Жаңалық

Ақтөбеде Молдабайдың ескерткіші ашылды

Мәртөк жерінде өмір сүрген, Алашқа аты мәлім, ән мен жырдың майын тамызған, суырыпсалма ақындығымен ел жадында ерекше сақталған, өз заманының ақыны, әнші-композитор Тәңірберлі Молдабайдың рухына арналып аудан көлемінде өткен іс-шара Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылды.

Ертемен аудандық Мәдениет үйінің алдына көптеп жиналған жұртшылық ақынның ескерткішінің ашылу салтанатына куә болды. Онда молдабайтанушы, ҚР Мәдениет қайраткері Еркін Құрманбеков: «Қазақта «сабақты ине сәтімен» деген сөз бар, 25 жылдан бері Молдабай туралы деректерді зерттегенмен, Мәртөк ауданында талай оқиғалар орын алды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде Тәуелсіздіктің туын тіккелі Молдабай біздің мұрамызға қайтып оралды. Тарихты жаңғыртып, осы киелі өлкедегі дауысы алты алашқа жеткен әншінің құрметіне бүгінде ескерткіш ашылып отыр. Сондықтан да бұл тарихи сәт өскелең ұрпақтың жадында қалары сөзсіз», — деді.

Шарада ескерткіш алдына гүл шоқтары қойылып, көпшілік естелік суретке түсіп жатты. Ескерткішті сомдаған — мүсінші Аяпберген Қарпықов. Ол бұдан бұрын да Әйтеке би, Былшық би, Ботагөз батыр тәрізді көрнекті тұлғалардың ескерткіштерін жасаған болатын.

Ауданда ақынға арналған шара мұнымен шектелген жоқ. Бұдан соң жұртшылық Мәдениет үйінде ұйымдастырылған «Тағалаған жорғадай, Тәңірберлі Молдабай» атты облыстық ақындар айтысын көруге асықты. Мәдениет үйінің кіреберісінде қонақтарға көңіл күй сыйлаған өнер мектебінің жастары домбыра, скрипка, қобыз аспаптарында Молдабайдың әнін орындады.

Айтысқа облыстың барлық ауданынан жас ақындар келіп қатысты. Сөз додасына аудандағы Қ.Медетов атындағы өнер мектебінде ашылған айтыс үйірмесінің ұстазы, айтыскер ақын Марат Ахметов екі шәкіртін — 11-сынып оқушылары Жаңажол Мұқанов пен Наурызбек Әбілқасымовтарды үміткер ретінде бәйгеге қосты. Сахнада қызыл тілге ерік берген айтыскерлер Жұлдыз Қожабекова, Жәнібек Бейбітов, Данияр Алдабергенов, Елшат Әуезхан, Нартай Тілеуұлы, Қайырхан Жұбаниязов, Нұрбол Жауынбай, Айболат Көшкінбай, Олжас Рүстемов және Қытай елінен келіп, Ақтөбеде оқып жатқан қандасымыз Самғар Орынбайлар өзара бәсекеге түсті. Олар тілге шешен, сөзге бай Тәңірберлі Молдабайдай осы өңірден шыққан қазақтың белгілі тұлғаларын жас ұрпаққа таныту, санасына сіңіру мақсатында жыр бәйгесіне түсті. Ақындар Тәңірберлі Молдабайдың өнегелі өмірі мен өнерін жас ұрпаққа насихаттап, дәріптеу мақсатында өткізіліп жатқан іс-шараларға мұрындық болған аудан әкімі Нұржауған Қалауовқа ризашылықтарын білдіре отыра, ел көкейінде жүрген біраз мәселелерді  көтерді.

Айтыста аудан әкімі шараға келген қонақтарға алғысын білдіріп, дара тұлғаны жырға қосар жас дүлдүлдерге сәттілік тіледі. Сондай-ақ, ол жиналғандар алдында келер жылы Тәңірберлі Молдабайдың 160 жылдық мерейтойын облыс көлемінде атап өту жоспарда барын, аудандық Мәдениет үйіне осы кісінің есімін беру жұмыстары қолға алынғанын айтты.

Айтыста құрамында Оралбай Кәметия, Орал Бәйсеңгір, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қыдырбай Шудабаев, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық ұйымының төрайымы Қымбат Сүйінғалиевалар болған қазылар алқасына халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, ақын Ертай Ашықбаев төрағалық етті. Айтыс қорытындысы бойынша бас жүлдені астаналық ақын Данияр Алдабергенов иеленсе, бірінші орын сахнаның сәнін келтірген ақын қыз Жұлдыз Қожабековаға бұйырды. Екінші және үшінші орындар Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің қызметкері Жәнібек Бейбітов пен мәртөктік балғын ақын Жаңажол Мұқановқа бұйырды.

Іс-шаралар кезінде Молдабай жерленген қорымда Құран оқылып, атақты әнші-сазгердің ұрпақтары тұратын Қызылжар ауылында баба рухына арнап ас берілді.

Молдабай есімін ұлықтауға арналған танымдық кеште  «Тілге шешен, әнге бай» атты кітаптың тұсауы кесілді. Конференцияда Еркін Құрманбеков, туысы Райса Жанғалиева, аудандық газеттің тілшісі, өлкетанушы Елена Ониськовалар Тәңірберлі Молдабай туралы білген-түйген мәліметтерімен, зерттеу қоржынындағы дүниелерімен бөлісті. Сонымен қатар, көпшілік елге танымал дәстүрлі әнші Ерлан Рысқалидің Ұлыбританиядан жолдаған бейнеқұттықтауын тыңдады.

Тәңірберлі Молдабайға арналған іс-шаралар кезінде жұртшылық аудандық орталықтандырылған кітапхана, тарихи-өлкетану музейі, оқушылар үйі, балалар шығармашылығы орталығында ұйымдастырған көрмелерді тамашалап, жәрмеңке кезінде табиғи өнімдерден дәм татты.

 Аманат ҚАЛПИЕВА

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button