Апта ішіндегі жаңалықтарға шолу
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында еліміздегі апта ішінде жүзеге асқан өзгешеліктерді, игі шаралардың қорытындыларын назарларыңызға ұсынамыз.
Екі еселенген шабыт
«Астана Опера» Камералық залында елорда тұрғындары мен қала қонақтарының назарына «Қос Forte & Piano» фортепианолық дуэттер кеші ұсынылды. 7-желтоқсан күні халықаралық байқаулардың лауреаттары Әйкерім Есімханова мен Дина Мирманова ансамбльде өнер көрсете отырып, романтик-композиторлар мен француз импрессионистерінің дуэтпен орындалатын фортепианолық бағдарламасын ұсынды.
Әйкерім Есімханова мен Дина Мирманова туған жерімізде де, шетелде де концерттермен сәтті өнер көреткені. Фортепианолық дуэт жетістіктерінің ішінен 2014 жылы Рим қаласында өткен Ф.Шопен атындағы Халықаралық пианистер байқауындағы жеңісін атап өткен жөн. Әйкерім Есімханова – «Болашақ» бағдарламасы стипендиясының иегері, Ганновердегі Жоғары музыка және театр мектебі мен Мюнстердегі Жоғары музыка мектебінің (профессорлар К.Окден мен К.Равенің сыныбы) түлегі, Дина Мирманова Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын (Қазақстанның Халық әртісі, профессор Ж.Әубәкірованың сыныбы) тамамдаған.
Бұл кеште әртістер норвег, венгр, чех, орыс, испан, француз сынды түрлі ұлттық композиторлық мектептердің фортепианолық музыкасын интерпретациялау өнерін паш етті.
Концертте Эдвард Григтің екі симфониялық пьесасы, ор. 14: Adagio cantabile және Allegro energico туындысы шырқалды. Көрнекті норвег романтик-композиторына шабыт берген – өз отанының бейнесі, оның табиғаты, фольклоры, рухани дәстүрі.
«Астана Опера» Камералық залы сахнасында әртістер Иоганнес Брамстың төрт венгр биін ұсынды. Венгр халық музыкасы негізінде туындаған атақты шығарма бостандық рухымен, жігерлілігімен тыңдарман назарын баурап алып, ұлттық венгр нақышын, осы халықтың алып ұшқан қуаты мен өмірге құштарлығын көрсетті.
Чех композиторы Бедржих Сметананың ең танымал туындысы – «Менің Отаным» топтамасындағы «Влтава» поэмасы орындады. Тыңдаушыларға Сергей Рахманиновтың төрт қолда ойналатын фортепианоға арналған алты пьесасы, ор.11 ұсынылды: Баркарола, Скерцо, «Орыс әні», Вальс, Романс, «Даңқ». «Орыс әнінде» «Во всю-то ночь мы темную» әні қолданылса, ал аттас әйгілі халық әніне негізделген «Даңқ» салтанатты соңғы пьесасы айрықша жасампаздығымен әрі тың ойымен ерекшеленді.
Мазмұнды концерт бағдарламасына Морис Равельдің Prelude а la nuit, Malaguena, Habanera, Feria атты Испандық рапсодиясы (автордың екі фортепианоға өңдеуі, 1895 ж. шығ.) енгізілген. Француз музыкалық импрессионизмі мен испандық халық әуендері бірегей түрде тоғысқан ерекше туынды тыңдармандарды нәзіктігімен, талғампаздығымен, сұлулығымен, батылдығымен және жаңашылдық рухымен таңдандырды.
«Астана Опера» театрының ұжымына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді
7-желтоқсан күні авторлар ұжымына: Төлеубек Нығметұлы Әлпиевке, Алан Асқарұлы Бөрібаевқа, Сүндет Әбдірахманұлы Байғожинге, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының шығармашылық ұжымына қатысушыларға – «Абай» операсы (Л.Хамиди, А.Жұбанов) үшін Қазақстан Республикасының 2018 жылғы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру туралы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы жарияланды.
«Астана Опера» шығармашылық ұжымы мұндай жоғары марапатқа алғаш рет иеленіп отыр. Айта кетер болсақ, музыка сыншылары осынау сахналық қойылымның алыптығын, көп қырлылығы мен ауқымдылығын бірнеше рет атап өткен. Ол Қазақстанның опера өнеріндегі жаңа кезең болып табылады. Спектакль тарихқа деген заманауи көзқараспен үндес әрі Тәуелсіз Қазақстан азаматтарымен ұсынылған.
