Шолпан» жырында былайша суреттеледі:

Көтібар Айманды ұзатты Әлібекке,

Атақты өзі батыр асыл текке.

Жүз-жүзден кілем, тон мен ішік қылып,

Арттырды елу нарды әділетке.

80 нарға артылған бай жасау туралы «Қыз –Жібек» эпосында да айтылады.

Құда түсуден кейінгі жасау дайындау 

Жасау дайындығына қыз жақ, әсіресе, құда түскенннен кейін белсене кіріседі. Қыздың анасы жасауға зат қосқан туыстарына емеурін танытып, қонаққа шақыратын болған.

Жасау дайындауға шебер тігінші, кілем тоқи алатын туыс, көрші әйелдер, қыздың құрбылары қатысатын болған.

Қыздың анасы бұндай жағдайда бақытты әйелдер мен жақсы жанұялардың қыздарын шақыруға тырысатын. Себебі олардың әрқайсысы ортақ іске жанын салып қызмет істесе қыздың болашағына оңынан әсер етеді деп сенген.

Жасау неден жиналады?

Жасауға сәукеле, әшекейлер, киім, теріден жасалған кесеқаптар, ыдыс-аяқ, төсек, киіз, сандықтар, киіз үй, күмістелген ер-тұрман, түрлі мал және басқалар да енетін.

Қыздың жасауына міндетті түрде жерге төселетін ақ кілем енген. Себебі ертеде ақ түс және қой жүні байлық пен бала-шағаның көп болуының белгісі ретінде есептелген. Осылайша қалыңдықтың болашақта көп балалы болуы мен жаңа туыстармен кілем сияқты жұмсақ мінезбен жақын болуын меңзеген.

Тарихшы Құрбанғали Халид жасаудың түрлі тоғыздан — 9түйе, 9кілем, 9 шапан және басқа тоғыздардан тұратынын жазған.

Бердалы ОСПАН

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button