Алматы облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасына 37 миллиард теңге бөлінді
Оңтүстік астанада бөлінген осынша қаражатқа 300-ден астам нақтыланған жобаларды іске асыру көзделіп отыр. Толықтыра айтсақ, облыс көлемінде бірнеше көркем фильмдер және халықаралық дәрежедегі ақпарат агенттіктерінің қатысуымен түрлі имидждік бейнематериалдар түсіріліп, алыс-жақын шет елдерге экспедициялар ұйымдастырылмақ.
300-ден аса орындалуға тиіс мақсатты жобалардың ішінде қызықтысы ретінде «Жетісу 360» виртуалды жобасын ерекше атап айтуға болады. Әрбір пайдаланушы осы жоба іске асқан кезде үйде отырып-ақ аймақтағы барлық мұражайлардың экспонаттарын тамашалауға мүмкіндік алады. Бұл – бір. Екіншіден, әлемдік тележурналистика аренасындағы белді, алпауыт телеарналардың көмегімен Жетісу өлкесінің киелі әрі ең керемет, табиғатына қараған адам ауызын ашып, көзін жұматындай территориялары туралы бейнематериалдар түсіріліп, аталған ерекше нысандардың электронды нұсқадағы жол картасы жасалады. Жетісу өлкесінің киелі жерлері мен керемет ескерткіштерінің тізіміне 2300-ден астам нысан кіргізілген.
«Біз халықаралық дәрежедегі жұмысты күшейтуді мақсат тұтып отырмыз. Былтыр BBC-мен ролик түсірсек, биыл «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты тақырыпта BBC-мен 2-3 ай көлемінде ролик түсіріліп жатыр. Биылғы роликте киелі жерлер, географиялық жерлер көбірек болады», – дейді Алматы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаев.
“Жетісу 360” жобасы мен арнайы тапсырыс арқылы түсірілген бейнематериалдар “Қазақстанның қасиетті географиясы” бағытының міндеттерін жүзеге асыруда. Осы типтегі дүниелер еліміздің тарихи мұрасын өзге елдерге насихаттауда үлкен рөл атқарады. Сондай-ақ, ішкі және сыртқы туризмнің дамуына айтарлықтай үлес қосып, саяхатшылардың елге көптеп тартылуына әсер етеді.
Осы жерде ВВС секілді әлемдік аудиторияны ауызына қаратқан корпорациялармен бірігіп, «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өз өткенімізді, тарихи-мәдени һәм географиялық жәдігерлерімізді насихаттау, оларды әлем халқының назарына ұсыну – даму бағытында келе жатқан мемлекетіміз үшін үлкен жетістік екенін айта кеткен жөн.
Жастар «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру барысында заман талаптарына толығымен сай келетін ақпараттық технологияларды кеңінен пайдалануда. Бұл бағытта Талдықорғандағы жаңадан ашылған «Рухани жаңғыру» орталығында елімізге белгілі тұлғалардың қатысуымен жастарға жоғарыда аталған бағдарламаның артықшылығын, оны жүзеге асыру барысында қандай қағидаларға басымдық беру қажеттілігі туралы келелі кеңестер ұйымдастырылып тұрады. Міне, осындай жұмыстардың арқасында жергілікті кәсіпкерлер «Атамекен», «Туған жер» кіші бағыттарына белсендірек қатысып, әрбірі шама-шарқынша жаңа бастамаларды қолдауға атсалыса бастады. Қарасай ауданының орталығында «Батыр бабалар» мемориалды музейі мен тұңғыш Президентіміздің «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы іске қосылып, бүгінде халыққа аянбай еңбек етуде. Алматы облысына қарасты аудан орталықтары мен ауылдарда балабақша, мектеп, спорт кешендері, тұрғын үйлер мен жаңа алаңдар салу күн тәртібіне қойылып, алды жүзеге асып жатыр.
«2018 жылға 178 іс-шара мен жобаларды біз өз жоспарымызға қойғанбыз. Енді ол қазіргі уақытта 4 өзіміздің кіші бағытқа бөлінген. Олар «Атамекен», «Тәрбие және білім», «Ақпарат толқыны» және «Рухани қазына» деген, соған бөлінген. Жобалық кеңсе осының қалай жүзеге асуын бақылауда ұстап, барлық аймақтағы кеңселермен жұмыс жасап отыр», – дейді «Рухани жаңғыру» орталығының менеджері Гүлнар Бесбаева.
Оңтүстік астанада қорытындыланып, тарих қойнауына кеткен былтырғы жылы «Рухани жаңғыру» аясында сегіз мыңға жуық түрлі бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылып, өз деңгейінде өткізілген. Аталған жиындарға жалпы шамасы бір миллионнан астам адам қатысқан. Биылғы жоспарлар бойынша Алматы облысының басшылығы 243 мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын өткізбекші. Сонымен қатар, Жетісудің киелі жерлеріне саяхаттауға арналған 15 туристік маршрут әзірленген. Маусым айынан бастап республикадағы қалалар мен облыстарға және алыс-жақын шет елдерге ғылыми-туристік экспедициялар басталады.
Ғылыми экспедициялар барысында республика көлемінде жасалынып жатқан түрлі бастамалармен танысып, бағдарлама жолында жұмыс жасап жатқан қызметкерлер өз тәжірибелерін ұлғайтады. Өздеріңізге аян, дәл қазір Елбасының бастамасымен барлық облыста аймақтың қасиетті орындары мен тарихи жәдігерлерін қайта қалпына келтіру және оны насихаттау жұмыстары жүріп жатыр. Алматы облысының басшылығы да тарихи және табиғи ресурстардың көмегімен облысқа келетін туристер санын арттыруды көздейді.