Биыл «Астана Опера» театрының ұжымы «Абай» операсын Италияда алғаш рет қазақ тілінде орындады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен атақты генуялық «Карло Феличе» театрының сахнасындағы өнер көрсету орасан зор табыспен өтті.
Ұлттық өнеріміздің жауһары – «Абай» операсында айрықша музыкалық материал, мінсіз хореография, қазақ халқының бай әдет-ғұрпы, еуропалық режиссура және де, сөзсіз, қазақстандық әртістердің тамаша орындаушылық қабілеті керемет ұштасқан. Ахмет Жұбановтың шөбересі, әйгілі маэстро Алан Бөрібаев музыкалық материалдың өзгешелігі мен нақышын шеберлікпен жеткізді. Оның жетекшілігіндегі симфониялық оркестр мен хор әрдайым күшті, сәнді, жарқын әрі айқын шырқады.
2018 жылдың қаңтарында А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсы Абай атындағы МАОБТ ұсынылған болатын. Залдағы көптеген тыңдармандардың арасында композитордың қызы, биология ғылымдарының докторы Ажар Ахметқызы Жұбанова болды, ол спектакльден алған тамаша әсерімен бөлісті. «Абай» операсының қойылымына көрнекті мәдениет, саясат және қоғам қайраткерлері жоғары бағасын берген. Олардың қатарында – Әлібек Дінішев, Асанәлі Әшімов, Есмұхан Обаев және т.б. бар. «Операның жаңа оқылымы, керемет декорациялары мен костюмдері маған ерекше әсер етті. «Абай» операсының финалы өз еліңмен, тарихыңмен, əдебиетіңмен, халқыңмен мақтан еткізеді, – деді атақты қазақстандық опера әншісі Әлібек Дінішев.
«Астана Опера» репертуары «Шопениана» және «Шехеразада» бірегей балеттерімен толықты
30-қараша және 1-желтоқсан күндері «Астана Опера» хореографиялық өнердің атақты реформаторы Михаил Фокиннің «Шопениана» және «Шехеразада» бір бөлімді балеттерінің премьерасын Тұңғыш Президент күніне ұсынып, елорда тұрғындары мен қала қонақтарына керемет сый жасады. Қоюшы балетмейстерлер – Ресейдің Халық әртістері Алтынай Асылмұратова мен Андрис Лиепа.
Спектакльдердің премьерасы Астананың 20 жылдығын мерекелеу аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтті.
Бірінші бөлімде көрермен назарына көркемдік үндестігімен, ғаламат музыкасымен әрі би кескінінің молдығымен таңғалдыратын «Шопениана» романтикалық балеті ұсынылды. Қимылдағы әрекеттердің тазалығы, дәлдігі тамашалаған жанның жанарын еліктіріп жіберді. Әртістер түрлі пішіндерді жасады: біреулері гүлге ұқсаса, енді бірі геометриялық өрнектер кейпінде болды. Сахна төрінде ақынның қиял әлемі шарықтап, оның айналасында әуедей жеңіл балериналар қалықтайды. Көгілдір тартқан болмашы жарық спектакльге одан сайын романтикалық реңк үстеді.
Айта кетсек, биыл «Шопениана» балетіне 110 жыл толды, дегенмен ол өзінің бірегей хореографиясының арқасында өзектілігін жоғалтпаған. М.Фокиннің сөзінше, ол «шартты балет биін өзінің асқақ даму кезеңіне қайтаруға тырысқан».
Қоюшы балетмейстер А.Асылмұратова Фокиннің бірегей балет стилін дәл жеткізе алды, хас шебердің қолы бастың бұрылуынан, жетекші солистердің көзқарасынан бастап қол мен аяқ позицияларына дейінгі барлық нәрсеге жанасқаны бірден сезіліп тұрды.
Солистер қимыл-қозғалыстардың әуенділігі мен керемет үйлесімін паш етті, ал оны қоюшы балетмейстердің ассистенттері – Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Константин Заклинский және Елена Шерстневамен бірге жасап, меңгерген.
Сахна көлемді декорациялармен толтырылмаған, ал қолмен жазылған артқы шымылдық жалпы көріністі тамаша толықтырды. Сценография бойынша жауапкершілік Виктор Карареге жүктелген, ол сахнаны Александр Бенуа мен Орест Аллегридің эскиздері негізінде безендірген. Костюмдер бойынша суретші Арасель Досмұратова барлық көйлектерді ақ түсте жасап, балериналардың бейнесін нәзік қызғылт диадемамен толықтырған.
