Ақтөбе облысы

Қарасақал қорымы

Ескерткіштің мерзімі: XVII – XX ғғ. басы.

Ескерткіштің түрі: Киелі объекті

Орналасқан жері: Байғанин ауданы, Жарқамыс ауылынан 60 км оңтүстік-батыста.

Зерттелуі: Тұрғындар арасындағы эпоним жөніндегі деректер анық емес және бір-біріне қарама-қайшы. Қазіргі заманғы эпитафия бойынша әлім тайпасы шекті (қабақ) руынан шыққан қазақ батыры Бақтыбай Төлесұлының лақап аты – «Қарасақал» болған. Ол кейбір деректер бойынша 1720–1780 ж.ж. өмір сүрген. Жазуы бар ағаш бағанмен белгіленген «Қарасақал» моласы бейіттің солтүстік-батысында орналасқан.

Қысқаша анықтама: Кешенде 1 мыңға жуық қабір басына қойылған ескерткіштер бар. Олардың көбісінің (саздан және бордан) іздері ғана сақталған.

Қорымның сипаттамасына оралсақ, ол екіге бөлінген: оңтүстік (ертеректегі) және XIX ғ. ортасы – XX ғ. басына жататын солтүстік бөлігі. Кешеннің орталық бөлігінде қабір үсті ескерткіштері аз. Оңтүстік бөлігінде негізінен тақтатастан қаланған қоршаулар, құлпытасы бар қоршаулар орналасқан. Қорымның солтүстік бөлігі (әсіресе солтүстік-шығыс шеті) ескерткіштердің алуан (сәулет-көркем) түрлі типтеріне толы. Қорым кесенелер мен сағанатамдар типтерінің түрлілігімен ерекшеленеді. Олардың арасында сәулет өнері мен тас өңдеу өнерінің керемет үлгілері кездеседі. Кешеннің айтарлықтай маңызды ескерткіші 1886–1887 ж.ж. (1304 х.ж.) салынған Індібай тамы болып табылады. Әктастың кесілген блоктарынан тұрғызылған кесененің композициясы тікбұрышты негізі мен дулыға секілді күмбезінен тұрады. Ескерткіштің сыртқы беті алғашында тегіс бедерленіп өрнектелген. Ал ішкі жағы бояулы өрнектермен безендірілген. Құрылыстардың көп бөлігін кесілген блоктардан тұрғызылған сағанатамдар құрайды. Оларға тән бұл жерде олардың алғашқы үлгілері – шикі кірпіштен және тақтатастан салынған көне қоршаулар табылуы мүмкін. Олардың көп бөлігінде сағанатамдар секілді оңтүстік қабырғасында тақтатастармен көмкерілген кіретін есіктері бар. Қарасақал әулие қорымында жерлеу-культтік сәулет өнерінің шағын түрлері – әралуан және көп. Құлпытастардағы эпиграфика мен таңбаларға қарағанда қорымда Кіші жүздің әртүрлі руларының (адай, табын, ожырай, кете, шекті және т.б.) өкілдері жерленген. Қарасақал бейітіндегі ескерткіштердің әралуандығы Ембі даласындағы кейінгі орта ғасыр мен жаңа замандағы жерлеу-культтік сәулет өнері генезисінің негізгі жолдарын көрсетуге мүмкіндік береді.

Қарасақал қорымына негізінен жазғытұры Ақтөбе облысы Байғанин ауданының тұрғындары келіп зиярат етеді.

Басқа материалдар

Back to top button