Жамбыл облысы

КЕРІМБАЙ БҰРАЛҚЫНЫҢ ЗИРАТЫ (ХХ ғғ. басы)

Орналасқан жері: Жуалы ауданы, Құмсуат ауылының оңтүстік-батысынан 800 м, Тоғызтарау ауылының оңтүстік-шығысынан 5,2 шақырым жерде орналасқан. Ескерткішті 2013 жылы «Архео-логиялық сараптама» ЖШС экспедициясы тауып, зерттеген болатын.

Керімбай Бұралқыұлының басына қойылған мазар ХХ ғасырдың 50-жылы тұрғызылған. Қазір ол жерде сәл ғана ойыла құлаған зират орны бар.

Мазар алты қырлы конструкциялы, алты қырлы жақтауға орнатылған қабырға негізі 3 м, жақтауларының ені 4 м. Қабырғалары қызыл кірпіштен тұрғызылған, ішкі жағы цементпен қапталып, әктелген. Портал-күмбез типті мазардың кіре берісінің ені 1,1 м, биіктігі 2,7 м.

Керімбай Бұралқыұлы – ХХ ғ. басында болыс әрі ел басқарушысы болған тұлға. Ұрпақтарының есінде Керімбай образы өктем, қатал, бірақ өз жерлестерінің пікірін қолдаушы адам ретінде қалған. Керімбай Бұралқыұлы Жуалы ауданына қарасты Билікөл маңында дүниеге келген.

Әулиеата уезінде 19 жасында болыстыққа сайланып, ұзақ жылдар осы салада абыройлы қызмет атқарған. Ол елді диханшылыққа, сауда-саттыққа, кәсіпшілікке ұйымдастырған. Тұз өндіретін, балық аулайтын бірнеше кәсіпорындар ашуға ұйытқы болған. Керімбай болыс ағартушылық қызметімен де ел аузында қалған.

1888 жылы ол мешіт салдырып, орыс-бұратана мектебін ашады. Керімбай болыс Тараз қаласындағы №12 мектепті қазақ балалары үшін интернат етіп салдырған.Өз заманында көзі ашық, сауатты кісі болған, күйші-сазгерлігімен де аты шыққан. Ол 1912 жылы Ташкент қаласында өзі жинастырып құрастырған қазақ шежіресін де бастырып шығарған.

Керімбай болысқа А. Ормантай, Б. Әбділдаұлы, Ә. Жүргенов, Ы. Сағынтаев өз еңбектерін арнаған болатын.

Ашаршылық жылдары Әулиеатада Тұрар Рысқұлов асханалар ұйымдастыра бастағанда Керімбай  Бұралқыұлының басшылығымен  Билікөл, Меркі, Алмалы-Ботамойнақ, Күйікте аштарды тамақтандыру орталықтары ашылған.

Керімбай Бұралқыұлы 63 жасында дүниеден озған. Ол Жуалы ауданындағы Тоғызтарау жеріне жерленген және қазіргі кезде оның құрметіне  бірқатар жер-су аттары сақталып қалған.

Басқа материалдар

Back to top button