Әр күндері Бозбаланың қарапайым емес партиясын Еркін Рахматуллаев пен Олжас Тарланов тамаша орындап шықты. Әртістердің әрқайсысы арманшыл көңіл-күй мен сүйіспеншілік сезімін жеткізе алды. Керемет, үлкен дарындылықты қажет ететін Жетінші вальсті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Мәдина Басбаева және Әйгерім Бекетаева бірдей жоғары деңгейде көрсете білді. Он бірінші вальсте Мөлдір Шәкімова және Аделина Төлепова өнер көрсетті. Прелюдты Марико Китамура, Анастасия Заклинская орындады.
Неоромантикалық «Шопенианаға» қарама-қарсы болған – композитордың ең үздік туындыларының бірі – Н.Римский-Корсаковтың симфониялық сюитасының музыкасына жазылып, сан алуан бояулармен қаныққан «Шехеразада» балеті.
Музыка балетке арналмаған болатын, алайда Михаил Фокин биге мінсіз үйлесетін әуендерді ести алды. Хореограф музыкалық мәтінді еркін пайдаланған.
Осылайша, бірінші бөлім увертюра рөлін атқарды, онда ертегі сарындары мен шығыс тақырыбы бейнеленді. Әртістер ортаға шықпастан бұрын, осы музыка шырқалған кезде көрермендер сахнаның барлық кеңістігін түгелдей алып тұрған қолмен жазылған артқы шымылдықты сүйсіне тамашалады. Сурет қамалда өмір сүретін жұмбақ қыздардың тарихынан сыр шертіп, бай табиғат көрінісін суреттеді, тіпті сарқырамадан сергітер ауа сезілгендей болды, ал дегелек құс пен алаңсыз жайылып жүрген жануарлар тыныштық көңіл-күйін білдірді. Жарық бойынша суретші картинаның жекелеген бөліктерін бірде анық, бірде жеңіл тұманға сіңіп, көрінбейтіндей етіп қойған.
Увертюра аяқталған соң көрермендер қоюшы дирижер Арман Оразғалиевке толассыз қол соғып, ыстық ықыластарын білдірді, спектакль бойы жоғары деңгейдегі шеберлігін паш еткен «Астана Опера» Симфониялық оркестрінің тамаша музыканттарының өнеріне де шексіз қошемет көрсетілді. Скрипкаға арналған жеке партияны Қаламқас Жұмабаева және Бағдат Әбілханов тамаша орындады.
«Шехеразада» – бұл оқиғалар желісі бар балет, оның басты тақырыбы – Сұлтан Шахриар мен оның сүйікті жары Зобеиданың қарым-қатынасы. Либреттоға сәйкес әйелдердің опасыздығына көзі жеткен сұлтанның інісі Шахезман ағасына аңға шығуға кеңес береді. Сұлтандар жоқ кезде гаремде барлығы махаббатқа беріледі, «сауық-сайран» қыза түскен сәтте күтпеген жерден сұлтан қайтып оралады. Ол өз күңдерін, белсіздер мен құлдарды жазалауға бұйрық береді, Зобеида қолына қанжар алып, өз-өзіне қол жұмсайды. Шахриар опасыз болса да сүйікті жарының өлі денесіне қарап, егіле жылайды.
Ресейдің Халық әртісі Андрис Лиепа М.Фокиннің балетін алғаш рет қайта жаңғыртып отырған жоқ. Балетмейстер «Шехеразаданы» көрнекті хореографтың ең үздік шығармаларының бірі деп есептейді. Ең алдымен, спектакль үйлесімді, әдемі әрі ерекше болып шыққан. Бұл шығыс экзотикасында ессіз махаббат құштарлығы жасырынған пластикалық драма. Балеттанушылардың айтуынша, Фокин ескі балетке тән классикалық биден, пуанталар мен шартты ым-ишарадан бас тартып, шығыс стиліндегі жаңа пластика тілін қалыптастырған, барлық әрекет пен сезімдерді дене қалыптарымен, қимылдарымен жеткізген.
«Өлкетану» оқулығының тұсауы кесілді
С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханасының мәжіліс залында «Өлкетану» оқулығының тұсауы кесілді. Көптен күткен оқулықтың тұсаукесер рәсіміне ғалымдар мен ұстаздар, зиялы қауым өкілдері жиналды. Шараның беташар сөзін алған облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев: «Бұл оқулық Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» стратегиялық мақаласының аясында жарыққа шықты. Тамыры жоқ тау болмас, тарихы жоқ ел болмас» дегендей оқулықта туған жеріміз Ертіс өңірінің төл тумалары ұлы тұлғаларынан бөлек, қасиетті жерлері, асу белдері жазылған. Оқулыққа әдебиет, тарих, археология, география, биология саларынан мәліметтер келтірілген. Бұл бастаманың ұрпақ үшін маңызы зор болатынына сенемін» деп атап өтті.
