Алматы облысында «Мәңгілік елдің мәңгілік сарыны» атты халықаралық фестиваль өтті
Әлдебір бағдарламамен, тапсырыспен ұйымдастырылатын шараларға «ресмилік» деп қарайтын, концерт өткізсе студенттер мен мектеп оқушыларын сықап толтырып қояды деп ойлайтын былайғы жұрт бұл жолы дәл осындай әсерлі кеш болатынын естіген жоқ. Естісе де, күтпеді.
Ал біз сияқты бірлі-жарым қызыққандардың өзі-ақ Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайын толтырып жіберіпті. «Жолай бас сұға салып едім», деп, қасымызға жайғасқан бір тұрғын (ұнамаса шығып кете салады) кеш соңында көпшілікпен бірге орнынан тұрып, ұзақ уақыт шапалақ ұрып тұрып алды. Әдетте «Есеміз эстрадаға кетіп жүр» деп шағынумен жүретін халықтық музыка өкілдерінің әр кештен көрген қошеметі осындай болса, шағынар жөніміз жоқ сияқты…
Бұл «Мәңгілік елдің мәңгілік сарыны» тақырыбындағы халықаралық фестивальдің жабылар қарсаңы болатын. Қазақ, түрік, қырғыз, өзбек, татар, тыва, якут халықтарының өкілдері қатысқан, екі күнге созылған фестивальдің гала-концертіне бара қалсаңыз, кеш бітер-біткенше тоқтаусыз қол соғып, ризашылықпен тарап бара жатқан көпті көрер едіңіз. Онсыз да ұрылып жатқан шапалақты, көрсетіліп жатқан қошеметті көрмегендей, күй мен әннің ортасына сахна сыртында тұрып килігіп, қайта-қайта «қошем-е-е-ет» сұраған жүргізуші қыздың жүйкеге тигені де әп-сәтте ұмыт болыпты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тек осындай жоғарғы деңгейдегі кештер өтсе, әрбір шараға дәл осылай риясыз көңілмен риза болып қайтсаң… Бағдарламаның негізгі мақсаты да осы болса керек.
Фестивальдің алғашқы күні – шебер-класс сабақтарымен есте қалды. Студенттер мен жас өнерпаздарға арналған сабақта әр ұлттың атынан әкелінген аспаптардың ерекшелігі мен тарихына қысқаша тоқталып, қалай ойналатыны жайлы аздаған құпияларын ашты.
Техника түгілі темірдің өзін игермеген сонау бір ескі замандардан бері келе жатқан халықтық аспаптардың көпшілігінің құрылысы қарапайым келеді екен. Мәселен, тыва халқының бозаншы деген аспабы.
– Бұл жалпы түрік халқының ежелгі, көне сазды аспабы. Бозаншы кішкентай домалақ басты, мойыны ұзындау келеді. Оның бір ерекшелігі пернелері болмайды. Тек қана төрт қыл ішекті. Жалпы ұзындығы 1 метрден астам. Бозаншыны ысқымен ойнайды.
Дауысы ботаның боздауына ұқсас келеді, – дейді тывалық өнерпаз Игорь Кошкентай. Тыва елінің атынан келген бұл өкілдің негізгі өнері – көмеймен ән айту. Бозаншымен қосылғанда бір өзі бір оркестрдің дыбысын беретін әншінің көмейінен екі-үш дыбыс қатар шығады. Аспабы да бір сәтте бірнеше дыбыс шығарады. Бұл өнерді меңгеру үшін бала, тіпті, сәби жас-тан бастап дайындалу керек екенін айтады. Бұл мектептің өзіндік талаптары жетерлік. Соның бәрін жеңген, соның бәрінен өткен жан ғана осындай деңгейге көтеріле алады. Сондықтан да бұл өнерді, аспапты меңгергендер саусақпен санарлық қана.
Саха елінен келген хомусшы Юлияна Кривошапкина:
– Якут халқы аса қадір тұтып, қастерлеп ұстайтын аспаптың бірі – хомус. Бұл аспап негізінен ән мен биді сүйемелдеу үшін қолданылады. Халық арасында екі тілшесі бар хомус та кездеседі. Оның даусын күшейту үшін шеберлер түтігін қаңылтырдан жасап, оған турбалах хомус және түтікті хомус деп ат қойған, – дейді өз аспабы жайлы. Көлемі 10 сантиметрдей ғана болатын аспаптан шыққан үн – көмейдің әр бүлкіліне, езудің қозғалысына, саусақтың, қол қырының қимылына орай құбылып отырады.
