Жаңалық

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауының негізі тезистері

«Халыққа қажетті реформаларды іске асыру – менің Мемлекет басшысы ретіндегі басты міндетім. Саяси жаңғыру болмаса, елімізді орнықты дамыту, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау мүмкін емес. Бұл – анық нәрсе».

«Мен бүгін еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғырту бағдарламасын ұсынғалы отырмын. Бұл құжат, ең алдымен, қоғамның қажеттілігіне және сұранысына негізделген».

«Біз бұл өзгерістерді жұртқа жақсы көріну үшін жасамаймыз. Қағаз бетінде ғана жүзеге асырылған, бірақ шындыққа еш жанаспайтын жалған табыстарға масаттанып отыратын заман келмеске кетті».

«Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз. Жаңа Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдырамыз. Осыған орай, «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын басшылыққа аламыз».

«Біз Президенттің өкілеттігін біртіндеп қысқарта отырып, Парламенттің рөлін айтарлықтай арттыруымыз керек. Сол арқылы мемлекетіміздің институционалдық тұғырын нығайтамыз».

«Партияларды тіркеу рәсімдері айтарлықтай жеңілдетіледі. Тіркеу шегін төрт есе – 20-дан. Өңірлік өкілдіктердің ең аз саны үш есеге – 600-ден 200 адамға дейін азаяды. Партия құру үшін бастамашыл азаматтар тобының ең аз саны үштен бірге 1000-нан 700 адамға дейін қысқарады».

«Парламент республикалық бюджеттің сапалы орындалуына бақылауды күшейтуі қажет. Осы орайда, Есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық палата құруды ұсынамын».

«Азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән берген жөн. Олардың рөлін арттырып, дербестігін қамтамасыз ету үшін Мәслихат төрағасы лауазымын енгізген жөн. Сондай-ақ, мәслихаттардың ықпалын барынша күшейту үшін облыс әкімдерін тағайындау тәртібін өзгерту қажет деп санаймын».

«Біз бірліктің бастауы болған дала демократиясының бастауын жалғастыруымыз керек. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз міндетін табысты атқарды. Енді оның орнына құрамы жағынан ауқымды Ұлттық Құрылтай құруды ұсынамын».

«Демократия тарихы дегеніміз – ең алдымен, сайлау рәсімдерін жетілдіру тарихы. Сондай-ақ, сайлау заңнамаларының сақталуын бақылау тарихы деуге болады. Осы орайда, мен байқаушылардың құқықтары мен жауапкершілігі нақты белгіленуге тиіс деп санаймын».

«Мен елімізде Конституциялық сот құруды ұсынамын. Бас прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкілге де Конституциялық сотқа жүгіну мүмкіндігін берген жөн. Бұл бастамалар әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам болады деп сенемін».

«Бұл бастамалар еліміздің саяси жүйесі мен әкімшілік-аумақтық құрылымын едәуір өзгертеді. Оны жүзеге асыру үшін Конституцияның 30-дан астам бабына өзгеріс енгізу қажет. Сондай-ақ, жылдың соңына дейін тағы 20-дан астам заң қабылдау керек».

«Елімізде ауқымды дағдарысты еңсеруге қажетті бүкіл резерв пен тетіктер бар. Үкімет шұғыл арада дағдарысқа қарсы бірінші кезектегі шаралардың пакетін ұсынуы керек. Бәрінен бұрын ұлттық валютаның тұрақтылығын қамтамасыз ету керек».

«Бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек. Бұл қағидат қазір кез келген өркениетті ел үшін айрықша маңызды. Отандық БАҚ-тың ел өңірлерінде және әлем болып жатқан үдерістер туралы өз көзқарасы болуға тиіс. Еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі, тіпті идеологиялық дербестігі осыған тікелей байланысты. Мемлекет ашық ақпарат кеңістігін қалыптастыруға ерекше көңіл бөледі. БАҚ өзекті мәселелерді көтере алады және көтеруі керек, бірақ мұны үлкен азаматтық жауапкершілікпен жасау керек. Сырттан тапсырыс бойынша емес, көлеңкелі төлемақы үшін немесе саяси топтар үшін жұмыс істемеуі керек. БАҚ өкілдері өз елі мен оның азаматтары үшін шын жүректен алаңдауы керек».

«Бізге ешкім сырттан келіп, ештеңе жасап бермейтіні анық, бәрі өз қолымызда. Сондықтан, баршаңызды Жаңа Қазақстанды құруға бір кісідей жұмылуға шақырамын. Халықтың қолдауымен мақсатымызға жетеміз деп сенемін».

«Маған елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан асқан ешбір құндылық жоқ. Мені ең алдымен, халқымның болашағы қалай болатыны толғандырады».

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button