Жаңалық

Нұртілеу Иманғалиұлы атындағы оқу-шығармашылық зертхана ашылды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде белгілі журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Нұртілеу Иманғалиұлы атындағы оқу-шығармашылық зертхана  ашылды. 

Арнайы аудиторияның ашылу салтанатына Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев, Нұрғали Иманғалиұлының отбасы мүшелері, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.

«Бүгін Нұртілеу Иманғалиұлының құрметіне арналған кезекті іс-шараның куәсі болып отырмыз. Бұл – зиялы азаматқа деген қоғамның үлкен құрметін көрсетеді», – деді министр Аида Балаева.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің хабарлауынша, бұған дейін Нұртілеу Иманғалиұлы атындағы журналистика факультетінің студенттеріне арналған арнайы білім беру степендиясы тағайындалса, Парламент Сенаты «Аманат» байқауы аясында арнайы премия тағайындалды. Сондай-ақ, телевизия ардагерлері арасында волейболдан турнир ұйымдастырылған.

Нұртілеу Иманғалиұлы туралы министр Аида Балаева өз сөзінде: «Қазақ телевизиясы саласында өзіндік мектеп қалыптастыра білді. Өзіне қарап бой түзеген жас журналистер қатарынан қаншама буын шәкірт тәрбиеледі. Өмірінің соңғы айларына дейін, ауру жанына батып жүрсе де, журналистикадан кеткен жоқ. Түрлі хабарларға шығып, ой-пікірін білдіріп жүрді. Өз кәсібіне деген адалдық, журналистикаға деген құрмет осылай көрінеді», – деді.

Әріптестері мен жақындары Нұртілеу Иманғалиұлын жылы естеліктермен еске алып, оның бүкіл жасампаз өмірін тележурналистердің дамуына арнағанын, жастар редакциясынан «Қазақстан «РТРК» АҚ Басқарма төрағасына дейінгі үлкен еңбек жолын жүріп өткенін атап өтті.

Еңбек жолында бірқатар үкіметтік наградаларды, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болып, «Парасат» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталған болатын.

Басқа материалдар

Back to top button