Жамбыл облысы

ҚОСТӨБЕ ҚАЛАШЫҒЫ (VI-XII ғғ.)

Орналасқан жері: Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылының солтүстік-шығыс шетінде Талас өзенінің оң жағасында, Тараз қаласының оңтүстігінде 15 шақырым жерде орналасқан.

Қалашық – VІ-ХІІ ғғ. жататын археологиялық ескерткіш және 2014 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік Мәдени мұралар тізіміне және 2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша Қазақстанның өңірлік маңызы бар қасиетті нысандар тізіміне енген.

Қостөбе – Жамұқат (Джамукат) қаласына баланған Талас алқабындағы ірі қалалық орталықтың бірі. Жазба деректерде Талас өңірінің ортағасырлық қаласы Жамұқат Х ғ. тарихшысы Нершахидың айтуы бойынша VІ ғасырда Бұхарадан келген келімсектер салған және басшысы Жамұқтың атымен атаған. Әл-Максиди еңбектерінде «Жамұқат үлкен қала. Айналасында қабырғалы мешіті бар, рабатында базарлары бар» деп сипатталады. Шығыстанушы В.В. Бартольд Жамұқатты басқа зерттеушілер айтқандай, Сырдарияда емес, Талас аңғарында жатқанын дәлелдеген. Алайда қаланы нақты бір ескерткішпен баламалау мәселесі әлі күнге толық шешімін таба қойған жоқ.

Қаланың топографиясы Суяб пен Навакет қалаларына баланған Шу алқабының Ақбешім мен Краснаяречка қалаларына ұқсас келеді. Қаланы қоршаған ұзын қамалы, рабад, шахристан, орталық бөлігі, от храмы мен төңірегінде қорымдары бар. Қаланың негізгі шаруашылық бөлігі ор мен мұнаралы қабырғалар арқылы қоршалған аумағы 460 х 375 м келетін биік алаң және орталық бөлігі төртбұрышты шағын төбе түрінде сақталған.

Қаланың құрылысына 1938 жылдан бастап археолог мамандар тарапынан әр кезеңдерде ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілген. Ішкі қамалдағы археологиялық зерттеулерден VІ-ХІІІ ғғ. кезіндегі сәулетті құрылыс нысаны ашылған. Қала құрылысының төменгі қабаты VІ-VІІІ ғасырларда салынған. Ол айналма дәліздер, тұрғын бөлмелер мен шаруашылық жайлары бар қамал сарайы болған. Ішкі қамалдағы ою-өрнек жергілікті сәулет өнерінің дамығанын көрсетеді. Өсімдік пен геометриялық ою-өрнектің жиі кездесуі ислам дінінің ықпалы болса керек. Сәулет өнерінде Ортаазиялық нақыштардың ең озық үлгілері айқын байқалады. Бұның өзі Талас өңірінде сәулет өнері жоғарғы деңгейде болғанын көрсетеді. Ең жоғарғы қабаттан табылған тиындар мен қыш бұйымдар оның ХІІІ ғ. басына дейін өмір сүргендігін дәлелдейді. Қазба барысында қамыс пен ағаш күлінің жиі кездесуіне қарағанда қала қалың өрттің немесе соғыс салдарынан қираған болуы ықтимал.

Қостөбе қаласы – Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан және Орта Азия, Таяу және Орта Шығыс қалаларымен сауда, мәдени байланыста болған ең ірі саяси және экономикалық орталықтың бірі. Тараз қаласына жақын орналасуы оның гүлденуіне үлкен әсер еткені сөзсіз. Қала өмірі монғол шапқыншылығы-нан кейін тоқтай бастаған.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button