Оқулық 2019 жылдың бірінші қаңтарынан бастап мектептерде оқытыла бастайды. Осылайша өңір оқушылары өз туған жерлерінің қысқаша тарихымен, мәдениетімен танысуды бастамақ. Жиында сөз алған облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы оқулықтың ұрпақ тәрбиесі үшін аса маңызды екендігін атап өтті: Бүгін ерекше үлкен оқиға болып отыр. Бүгін тек қана мұғалімдер емес ғалымдар мен ұстаздар қайраткерлердің бас қосқан күні. Бұған «Өлкетану» оқулығының жарыққа шығып, оқушыларға жол тартуы себеп. Бұл оқулық осы өңірдің керемет тарихын, керемет географиясын, сұлу табиғатын, аңдарын, адамдарын, салт-дәстүрлерін көрсетіп отыр. Осы оқулықты оқыған балалар туған жеріне деген махаббаты оянып, сол арқылы тұтас елді сүйеді деген сенімдемін»
Оқулықтың авторлар тобының жетекшісі, ПМПУ ректоры Алтынбек Нухұлы мен «Нұр Ана әлем» қоғамдық қорының жетекшісі Бақытжамал Максилова «Өлкетану» оқулығының ресми тұсауын кесті. Жиын барысында сөз алған ПМПУ ректоры, «Өлкетану оқулығының авторлар тобының жетекшісі Алтынбек Нухұлы оқулық негізгі концепциясы мен ұстанымына тоқталды: «Әйгілі ғалым Ақселеу Сейдімбектің «төл тума қасиеті жоқ адам пенде, төл тума тарихы жоқ халық тобыр» деген сөзі бар. Өзінің ұлтын сүйетін, отансүйгіш, өзінің ұлтжандылығын көрсететін дүниелер ол осы төл тума қасиеттер арқылы келеді. Сондықтан, біздің алдыға қойған мақсатымыз бұл жерде төлтума дүниелерді, төлтума тарихты алдыға келтіру болатын. Негізгі мақсат пен мүдде, мұрат осында жатыр. Оқулықтың құрылымы мен мазмұны төңірегінде «Өлкетану» оқулығы авторлар тобының мүшесі, ПМПУ профессоры Мансия Алинова оқулықтың құрылымы мен мазмұнынан тоқталды. Оқулықтың құрылымы ел бойынша бірдей болғанымен, мазмұны әр түрлі. Өйткені, әр өңірдің өзіндік тарихы бар. Бірнеше пәннің мәліметтері біріге отырып, 5-7 сыныптың оқушысына жеңіл әрі түсінікті тілде жазылған. Ғалымдардың дәл осы сыныптарға арнап жазуының да мәні бар. Дәл осы жаста (11-13 жас) жасөспірімдер құндылықтарды қабылдап, тарихи сана қалыптасуының алғашқы сатысын бастайды. Оқулық ғылыми, пәндік, оқу-әдістемелік, әлеуметтік, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша сараптамалардан өтті.
Көкшетауда Жабал Ерғалиевтің жаңа кітабының тұсауы кесілді
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Көкшетауда «Әлемге! Ғарышқа! Болашаққа жол ашқан Тұңғыш!» атты кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды ішкі саясат басқармасының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Кітаптың авторы – танымал журналист, драматург, қоғам және саясат қайраткері, 5-ші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев.
Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында жарық көрген кітап Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қызметіне арналды.
Бұл маңызды оқиғаны жазушымен бөлісуге оның әріптестері, өңірдің шығармашылық және ғылыми интеллигенция өкілдері келді.
Жабал Ерғалиевті облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің атынан орынбасары Айна Мысырәлімова құттықтап, Тәуелсіз Қазақстанның тарихы мен мемлекет басшысының тағдыры – барлық халықтың тағдыры екенін атап өтті.
«Әлемдік аренада елдің беделінің өсуі, қазақ халқының тәуелсіздігіне қол жеткізу Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен байланысты», – деді облыс әкімінің орынбасары.
