Жамбыл облысы

ҚОРДАЙ БАТЫР ЕСКЕРТКІШІ (2002 ж.)

Орналасқан жері: Қордай ауданы, Алматы-Қордай күре жолының 171 шақырымындағы Қордай асуында қойылған.

Ескерткіш 2002 ж. қызыл гранит тастан көлемді етіп жасалып, тас тұғырдың үстіне орнатылған. Ертеден жеткен аңыз-әңгімелердің желісі бойынша Қордай батыр І-ІІ ғ. көшпелі сақтар мен ғұндар заманында өмір сүрген. Сол заманда осы өңірді жайлаған Асиби деген ел билеушінің Қордай, Аспара, Атар деген үш батыры болған екен. Патша алыс жорыққа аттанарда Қордай батыр шығыстан келетін, ал Аспара батыр батыстан келетін жауға қарсы шабуылға шығып тойтарыс беріп отырған.

Қордай батырдың дене бітімі өте ірі болғандығы айтылады. Оның соншалықты алып болғандығын табанының көлемінен байқауға болады. Ескерткіш орнатылған жерде адам аяғының ізі қалған тас бар. Биік шоқының үстіндегі тастың үстіне шығып, жаудың келе жатқанын көріп, қаһарланып, айқайлаған кезде тастың үстінде аяғының іздері қалған екен.

Аңыз бойынша Хантау тауларының бөктерін жау шапқан кезде Шудың батыс жағалауынан Аспара батыр, шығыстан Қордай батыр екеуі ақылдаса келіп, оңтайлы жоспар құрып амалдарын асырады. Жауға төтеп беріп, жасақтарымен қырып салады. Сол кезде Хантау тауының бөктері мен сай-саласынан қырылған сансыз жау әскерінің қып-қызыл қаны аққан екен. Бір деректерде жер  атауының «қантау» болуы осыған саяды делінген.

Өмірінің соңында Атар батырдың сүйегі Қап тауына, Аспараның сүйегі қазіргі Аспара өзенінің жоғарғы ағысына, ал Қордай батыр осы Қордай асуындағы биік шоқының басына жерленген екен.

Тарихи аңыздарда Қордай батырдың елігі, қыран бүркіті болғандығы айтылады. Сол себептен, ескерткіш маңына қыран бүркіт пен қос еліктің алтын түстес мүсіндері орнатылған.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button