Мақала

Ауылдағы 6 күн

Бір топ қаланың баласы жиылып, ауылға барып, тұрмыс-тіршілігімен, шаруашылығымен, салт-дәстүрімен таныса бастаса тамаша емес пе? Енді бұның шынымен жүзеге асып жатқанын елестетіңіз. Жарасымды ма?

 

«Ұзақ күттірген әлегі,

Құдай-ау неткен әдемі!

Далалақтарың ұқпаған,

 

Қалалықтардың әлемі», – деп келетін Аян Мейраш ақынның өлең жолдары бар еді. Дала баласының қала сәнін сипаттаған алғашқы сөздері. Алғашқы пікірі. Тамаша-ақ! Ал ауыл тіршілігімен алғаш танысқан қала баласының пікірі қандай болады екен? Қалалықтарың ұқпайтын далалақтардың әлемі қандай?

 

Елестетіп көріңізші. Бір топ қаланың баласы жиылып, ауылға барып, тұрмыс-тіршілігімен, шаруашылығымен, салт-дәстүрімен таныса бастаса тамаша емес пе? Енді бұның шынымен жүзеге асып жатқанын елестетіңіз. Жарасымды ма? Әрине! Саналы түрде «Рухани жаңғыру» деп осындайды айтар едім.

 

Қызылорда облыстық білім басқармасының «Дарын» қосымша білім беру орталығы мен «Рухани жаңғыру» орталығының ұйымдастыруымен өтетін «Өзекті ауыл өмірі, қарбалас қала тірлігі» атты мектеп оқушыларының жеті күндік саяхаты Арал ауданынан басталады. Ауылдық аумақтарды жаңғырту, балаларды ауыл өмірімен таныстырып, елдегі еңбек адамы мәртебесінің жоғары екенін танытып, қоғамның ауылға деген көзқарасын өзгертуге арналған шараға қала мектептерінде оқитын 50-ден астам оқушы қатысады.

 

Саяхаттың мақсаты – оқушыларды әр ауылдың ерекшелігіне сәйкес елдің тұрмыс-тіршілігімен, ауылдардың дамуымен таныстыру, оларды еңбекке бейімдеу, еңбек адамын құрметтеуге үйрету, оқушыларға тұрмыстық салт-дәстүрлерді көрсету, олардың отбасы тәрбиесіндегі маңызын түсіндіру, ауылдық жерлердегі рухани құндылықтарды насихаттау, ұрпақтар сабақтастығын сақтау.

 

Саяхат барысында балалар «Менің ауылға деген көзқарасым» атты диалог алаңы, қыз балаларға арналған «Шебердің қолы ортақ» атты жүн бұйымдары өнімдерімен жұмыс, ер балаларға арналған ұсталық өнер сабақтары ұйымдастырылады. Сонымен қатар, ауыл кәсіпкерлерімен «Түйе шаруашылығы – ата-баба кәсібі» атты сұқбат алаңы ұйымдастырылып, ұлттық салт-дәстүрлерге арналған тренинг өтеді.

 

Сапар аясында балалар айран пісу, күбіден май алу, сүзбе дайындау технологиясымен танысып, бақша жұмыстарына араласады, ұлттық ойындардан жарыс ұйымдастырылады. Осылайша олардың ауыл жайлы, оның тіршілігі туралы танымы кеңейе түсетіні сөзсіз. Саяхаттағы негізгі шара Арал ауданы тұрғындарының атакәсібі – балық шаруашылығына байланысты болмақ. Арал қаласындағы «Балықшылар мұражайында» шаруашылыққа қатысты құнды мұралар сақталған.

 

Мұражай 2012 жылы ашылған. Онда түйе шана, ат шана, шығыр, көптеген кемелер мен қайықтар сынды көптеген экспонаттар бар. Әр кеменің сыртқы бетінде кеме капитандардың аты-жөні жазылған. 1200-ден аса жәдігер жинақталған музей «Балықшылар» және «Кемелер» залынан тұрады. Мәдениет ошағы ХІХ ғасырдағы орыс архитектурасы үлгісінің негізінде салынған.

 

«Балықшылар музейі» залында қазіргі таңда Социалистік Еңбек ері, мемлекеттік сыйлық иегері атанған балықшылардың және қоғам қайраткерлерінің портреттерімен қатар фотосуреттері ілінген. Соцалистік Еңбек ері Бақыт Рысқалов қызмет жасаған кездегі арбасы, балықшылардың ау құралдары, шағын қайықтан бастап кемелердің техникалық құрал жабдықтары орналасқан. Ғимаратқа 5*25 метр болатын «Лев Берг» кемесі жалғасып, ауласында өткен ғасырдағы балықшылардың үш кемесі жәдігер ретінде тұр.

 

Шара барысында 29 тамыз күні оқушылар Арал қаласында болып, осы музейге ат басын бұрады. Ондағы құнды жәдігерлермен танысып, таным-түсініктерін кеңейтеді. Одан соң, қаладағы «Атамекен» балық өнеркәсібі зауытына барып, балықшылармен кәсіби бағдарлы кездесу өткізіп, халықаралық стандарт деңгейінде жұмыс істеу тәжірибелерімен танысады. «Атамекен» зауыты балық өнімдерін (мұздатылған және кептірілген балық, балық филесі мен стейк, балық фаршы және т.б.) өндірумен, қайта өңдеумен және сатумен айналысады. Өнімдері Ресей, Польша, Голландия, Германия және Австрияға экспортталады. Кәсіпорында 40 адам жұмыс жасайды, маусымдық кезеңде 100 адамға дейін жұмысқа тартылады.

