АБАЙДЫ ЖҮРЕГІМЕН ТАНЫҒАНДАР
байдың қара сөздеріндегі ғибраттар түйсіне білген адамға баға жетпес рухани азық. Ұлы ақынның ұлттық құндылықтарды қалыптастыру мен дамыту жайында айтқан ой-тұжырымдары мәні мен мағынасын ешқашан жоғалтпайды. Абай – адами құндылықтарды көркем сөз құдіретімен сипаттай білген ғұлама. Абайдың шығармаларынан өзіне өнеге, тәлім-тәрбие ала білген адамды санасы ешқашан жаңылыстырмайды.
Елімізде «Абай оқуларын» өткізу дәстүрлі шара. Әсіресе, жастар арасында оның кең өріс алғандығы қуантады. Байқау өлең-жырға жақын, көркем сөзден өзіне тағылым алатын талайдың басын қосып жүр. Жақында Петропавл қаласында «Жастар мәслихаты» жастар қоғамдық бірлестігі өткізген облыстық «Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған көркем сөз оқу шеберлігі» байқауында 105 үміткер бақ сынасты. Мектеп оқушылары, колледж бен университет студенттері арасында қызу дода өтті. Бес адамнан құрылған қазылар алқасы үміткерлерді бес топқа бөліп, іріктеу шарасын жүргізуге мәжбүр болды. Өйткені, жүзден аса адамды бір кезекке қойып, өнерлерін бағалау, күнұзаққа бітпейтін іс болары анық еді.
Жарқын Жұпархан, қазылар алқасының төрағасы:
«Үміткерлер облыс орталығымен қатар, аудан-ауданнан да жиналғанын ескерсек, оларды сарылтып, күткізіп қойған дұрыс болмас еді. Сондықтан бес топтан үздік танылған 3-4 үміткерден таңдап, 21 адамды іріктеп алып, солардың ішінен жеңімпаздарды анықтадық. Сөз бен өнер байқауы жылдан-жылға дамып, жаңарып келеді. Талаптары шыңдалып келе жатқан үміткерлердің ішінен жеңімпаздарды таңдау да қиындап кетті. Байқауға жүзден аса сайыскердің жиналуы – ұрпақтың Абай шығармашылығына деген сүйіспеншілігі болса керек».
Абайды тану – қазақтың болмысын тану. Мектеп бағдарламасында Абайдың шығармалары қазақша да, орысша да оқытылады. Осы жолы байқауға қатысушылардың он пайызы өзге ұлт өкілдерінен жиналған. Олар Абайдың шығармасын ақынның өз тілінде танығысы келгендер екендігі сөзсіз.
Карпухина Ангелина, Полтавка орта мектебі, Аққайың ауданы:
«Байқауға Абайдың «Күз» өлеңін дайындадым. Ұстазымның көмегімен, өзім ізденіп, өлеңдегі әр сөздің мағынасын түсінуге тырыстым. Күз келбетін көз алдыңа елестететін керемет туынды. Орыс әдебиетінде Александр Пушкиннің, қазақ әдебиетінде Абай Құнанбаевтың есімі ерекше аталады. Шеберліктері қайталанбайтын екі тұлға, екі ұлттың ғұламасы мен үшін зор рухани байлық».
Байқаудың ақтық деңгейіне шыққан үміткерлерге де 5 минуттан уақыт белгіленді. Осы аралықта олар Абай бабасының өлеңі мен қара сөзін жатқа айтуы керек. Мәнерлеп, дауыс ырғағына салып, әртістік қимыл-әрекеттермен көркемдеп, тыңдармандар мен қазылар алқасының жүрегіне жол тарта білген қатысушылардың өнері жоғары бағаланып, жеңімпаз танылды.
Бұл жолғы байқаудың жеңімпазы – Гүлназ Теңсел. Ол Тимирязев ауданы, Белоградовка орта мектебінен келген. Жауынгер киімін киіп, образға берілген, өнер мен өмірді абайша тануға тырысқан жеткіншектің талабы тамсандырарлық. Сабина Жасұланова мен Милана Құрманова келесі жүлделі орындарды бөлісті. Төрт аталым бойынша да жеңімпаздар анықталды. Байқауға қатысқан барлық үміткерлерге сертификат табыс етіліп, жеңімпаздар диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Солтүстік Қазақстан облысы,
«Рухани Жаңғыру» жобалық кеңсесі