Жамбыл облысы

БӨЛТІРІК ШЕШЕН ӘЛМЕНҰЛЫ МЕМОРИАЛЫ (1997 ж.)

Орналасқан жері: Талас  өзенінің төменгі сағасында, Сейілбек ауылынан 1 шақырым жердегі Қарақожа мешітінің қасындағы  аласа төбенің үстінде орналасқан.

Бөлтірік шешен Әлменұлы Жамбыл облысының Шу ауданына қарасты Шоқпар темір жол станциясы маңында дүниеге келген. Батыр, шешеннің құрметіне арнап орнатылған мемориал жобасы төртбұрышты, бір күмбезді құрылыс кірпішпен қаланып, ақ мәрмәр тақталармен қапталған. Ескерткіштің сәулет үлгісі батыс Қазақстанның дәстүрлі мемориалды ескерткіш құрылысына үйлестірілген. Сегіз қырлы күмбезі тот баспайтын метал қаңылтырмен жабылған. Бөлме ішінде Бөлтірік шешен моласынан алынған топырақ көмілген, жерге сағана қойылған.

Бөлтірік сонымен бірге мерген, саяткер, ат үстінен алдырмайтын шабандоз, батыр болған. Есейген шағында ел арасындағы талас-тартыстарға араласып, әділ де шешен төрелік айтқан. Сондықтан да халқы оны қалап би сайлап алған.

Бөлтіріктің нағашысы – әйгілі Қарменде би. Ақындық, шешендік өнерімен, әділ тапқырлығымен ерте танылған әрі өз ортасының сыйлы, құрметті данагөйі болған. Оның абырой беделі ауыл арасымен шектелмей, ел қамы мен халық тағдырына қатысты істерде де еленіп-ескеріліп отырған.

Бөлтірік шешен өз тұсында игі жақсылармен тізе түйістіріп, ел ісіне белсенді араласқан әрі оның даналық нақыл сөздері тек қазақ халқының ғана емес, көршілес қырғыз, өзбек халықтарының арасына да кең тараған.

Бөлтірік шешеннің өнері мен даналық сөздері жайында А. Байтұрсынов, М.Ж. Көпеев, С. Сейфуллин, З. Қабдолов т.б. өз еңбектерінде жазып кеткен. Халық ақыны К. Әзірбаевтың «Аңыздар сыры», Т. Бигельдиновтың «Балқаш» атты жинақтарында Бөлтіріктің батырлығы бейнеленген дастандар бар.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button