Біз барабанның бір түрі деп онша мән бермейтін өзбектің дойрасын меңгеру де оңай шаруа емес екенін сонда білдік. Равшанжан Юнусовтың бір өзі бір тойды бимен қамтамасыз етердей өнері бар екен.
Шеберлік сабағының нүктесін әйгілі жыршы Алмас Алматов пен түркиялық термеші Ирфан Гюрдал қойды. Күллі түрік жұртына ортақ саналатын «Көрұғлы» дастанынан үзінді айтты. Арғы түбі аңызбен астасатын туындының шығу тарихы, әр ұлттың орындау, айту ерекшеліктері, вариациялары төңірегінде сөз қозғалды.
Екінші күн Талдықорғандағы Тіл сарайында дөңгелек үстел форматында өткен баспасөз конференциямен басталды. Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ақан Әбдуәлі жүргізген отырыста түрік жұртының ағыстары ортақ өнерінің үндестігі, ұқсастығы жайында көп айтылды. Бір елдің аспабы мен әнін, жыры мен термесін екінші елде дәріптелуі қай деңгейде, түркілік мәдениеттің дамуы үшін жасалып жатқан шаруалар төңірегінде, бірігу, жұмылу жайында ұсыныстар айтылды. Мәселен, бауырлас саналатын әр мемлекеттің өнер ордаларында жаңа кафедралар ашу, туыстас елдердің өнері мен мәдениетін тану мен танытудың заманауи қадамдары жайында айтылған ұсыныстар алдағы уақытта келісе отырып, қайта қарауды қажет ететін мәселе екендігі сөз болды. Сондай-ақ, көп жағдайда көрермені аздау, насихаты төмендеу қала беретін ұлттық өнерді дәріптемей, халықтық өнер өкілдерінің дәрежесін көтеріп, мәртебесін асырмай – өнерге деген құрметтің жеткілікті деңгейге жете алмайтынын, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы осы мәселені шешуге берілген үлкен мүмкіндік екенін айтты.
Ал гала-концерттің шымылдығы Жамбылдың әйгілі «Ақындарға арнауымен» түрілді. «Алатаудан, Арқадан, ақындарым келіпсің», деп басталатын толғаудың осы бір басқосуға дәл келе қалғанын айтыңыз. Бейбіт Мұсаевтың орындауындағы Жамбыл жыры бұл кештің сонау бір замандармен үндестікті сақтай отырып ұйымдастырылғанын көрсетіп бергендей. Алмас Алматов шыққанда, қысқа қайырып айтқан өсиет жырдың аздау болып қалғанын әр-әр тұстан «тағы да, тағы да» деген дауыс-тардан білдік.
Көптің ерекше қиқуы мен қошеметіне ие болған көмеймен айтылған ән мен хомуспен тартылған күй болды десек қателеспесіміз анық. Тіпті, талай жұрт «мұндай да өнер болады екен-ау», деп, таңданысып отырды. Түріктің белгілі өнертанушысы, термеші Ирфан Гюрдал өз елінің әнінен соң, қазақтың «Ой қарағайына» салғанда, күнде естіп-ақ жүрген өз әнімізге өзіміз таңдандық. Жалпы, бұл әншінің орындауында қазақтың он шақты әні бар екен. «Кімнің арбасына отырсаң, соның жырын жырлайсың» деп, асығыс дайындай салмағаны былай да байқалады. Ал, қырғыздың кіл жастардан құралған «Акак» қомузшылар ансамблі қырғыз бен қазақтың өнерінің де туысатынын дәлелдеп, біздің «Балбырауын», «Адай» сияқты асау күйлер мен өздерінің табиғаты осыған ұқсас келетін шашпа-төкпе күйлерін қатар орындады.
Қазақтың музыка өнерінде аты танымал жеке орындаушылар Сәуле Жанпейісова, Ерлан Рысқали, Мұхаммедәлі Бекпейісов, Ардақ Исатаева, Нұржан Жанпейісов, Қазбек Адыкеев, Мақпал Тоқтағанова, Бейбіт Мұсаев, Бақберген Асқарбеков, Күнсұлу Түрікпен және «Сазген», «Адырна» фольклорлық-этнографиялық оркестрлері, «Қобыз сарыны» ансамблі, Өзбекстанның «Абосс» ансамблі, Татарстаннан келген Расим Фасуховтар салған ән мен тартқан күй Талдықорғанды әуенмен тербетіп тұрды. Соңғы аккорд – күллі қатысушылар өз аспабымен үн қосқан Нұрғисаның «Әлқиссасы» болды.
Алматы облысы әкімінің қолдауымен ұйымдастырылған фестиваль ендігіде жыл са-йын, дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұрады дейді ұйым-дастырушылар.