Жаңалық

Ақжігіт ауылында мерейлі той

Ақжігіт ауылының торқалы тойында Шоғы батыр ұрпақтары ауыл маңына 21 үй тігіп, үлкен ас берді. Сонымен қатар, дүбірлі той аясында ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды.

Ынтымағы мен ырзығы қатар бой алған бұл ауылдың 50 жылдық мерекесіне орай берілген аста ата-баба рухына құран оқылды. Мерейтой аясында ұйымдастырылған қазақша күресте «Қара бура» деген лақап атпен танылған «Маңғыстаудың түйе палуаны» Нұрдәулет Жарылғапов жеңіске жетіп, бас жүлде 300 мың теңге сыйақыны қанжығасына байлады. Ал ІІ орынды Түпқарағандық Жасұлан Таңатов иеленсе, ІІІ орынға Оразалы Төлеев жайғасты.

Ауылымызда бұндай үлкен той алғаш рет болып отыр. Қазақ күресінен жеңімпаз болдым. Бұл жеңісімді ауылыма арнаймын. Ауылымызда той көп бола берсін, ауыл азаматтары мен ағаларымызға үлкен алғыс айтқым келеді. Жан-жақтан келген палуандар болды. Ауылдастарым қолдаған соң, жеңіске жеттім деп ойлаймын, – дейді ауыр салмақта белдесетін қазақ күресінен ҚР чемпионы, дзюдодан ҚР біріншілігінің күміс жүлде иегері, «Каспий көкжалы» белбеуінің иесі Нұрдәулет Ниетоллаұлы.

Ал ат шаптырып, бәйге ұйымдастырылған алаңда адам қарасы жетерлік. Қайсысы жүйрік шығар екен деп жиналған жұрт бәйгені көз жазбай тамашалады. Әр айналым сайын қолдау көрсетіп тұрған халық әр жануардың шабысына сүйсініп, қошеметке бөледі. 15 шақырымды құраған ошақ бәйгеде 8 ат бақ сынап, мәреге алғаш жеткен шабандоз 800 мың теңге сыйақыны иеленді.

Айналаны шаңға бөктірген аламан бәйгеде 7-нөмірлі Бақбер Бөлтеков тағы да оза шауып, бас жүлденің 2 млн.теңге сыйақысына ие болды. Бұл бәйгеде жас жеткіншек Әбдіғали Таңатаровтың атымен шапты. Ол бұдан бұрын Сисем ата рухына берілген астың бәйгесінде межені алғаш кескен еді.

Бүгінгі Ақжігіт ауылының 50 жылдығының асында аламан бәйгеден бас жүлдені алғаныма өте қуаныштымын. Бәйгеде топ бастап алға шығу оңай болған жоқ. Әйтсе де бәйгенің қыр-сырын біліп жүрген соң, алға суырылып шығып жүлделі болып отырмыз, – дейді аламан бәйге жеңімпазы Бақбер Бөлтеков. 11 жастағы ақтаулық шабандоз 4 жылдан бері атқа мініп, бәйгелерге қатысып жүр. Бағы жанған 6 сынып оқушысы қажырлық пен кәсібиліктің арқасында басқаларға дес бермей тұр.

– Ақжігіттіктер мен Бейнеуліктерді мерейтоймен құттықтаймын, осы тойды ауызбіршілікпен атқарған Шоғы ұрпақтарына алғыс айтамын. Тойға тек Маңғыстау облысы емес, Атырау, Ақтөбе, Түркістан, Алматы облыстарынан көптеген қонақтар келіп жатыр. Олар ауызбіршілікке тәнті болып жатыр. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, – дейді Шоғы батыр ұрпағы, МО мәслихат депутаты Жаңбырбай Дәрменов.

Аламан бәйгеде межеге төртінші болып жеткен мұнайлылық шабандозға ынталандыру сыйлығы ретінде 50 мың теңгені табысталды. «Шоғы» қоғамдық қорының жоспарда болмаған бұл әрекетіне жұрт сүйсінді. Осылайша Ақжігіттегі той тәмамдалып,  бірлігі жарасқан ауылдың қуанышына ортақтаса келгендер мерейлі мекенмен қимай қоштасты.

Маңғыстау облысы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button