488 беттік басылым үш бөліктен тұрады. Біріншісі Ерғалиевтің мақалалары. Екінші тарауда – мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың қатысуымен қазіргі заманғы Қазақстанның тарихындағы жарқын кезеңдердің бірі бейнеленген. Олардың ішінде БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында, Әлемдік діндер съездерін ұйымдастыруда, Астанадағы ЕҚЫҰ саммитінде сөйлеген сөздері бар. Автор өз кітабында Қазақстан халқына Жолдаудың маңыздылығын, биліктің алдында тұрған міндеттерді және осы бағдарламалық құжатты жүзеге асырудың қоғамға және экономикаға әкелетін артықшылықтарын көрсетті. Кітаптың үшінші бөлімі – халық пен Елбасы туралы ойлар мен пікірлер
Жабал Ерғалиевтің кітабының алғашқы иегері М.Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана атанды. Кітапхананың қорын автордың өз қолынан табысталған 20 кітабы толықтырды.
«Шығармашылық. Жасампаздық. Инновациялар» атты көшпелі қор көрмесінің ашылуы
Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған «Тұңғыш» көшпелі экскурсиялық жобасының тұсаукесер рәсімін өткізеді.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы Махмұд Қасымбеков және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, қала тұрғындары, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері қатысты.
Елбасы кітапханасының «Тұңғыш» көшпелі экскурсиялық жобасы Мемлекет басшысының жасампаз идеялары мен бастамаларын, кітапхананың бірегей қорларын насихаттап, келушілерді Н. Ә. Назарбаевтың өмір жолы мен қызметімен таныстырды.
Аталмыш іс-шарамен қатар «Шығармашылық. Жасампаздық. Инновациялар» көшпелі қор көрмесінің де ашылуы өтті. Көрме Елбасы кітапханасының архив, музей және кітапхана жинағы материалдары арқылы Мемлекет басшысының білім және инновация саласындағы жасампаздық жолына шолу жасауды көздейді.
Көрмеде Мемлекет басшысына ерен еңбегі мен жаһандық бастамалары үшін берілген қоғамдық наградалар кешені ұсынылады. Н. Ә. Назарбаев көптеген отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының құрметті докторы, профессоры. Экспозицияда алғаш рет Еуропа, Америка және Азия елдерінің беделді жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелерінен тарту етілген 25 мантия қойылды.
Елбасы кітапханасының «Тұңғыш» көшпелі экскурсиялық жобасы туралы мәлімет
«Тарихи таңдау. Бастау», «Тарихи таңдау. Өрлеу», «Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі», «Атамекен» – тақырыптарына көшпелі экскурсиялар өткізіледі.
«Тарихи таңдау. Бастау» – тақырыптық көшпелі экскурсиясы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, Жоғарғы Кеңес төрағасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне дейінгі сирек фотосуреттер, бейнематериалдар, мұрағаттық құжаттардың толық кешенімен және өмірбаянымен байланысты деректермен таныстырады. Тыңдаушылар ХХ ғасырдың 60-70 жылдарындағы құжаттармен танысып, Қазақ КСР республикалық баспасөзінде жарияланған мақалаларды оқи алады.
«Тарихи таңдау. Өрлеу» экскурсиясының негізгі мақсаты – мұрағат материалдары негізінде әлемдік қауымдастық елдерімен тату көршілік пен ынтымақтастықты дамытуға бағытталған Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы қадамдары негізінде дәйекті түрде толық көрсету. Экскурсияның 1991-2000 жылдардағы хронологиялық шеңбері – тарихи салдары бойынша ең драмалық кезең болды.
«Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі» тақырыптық экскурсиясы әр жылдары Н.Ә. Назарбаевқа берілген шетелдік жоғары наградалардың коллекциясымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың мемлекеттік және қоғамдық наградалардың үлгілерімен таныстырады.
«Атамекен» тақырыптық экскурсиясы мектеп оқушыларына өткізіледі. Экскурсияның негізгі мақсаты баланың жеке қасиеттерін қалыптастыратын мұражай құндылықтарын көрсету болып табылады. Материалдар Н.Ә. Назарбаевтың туған жері, отбасы, балалық шағы, мектеп жылдары туралы баяндайды. Оның өмірбаяны тәуелсіз Қазақстанның тарихымен тығыз байланысты.
Көшпелі экскурсиялардың форматы қатысушыларға бірегей материалдар жиынтығымен танысуға, оның ішінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының тарихи жолын ашатын бейнохрониканың сирек кадрларын, фотосуреттер мен мұрағаттық құжаттарын және мұражай экспонаттарын қолға ұстап көруге мүмкіндік береді.