Жамбыл облысы

ӘУЛИЕБАСТАУ ҚАЛАШЫҒЫ МЕН БҰЛАҒЫ (VІ-ХІІІ ғғ.)

Орналасқан жері: Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылынан 13 шақырым жерде, Тараз-Қарабастау тас жолының солтүстігіне қарай 1 шақырым жерде орналасқан.

Қалашық орны төбе болып үйіліп жатқан батыс және шығыс бөліктерден тұрады. Батыс бөлігі 85 х 87 м, шығысы 100 х 130 м, биіктігі 9 м болатын үйінді алаң түрінде сақталған. Қалашықта ХІХ ғ. бастап ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, топографиялық құрылымы анықталған. Әулиебастау қалашығы
В.В. Бартольдтың есебінде «Абдуррахман» деген атпен берілген.

Әулиебастау қалашығының географиялық жағынан өте ыңғайлы жерде орналасуы оның Ұлы Жібек жолы бойындағы маңызды қалашықтардың бірі болғандығын байқатады. Көшпелі және отырықшы мәдениеттердің тоғысқан жері Шу мен Талас аймақтары дами келе үлкен сауда ошағына, Қытайдан Еуропаға өтетін Үлкен керуен жолының дәлізіне айналды. Әулиебастау қалашығының Батыс Түрік қағанатының саяси-экономикалық маңызы бар қалалардың бірі ретінде негізі қаланды. Саяси талас-тартыстар нәтижесінде Әулиебастау қалашығы өз тарихында талай оқиғаларды өткізіп, құлдырауды да, өрлеуді де бастан кешті.

Әулебастау қалашығының оңтүстік-батыс жағындағы жарылған жартастың астынан бұлақ ағып жатыр. Бұлақтың суынан қалашықтың іргесінде көлшік пайда болған. Бұлақтың суы жыл бойы тұрақты температурада ағып жатады. Суы аса маңызды минералдар мен микроэлементтерге бай, көптеген ауруларға шипа. Судың емдік қасиеті бар, оны пайдаланған адамға ерекше күш береді. Бір қызығы, бұл суға күміс бұйымдарымен шомылса немесе жуса, біраз уақыттан кейін жалтырап тазарып шығады. Сондықтан да жергілікті халық арасында әулиелі бұлақ саналады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button