Аңызға айналған абыз – Әбіш Кекілбайұлы
Маңғыстау облысында «Қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Маңғыстаудың төл перзенті Әбіш Кекілбайұлының шығармашылығына арналған «Аңызға айналған абыз» көркемсөз оқу шеберлерінің ІІ республикалық байқауы өтті.
Байқауға әр облыстан, Астана, Алматы қалаларынан 20-30 жас аралығындағы 15 үміткер қатысты.
«Алғашқы кіріспе сөз облыс әкімінің орынбасары М. Сқақовқа берілді. Әкім орынбасары Ә. Кекілбайұлы туралы қысқаша ой толғап, қатысушыларға сәттілік тіледі», – делінген хабарламада.
Еліміздің әр аймағынан келген қатысушылар абыз атамыздың шығармаларын мәнерлеп, нақышына келтіре оқып, 2 бөлім бойынша бақ сынасты: Әбіш Кекілбайұлының прозалық немесе драмалық шығармасынан үзінді оқу; Әбіш Кекілбайұлына арнау өлең оқу.
Әділ қазылар алқасы қатысушылардың көркем мәтінді орындау шеберлігі, ой тереңдігі, көркемдік ерекшелігі, дауыс мәнері және тіл тазалығы, көркем мәтінді таңдау талғамы, өзектілігі мен маңыздылығы, сахна мәдениеті, сондай-ақ сахналық киім үлгісін бағалай отырып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтады.
«Сонымен, жүзден жүрік болық бас жүлдені Шығыс Қазақстан тумасы Ғылымқал Манайұлы жеңіп алса, бірінші және екінші орынды сәйкесінше Асланбек Шығыров (Батыс Қазақстан облысы) пен Хайдар Қуанғалиев (Атырау облысы) иеленді. Ал, үшінші орын ақмолалық Гүлзат Қайыргелдіге бұйырды. Сонымен қатар, ынталандыру сыйлығы Айсұлу Нұртайға (Қарағанды облысы) берілді», – деп хабарлады ұйымдастырушылар.
Айта кетейік, байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері қазылар алқасының шешіміне сәйкес дипломдармен, алғысхаттармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталады.