Жаңалық

«Балалар әдебиеті жылы» қорытындыланды

Балалар әдебиеті жылы мемлекеттік тапсырыспен жарыққа шыққан 40 кітаптың тұсаукесерімен қорытындыланды. 

Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада өткен алқалы жиынға Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Парламент депутаттары, шығармашылық қоғамдастықтардың өкілдері, жазушылар мен ақындар, аудармашылар және әдебиеттанушылар, сондай-ақ, байқау қатысушылары, журналистер мен редакторлар қатысты.

Балалар әдебиеті арқылы жас буынның сана-сезімін оятып, ақыл-ойын дамыту, оларды адамгершілікке, отан сүйгіштікке, ізгі мұраттарға баулу, кітап оқуға ынталандыру мақсатында 2021 жыл «Балалар әдебиеті жылы» деп жарияланған болатын. Осы жыл шеңберінде оқырмандарды кітапханаларға тарту және елімізде оқуды насихаттау жөнінде 2021-2023 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілген-ді.

«Балалар мен жасөспірімдер арасында оқу сауаттылығын арттыру межесі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында алғаш рет «Жас қаламгер» әлеуметтік жобасы, «Қазақстанның оқырман ұрпағы – 2021» жалпыұлттық акциясы және басқа да мәдени шаралармен толықты», – деген министр Ақтоты Райымқұлова осы бағытта берілген тапсырмалар мен атқарылған жұмыстарға тоқталды. 

Атап айтқанда, NurOtan сайлауалды тұғырнамасы аясында 2025 жылға дейін еліміздің кітапхана қорын жыл сайын толтыру, оның ішінде көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтар үшін қорды мемлекеттік тілде 10%-ға ұлғайту көзделген. Мемлекет басшысы 2021 жылдың 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында «Дарынды балаларды жан-жақты қолдау қажет» деп тағы да атап өтті. Сондықтан Үкіметке жыл соңына дейін жаңа мәдениетті және оның дарынды өкілдерін ілгерілетуге бағытталған практикалық шаралар жоспарын ұсыну тапсырылды.

«Осыған байланысты министрлік құрамына мәдениет қайраткерлері, сарапшылар, мүдделі ұйымдар мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері кіретін тиісті жұмыс тобы құрылды. «Жаңа мәдениетті және оның талантты өкілдерін ілгерілетуге бағытталған іс жүзіндегі шаралар жоспары» жобасы әзірленді. Шығармашыл жастарды қолдау жоспарының жобасы аясында жастардың шығармашылық мүмкіндіктерін ашуға ықпал ететін мәдениеттің түрлі бағыттары мен жанрларын дамытуға бағытталған республикалық, облыстық және халықаралық деңгейдегі 80-ге жуық іс-шара алдын ала жоспарланып, оның ішінде жергілікті атқарушы органдар желісі бойынша 47 іс-шараны іске асыру көзделді. Сонымен қатар балалардың шығармашылық әлеуетін дамыту, халық үшін мәдениет объектілеріне қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін тиісті инфрақұрылымды дамыту жүзеге асты», – деді министр.

Министрдің айтуынша, республикалық балалар әдебиеті жылы аясында биыл 14 612 іс-шара өткізіліп, оған 861 950 адам онлайн және офлайн түрде қатысқан. Балалар мен жасөспірімдер шығармаларын, балалар әдебиетін дамыту үшін «Ер Төстік» әдеби байқауын жарияланып, балалар мен жасөспірімдерге арнап жазатын талантты қаламгерлерд анықталып, осы жиында марапатталды.

«Бүгінгі 2021 жыл – балалар әдебиеті жылын қорытындылау жиынында қоғамның назарын балалар әдебиетіне аударып, еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің болашағы білімді де білгір жастарды қалыптастырып, қолдау үшін келер жылды да балалар әдебиеті жылы деп жариялауды ұсынамын»,- деді Ақтоты Райымқұлова.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button