БАЙҚОҢЫР ПЕТРОГЛИФТЕРІ
Байқоңыр петроглифтері Ұлытау ауданы, Байқоңыр ауылынан оңтүстік-шығысына қарай 1,5 км, Балқымбай қыстағынан солтүстік-шығысқа қарай 200 м. жерде орналасқан. Қазақ даласының барлық аймақтарында кездесетін «өнердің көне ескерткіштерінің» бірі және Ұлы даланың шөлді аймағында сақталып қалған гравюралардың бірегейі – Байқоңыр петроглифтері. Сарыарқаның ұсақ шоқылы даласының Бетпақдала атанған шөлейтінде солтүстік батыстан оңтүстік шығысқа қарай Байқоңыр өзені ағады. Өзеннің бірнеше кішкене сағалары бар.Ерте замандарда бұл өзен арнасымен Ұлы Жібек жолының бір тармағы өткен. Бетпақдаланы кесіп өтетін керуендер өзен иірімдерінде ішерге су, малға от, демалысқа қолайлы сая тапқан. Жазық дала төсінде аялдап, биіктігі 15-20 м дейін жететін қара тастарға белгі қалдырған. Ол белгі бүгінгі ғалымдардың зерттеулеріне арқау болып, Балқымбай, Ақжар, Лақбай жартас суреттері деген атпен зерттеу нысаны ретінде қарастырылып келеді. Сарыарқаның ұсақ шоқылы аймағындағы бұл петроглифтер топтамасы ғылымда «Байқоңыр петроглифтері» деп аталады. Қола дәуірінде, ертедегі көшпелілер заманында ежелгі тайпалардың мифологиялық сюжеттері мен аңыз әңгімелерінің негізінде жасалған көп пішінді композициялар пайда болған. Орта ғасырлардағы жартасқа сурет салу өнері бұрынғы қалыптасқан дәстүрде дамыды. Бұл заманның суреттері көне петроглифтердің үстіне салу да жиі кездеседі. Мұндай жағдайларда олардың жасы дәуірге тән белгілер мен сюжеттер және суреттер бояуы арқылы анықталады. Сурет неғұрлым көне болса, бояуы күңгірттене түседі. Көне заман суретшілерінің ашық аспан астында галереялар жасауы таңғаларлық жағдай. Ұлытаудың оңтүстік батыс баурайында гранитті жартастарда көшпелі тұрмысты, түйелі керуенді (кейбірі жетілген), ат, түйе, шабандоздарды, жайылымдағы жылқы үйірін, сонымен қатар жабайы аңдарды: арқарларды, таутекелерді, құландарды тағы басқаларды анықтап көрсеткен нүктелі әдіспен қашалған петроглифтер бар.