Ақмола облысы

БАУБЕК БАТЫР KECEHECI

Мазар Жақсы ауданы, Есіл ауылында (Қызыл Ту бөлімшесі) орналасқан.

Баубек Бекмырзаұлы 1824 жылы Көкшетау облысының аумағында дүниеге келген. Оның әкесі Бекмырза өз заманының ауқатты да атақты адамы болған. Баубек әке-шешесінен ерте айырылды. Ол тоғыз жасында белгілі хан Кенесары Қасымұлының жақын айналасына түседі. Кейіннен оның асыранды ұлы болады. Әскери істі үйренеді. Жас кезінен бастап Баубек алапат табиғи күш иесі болып, табандылығымен ерекшеленді.

Ол 15-16 жасында қырғыздармен болған ірі шайқастың біріне қатысып, атақты қырғыз батыры Отыншыны жеңіп, аты шығады. Содан бері халық оны Баубек батыр деп атай бастады. Кенесарының көтерілісін дайындау және оны өткізу кезінде оның адал көмекшілерінің бірі болды.

Кенесары көтерілісі жеңіліс тапқаннан кейін Баубек батыр өзінің көптеген тайпаласымен бірге Терісаққан өзеніне қоныс аударады. Олар болжам бойынша Терісаққан Есілге құятын тұста қоныстанған. Қазіргі Терісаққан ауылын солар құрды.

Баубек батыр өз халқының қорғаны болған, оны құрметтеген. Патша үкіметіне қарсы көтерілістерге қатысқаны үшін, сондағы ұстанған көзқарасынан таймағаны себебінен патша әкімшілігі оны Түмен облысына жер аударады, сол жақта 1884 жылы қайтыс болады.

Осылайша Баубек батырға туған жерінде жерленуі маңдайына жазылмапты. Оны тұтқынға әкетіп бара жатқанда, батыр «Енді қайтып келе алмасам, денем туған жерде қалсын» деп, шынашағын шауып, жерге көміп кетіпті дейді.

Кейін Түмен жерінде батырдың қайтыс болғанын естіген балалары әкелерінің шынашағын, киімін Бесоба деген жерге көміп, қазіргі Қызыл Ту ауылы аумағында тастан үлкен зират орнатады.

Батырдың ұрпақтары атақты ата-бабасын еске алу үшін Баубек Бекмырзаұлы кесенесін ортақ күшпен салды, оның салтанатты ашылуы 1993 жылы 16 қазанда болып өтті. Қызыл Ту ауылы қазір «Баубек батыр ауылы» деп қайта аталды.

Қазақстан тарихында «ақтаңдақтар» жеткілікті. Ұзақ уақыт Кенесары Қасымұлының қозғалысымен байланысты адамдардың есімі ұмыт қалып жатты. Баубек батыр туралы ресми түрде алғаш жазған ұлтжанды азамат, тарихшы,  тарих ғылымының докторы, профессор Ермұхан Бекмаханов болды. 1995 жылы журналист Ахметжан Байжанның «Бектауыл Баубек батыр» атты кітабы жарық көрген. Онда Баубек батырдың өмірі мен оның Кенесары қозғалысына қатысқан кезеңі жайында жан-жақты айтылады. Қазақ жазушылары Ілияс Есенберлин «Көшпенділер» атты тарихи трилогиясында, Сабыр Шәріпов «Ерден көлі» әңгімесінде және т.б. шығармаларда батырдың бейнесін сомдаған.

Басқа материалдар

Back to top button