Бакудегі Абай көшесіне мемориалдық тақта орнатылды
Бакуде Абай Құнанбаевтың құрметіне аталған көше бойында мемориалдық тақта орнатылып, еске алу акциясы өткізілді. Айтулы шара ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына орайластырылды. Оған шығармашылық интеллигенция өкілдері, әзербайжандық абайтанушылар мен жазушылар қатысты.
Әзербайжандар Абай Құнанбаевтың мерейтойына орай түрлі шараларды жыл басынан ұйымдастырып келеді. Пандемияның салдарынан талай шара кейінге қалса да зиялы топ ұлы ақынды туған күнінде құрметпен еске алды.
Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Сержан Әбдікерімовтың айтуынша, атаулы шара Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ағартушының мерейтойын ұлттық ғана емес, халықаралық деңгейде атап өту туралы Жарлығы аясында өткізілді.
Гюнай Эфендиева, халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті:
– Әлемді жайпаған пандемия жоспарларымызды өзгертіп жіберді. Десе де, бұл шараға қатысу біздің борышымыз. Себебі данышпан Абай тұлғасы, оның мол мұрасы үлкен құндылық. Біз қазақтың кемеңгер ақыны Абайдың шығармашылығын жас ұрпаққа оқытып, оны білуіне жағдай жасауымыз керек.
Еске алу акциясында адамзаттың ұлына айналған ұлы ойшылдың шығармашылығы туралы, оның қазақ тілі мен әдебиеті, ұлт мәдениетіне ықпалы жайлы кесек ойлар айтылды.
Яхъя Алиев, Түркі халықтар конгресінің президенті:
– Абай «түркі халықтары бір-біріне бауыр» деп айтып кетті. Сондықтан оның шығармашылығы бүкіл түркі жұртына ортақ, тіпті қазір күллі әлемге танылып жатыр. Мен осынау айтулы күнмен барлық түркі халықтарын құттықтаймын. Егер адамзат баласы Абайдың өсиетіне құлақ түріп, нақылдарын ойға алса, көп кеселден арылар еді деп ойлаймын.
Эльдар Гюнайдын, «Әзербайжан-Қазақстан» достық қоғамының президенті:
– Абайдың есімімен тек қазақтың өткені, бүгіні мен болашағын байланыстыру қисынсыз, Абай барша түркі халықтарының баға жетпес ағартушысы деп білемін. Ол бүкіл әлемге өнеге боларлық ғибратты өсиет жазып қалдырды.
Бакудегі ең ұзын көшеге Абай есімі 2011 жылы берілген болатын. Ал жаңартылған мемориалдық тақта маңы Баку тұрғындары тыныстап демалатын саябаққа айналмақ. Мұнда арнайы жайлы орындықтар да орнатылып қойылды.