Жамбыл облысы

ЖАМБЫЛ ЖАБАЕВТЫҢ ТУҒАН ЖЕРІ (1846-1945 жж.)

Орналасқан жері: Мойынқұм ауданының солтүстігіндегі Жамбыл тауы. Қазақ хандығының туы тігілген ескерткіш нысандарының қатарында Қозыбасымен қоса аталып жүрген Жамбыл тауы мен Хантау – осы өңірдегі тарихи мекендердің бірі.

Жамбыл Жабаев –  қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, өлең сөздің дүлдүлі, жырау, жыршы. Ақын 1846 жылы ақпан айының бір боранды күні дүниеге келген. Бұл туралы ақынның өзі «Менің өмірім» атты өлеңінде жырлап кеткен.

Əкесі Жапа Ыстыбайұлы шаруа адамы болғанмен, ат үстіне мығым, найзагер кісі болған. Ел ішінің дау-дамайына бітімгерлік сөзін айтқан ақылман адам ретінде де танылған. Шешесі Ұлдан мінезі байсалды, туыстарының арасында беделді, орайы келгенде өз жанынан қиыстырып өлең шығара беретін əдемі дауысты əнші болған.

Жамбыл жасынан халықтың төл өнеріне ден қойып, ақындық, жыршылық өнер жолына түседі. Қазақтың ақиық ақыны Сүйінбай Аронұлы бала Жамбылдың алғашқы аяқ алысынан-ақ оның дарындылығын аңғарып батасын берген.

Жамбыл ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. алғашқы жартысындағы қоғамдық өзгерістерді өз шығармашылығына арқау етіп, жыраулық дəстүрді жалғастырып, қазақтың ақындық өнерін жаңашылдықпен дамытты. Ақын жырлары – ұлт-азаттығын асқақтатқан рухқа толы, болмысы бөлек дүниелер. Туған жер, туған елді ардақ тұтқан дана жырау шығармашылығының үлкен бір саласы – эпикалық жанрдағы дастандары.

Жамбыл Жабаевтың туған жерін жаудан қорғаған Өтеген, Сұраншы, Саурық сынды батырлар жайлы ұрпақтан-ұрпаққа жеткен аңыздар негізіндегі дастандары мен шығармалары əлемнің 40-тан астам тіліне аударылып, халықтың даңқын шығаратын ел перзенті, ел ақсақалы, абызы атанды.

Бүгінде ақынның туған жеріне жақын жерде, Мойынқұм ауданындағы Жамбыл ауылының шетіне ескерткіш белгі орнатылған.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button