 

Зауыт Оңтүстік Кореялық технология бойынша салынған, жылына 6 мың тонна өнім өндіреді. Зауыт директоры «СПК Қызылорда балық» ЖШС құрылтайшысы, жергілікті кәсіпкер Аманбай Ерхатов аудандағы «Бөген» ЖШС, «Қарашалаң сервистік дайындау орталығы», зауыттарынан бөлек 2016 жылы Ресейден де зауыт салды. Ульяновск облысы, Тинск ауылынан ашқан «Рыбный край Димитровград» Қазақстан -Ресей бірлескен кәсіпорнында қазіргі таңда 80-ге жуық адам еңбек етіп жатыр. Негізінен зауытқа шикізат Кіші Арал теңізінен жеткізіліп отырады және ондағы өңделген су маржандары Мәскеу, Санкт-Петербург, Нижний Новгород, Дондағы Ростов, Казан секілді ірі қалаларға сатылымға шығарылады.

 

Мектеп оқушылары мен ауыл тұрғындары қатысатын бұл іс-шараның мақсаты: Арал ауданы экономикасының негізгі тірегі болған өңдеуші өнеркәсіп саласымен таныстыру және балық шаруашылығының кешегісі мен бүгінгісін көрсету. Аға буын өкілдері айналысқан балық шаруашылығымен балаларды таныстыру. Аудан орталығындағы кәсіпорынның әлемдік стандартқа сай өнім шығарып, оны әлем елдеріне экспорттап отырғанын көрсету.

 

Саяхат жоспарына сәйкес балалар 29 тамыз күні Қармақшы ауданының тарихи-өлкетану музейін аралап, халықаралық, республикалық жарыстарда жүлде алған жас жыршы-жыраулардың қатысуымен өтетін өнер кешін тамашалайды.

 

Сыр өңірі, оның ішінде Қармақшы топырағы ежелгі ұзандар өнері ту тіккен жер. Осы дәстүрлі өнердің бүгінгі жалғастырушылары – жыраулар мен жыршылар. Ұлттық өнердің құдіреттілігін таныту арқылы жас ұрпақтың бойына патриоттық сезім дарытып, оны жан-жақты дамыған тұлға етіп өсіруге әбден болады. Осыдан да Елбасы Н.Назарбаев та өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында: «Қазақтың қобыз, домбыра, сыбызғы, сазсырнай және басқа да дәстүрлі музыкалық аспаптарымен орындауға арналған маңызды туындылар топтамасын – «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын басып шығару қажет. Ұлы Даланың фольклоры мен әуендері заманауи цифрлық форматта «жаңа тыныс» алуға тиіс. Сонымен қатар фольклорлық дәстүрдің ортақ тарихи негіздерін іздеу үшін Қазақстанның түрлі өңірлері мен өзге елдерге бірнеше іздеу-зерттеу экспедицияларын ұйымдастыру қажет»-деген болатын.

 

Осы орайда Арал ауданындағы 7 күндік саяхатты аяқтап келе жатқан оқушылар Елбасының Қармақшы ауданындағы «Қорқыт ата» кешеніне аялдап, ондағы баба мұрасына арналған музеймен танысады. Осыдан кейін кешендегі амфитеатрда халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпаздары жас жырау-жыршылар «Ұлы даланың көне сарындары» тақырыбында өнер кешін өткізеді. Өнер кешінде дәстүрлі өнер жайлы әңгіме өрбіп, оған қатысушылар еркін сұқбаттасады. Оқушылардың дәстүрлі өнерге деген қызығушылықтарын оятып, құрметін арттыруды көздеген шараның әр өңірде жалғасын табуы тиімді де тиісті. Аз ғана уақыт ішінде оқушыларға бірнеше бағыттың қыр-сырын көрсетіп, қызықтарымен таныстырып, қызығушылықтарын оятып, құндылықтарын қалыптастырса оның несі артық?!.

 

Оқушылардың жазғы әсерін сыныптастарымен бөлісетінін ескерсек үш бірдей мектептің балалары ауылшаруашылығынан, ата кәсіптен, мал шаруашылығынан, салт-дәстүрден таным-түсінік қалыптастырып, қызығушылықтарын оятары тағы даусыз. Жел сөзді жалау қылып, ұйқаспайтынды ұйқастырып бағатындар секілді емес, шынымен жанашырлық танытып, ұлт болашағына, ел ертеңіне алаңдап, жастардың жөн мен жолды ұмытпай, ұлықтауына сеп болып отырған шара ұйымдастырушыларының игі бастамасына «оң болсын» айтамыз.

 

Алдағы күндері мақаланың жалғасы ретінде оқырманға аталмыш шараға қатысушы оқушының, ауыл қарасақалының пікірі мен пайымын ұсынбақшымыз.

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button