Жаңалық

«Абайлаңыз, ағылшын тілі!». Жаңа кітап жарық көрді

Алматы қаласында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Абайлаңыз, ағылшын тілі!» кітабының салтанатты тұсаукесер шарасы өтті.

Кітапта ағылшын тілінің әлемдік тілге айналуы, оны үйренуде саяхаттаудың маңызы, жалпы балаға тілді қай жастан бастап оқыту керек, осы секілді бірқатар өзекті мәселелер қамтылған.

«Бастапқыда ағылшын тілінің мұғалімі ретінде еңбек етіп бастадым. Кейіннен қосымша білім беру ісін ұйымдастырушы педагог ретінде, жалпы 20 жылдан астам уақыт осы салада еңбек етіп келемін. Бұл кітап ағылшын тілін үйренушілердің ата-анасына арналған. Ағылшын тілін үйренуге байланысты отбасындағы, қоғамдағы өзекті тақырыптарды көтердік», – дейді кітап авторы Айгүл Қанатқызы.

Сонымен қатар, салтанатты шарада «Білім күш» қоғамдық қоры Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнайы жалпы орта білім беретін мектептердің ағылшын тілі пәні мұғалімдері мен оқушылары арасында ұйымдастырған Республикалық «Менің елім – Менің мақтанышым» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі де болды. Байқауда оза шапқан ұстаздар Батыс қазақстандық Сисенова Айнұр, қызылордалық Жамалбекова Нұргүл және Алматы облысынан Хамитова Меруерт арнайы Алғыс хаттармен марапатталып, естелік сыйлықтарға ие болды.

Айгүл Қанатқызы – 1978 жылы Алматы облысы, Нарынқол ауданында туған. 2011-2012 жылдары Ұлыбритания астанасы Лондон қаласында Cardiff Metropolitan университетінің бизнесті басқару мамандығы бойынша магистр дәрежесін алған. 2013 жылдан бері қарай CES for You қосымша білім беру орталығының директоры.

Кітап «Білім – күш» қорының демеушілігімен жарық көріп отыр. Қор ел аумағындағы жалпы орта білім беретін мектептердің ағылшын тілі пәні мұғалімдерінің біліктіліктерін арттыруға, тәжірибе алмасуына жағдай жасауға жұмыстанады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button