АҚТӨБЕ МАЗАРЫ (ҚҰЛАН-БҰЛАН, АҚ КҮМБЕЗ)
Орналасқан жері: Байзақ ауданы, Абай ауылының солтүстік-батысында
6 шақырым жерде және Мәдімәр ауылынан 15 шақырым қашықтықтағы жазықта орналасқан, ХVІІІ ғ. соңы мен ХІХ ғ. басына жататын ескерткіш.
Кесененің шаршы тәрізді аумағы 6,2 х 6,2 м келетін бір бөлмелі құрылыстан тұрады. Құрылыстың негізгі қабырғасы күйдірілген кесектен қаланған. Төбесі көлемді келген биік барабанды күмбезбен жабылған. Күмбездің қабырғалары мен төбесінде арабша жазулар, әр түрлі суреттер: байлаудағы жылқылар, ұзатылған қыздың көріністері бар бейнелер болған. 1970 жылы қабырғалары мен күмбезі айтарлықтай бұзылып, қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілгенде суреттер мен жазулар жойылып кеткен.
Ақ күмбез (Құлан-Бұлан) халық арасында әулиелі жер ретінде танылған. Аңыз-әңгімелерде Ақтөбе мазарында Құлан деген өзі төре, өзі би болған адам жерленген (кейбір әңгімелерде мазарда екі ағайынды Құлан және Бұлан деген төрелер жерленген) делінеді.
Бір деректерде Құлан ХІХ ғ. 30-жылы Ұлы жүздің руларын басқарған сұлтан, қытай билеушілерімен тығыз байланыста болған және жауларының атының үзеңгісіне у жағып жіберуінің салдарынан Ақтөбе деген жерге келіп қайтыс болғандығы айтылады.
Аспандияр ханның ұрпағы Құлан – халық арасында өзінің әулиелік, діндарлық қасиетімен ел басқарып үлкен беделге ие болған адам. Кейін басына тұрғызылған күмбезге халық көптеп келіп, мінәжәт ететін орынға, әулиелі, киелі жерге айналады. Бір кездері хан тұқымының ордасы ретінде күмбезді талқандауға барғандар мерт болған. Осыдан кейін оны бұзуға ешкімнің дәті бармай, күмбез аман қалған.