Жаңалық

Астанада «Рухани жаңғыру» бағдарламасының барысы талқыланды

Ағымдағы жылғы 28 қыркүйек күні Астанада «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру барысы мен әрі қарай дамыту бағдарын қорытындылау мақсатында барлық өңірлердің қатысуымен семинар-мәжіліс өткізілді.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы еліміздің дамуы және көркеюі жолында атқарылуы тиіс мақсат-міндеттерді айқындап, бірқатар ірі жобалардың қолға алынуына серпін берді. «Қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағидаларын қалыптастыруды ғана емес, сонымен бірге, біздің заман сынағына лайықты төтеп беуімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруымызды да талап етеді. Осыған байланысты, мен алдағы жылдарда мықтап қолға алу қажет болатын бірнеше жобаны ұсынамын», – деп көрсетілген аталмыш бағдарламалық мақалада.

Аталмыш семинар-мәжілісті ұйымдастырушы Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму министрлігі болып табылады. Осы шараға Президент әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің жетекшісі Аида Балаева, қоғамдық даму министрі Дархан Қалетаев, ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев, білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова және өзге де мемлекет қайраткерлері қатысты.

Семинар жұмысын алғысөзбен ашқан министр Дархан Қалетаев өз сөзінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы халықтың өткенін, бүгінін және келешегін байланыстыруға бағытталған ауқымды платформа болып табылатындығын айтты. «Бұл бағдарлама барлық халыққа арналған және қоғам өмірінің барлық салаларын қамтиды. Сондықтан да, біз бағдарламаны жүзеге асыруға еліміздің барлық құрылымдарының белсенді қатысуын қамтамасыз етуіміз тиіс»,- деді Дархан Қалетаев. Министр өз тарапынан «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша бірқатар ұсыныстар айтты.

Семинар-мәжіліс барысында еліміздің әлеуметі мен халықтың әл-ауқатын дамытуға қатысты маңызды да өзекті мәселелер талқыланып, сондай-ақ қатысушылар тарапынан ұсыныстар мен жоспарлар айтылды. Мәселен, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда әлеуметтік желілердің әлеуетін қолдану, сонымен қатар, аталмыш бағдарламаның барысына Сарапшылар кеңестерін қатыстыру және тың ойлар мен ерекше шешімдерді табумен айналысатын топтармен өзара байланысты күшейтуге қатысты нақты ұсыныстар айтылды.

Сондай-ақ, осы семинар-мәжіліс аясында кездесуге қатысушылар меценаттардың форумын жыл сайын өткізуді және сәйкес ұлттық сыйлықақыны тағайындауды ұсынды.

Семинар-мәжілістің жұмысы екі күнге созылды. Яғни, 29 қыркүйек күні панельді сессия өткізілді. Аталмыш панельді сессияда «Туған жер», «Қазақстанның 100 жаңа есімі», «Қасиетті Қазақстанның географиясы», «Латын графикасына көшу» және «100 жаңа оқулық» тақырыптары талданып, талқыланды.

Бүгінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көптеген жобалардың жүзеге асырылып жатқандығын білеміз. Мәселен, осы жылдың өзінде Қазақстанның 110 университетінің студенттері 18 жаңадан аударылған оқулықтар бойынша білім алуға мүмкіндік алады.

Білім – бұл мемлекеттің табысты болуының ең басты санаттарының бірі болып табылады. Осы орайда елдің білім беру жүйесіне баса назар аударылатындығы белгілі. Қазіргі таңда мемлекеттік тілде тәлім алатын көптеген қазақстандық студенттерге сапалы оқулықтардың жетіспеушілігі орын алуда.

Елімізде «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында студенттердің толыққанды білім алуына қажетті шарттарды қамтамасыз ету үшін қоғамдық және гуманитарлық ғылымды дамыту жөніндегі «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бастау алды.

Бұл жоба аясында әлем бойынша ең үздік деп табылған оқулықтар қазақ тіліне аударылады. Атап айтқанда, тарих, саясаттану, әлеуметтану, пәлсапа, психология, мәдениеттану, дін тану, лингвистика, экономика, менеджмент, кәсіпкерлік, инновациялар тақырыбында кітаптар қолға алынады.

Осы мақсатты толыққанды жүзеге асыру үшін Қазақстандағы аудармалар құрылымы базасында арнайы «Ұлттық аударма бюросы» атты коммерциялық емес, мемлекеттік емес қоғамдық ұйым құрылды. Ұлттық аударма бюросы Үкіметтің тапсырысы бойынша 2017 жылдың жазынан өз жұмысын бастады.

Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы болуы керектігін айтқан болатын. Яғни, адамзат өмір сүру үшін өзгере білуі керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп, ұмытылады. Бұл ақиқатқа тарих беттерінен көз жеткізе аламыз.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button