Басы қайырылып бітпейтін іс
Абай жинақтарында әр түрлі атпен басылып келген өлеңдердің тағдыры туралы Қ. Мұхамедханов өзіндік зерттеу-пікірлерін ұсынады.
Абай шығармаларын зерттеу ісіне кеткен шалағайлық, немқұрайлылықтың салдарынан ақынның бір өлеңі «Әкімбай өлгенде» (1933, 1939, 1945, 1964, 1968), «Баласы өлген анаға Абай шығарып берген жоқтау» (1957, 1977) деген әр түрлі атпен жарияланып келді. «Көз жұмғанша дүниеде иманын айтып кеткені-ай» деп басталатын ақынның жоқтау өлеңінің жазылу тарихы сан-саққа жүгіртіліп, шешілместей жұмбаққа айналды. Абайдың Әкімбай атты баласы 8-9 жасында дүниеден өткен. Өлеңнің сегіз жастағы балаға арналмағаны мәтіннен анық көрінетіндігін (көз жұмғанша дүниеден иманын айтып кеткені-ай, орамды тілді ауыздым, ақылға жүйрік маңыздым) айта келіп, зерттеуші: «Шындығында бұл өлеңді алғаш рет М. Әуезов 1925 жылы Семейде шығып тұрған «Таң» журналының 2-санында жариялаған. Өлеңнің басында: «Абайдың басылмаған өлеңдері» (Бір немесе інісі өлгенде айтқаны) деп ашық түсінік бергендігін айтады. М. Әуезовтің осы түсінігін негізге ала отырып, өлең Тәңірбердінің Мақұлбай деген баласына арналғандығын дәлелдейді:
«Ата тегің мұндағы – Орта жүздің ұлығы.
Ана тегің андағы – Өзен судың тұнығы» деген жолдарды «Ата тегің мұндағы» деп Құнанбайды айтса, «Ана тегің ондағы» деп Мақұлбайдың нағашысын Кенжеғұлды айтып отыр. Кенжеғұл – Сыбан руының белді биі».
Ұлттық рухани қазынамызға айналған ақын шығармалары тарихының сырын осылайша дәлді, айғақты пікірлермен дәлелдеп берген ғалым зерттеулері абайтану ғылымының келелі мәселелерін анықтауда құнды дүние болып қала бермек.
Ұлы ақынның 150 жылдығы қарсаңында академиялық жинағын шығару мақсатымен Қ. Мұхамедханов Семейден арнайы Алматыға шақырылды. 1995 жылы жарияланған Абайдың екі томдық толық жинағында жоғарыда көрсетілген текстологиялық мәселелер ескерілген. Жинақтың алғы сөзінде: «Бұл жерде бір назар аударарлық жай – Абай шығармаларында жекелеген сөздердің әр түрлі қолжазбалар мен бұрынғы басылымдарда әр қалай оқылатын тұстары кездесетіндіктен, мынадан ана нұсқасы артық, дұрысырақ сол неге алынбаған деп әркім өзінше дәлел келтіруге себеп мол. Сондықтан бірлі-екілі сөз болса да, жеке адамның жобалауынша өзгертілмей, нақтылы деректерге сүйеніп және ғылыми ортада талқыланып, академиялық басылымды дайындайтын шығарушылар алқасының пікір қорытуымен шешім алынғаны дұрыс» деп мәтіндік мәселесін анықтауда шығарушылар алқасының ортақ пікірі сараланғандығы айтылады. Қ. Мұхамедханов сол жолы ақын өлеңдерінде бұрмаланып, қате басылып жүрген 250 сөзді түзетіп, 120 сөзге түсінік берді. Қайым Мұхамедханов тапқан сегіз өлеңі академиялық екі томдықтың түсініктеме бөліміне кіргізілді. Бірнеше ғасырларды артқа оздырса да, халқымен бірге болашаққа қадам басатын ақын шығармалары қашанда құнды. Ақын мұрасын, өсиет-ғибратын кейінгі ұрпаққа қалайша жеткізудеміз деген сұрақ көлденең тартылғанда әлі басы қайырылып бітпеген істің бірі – ақын шығармаларының мәтіндік бірізділігі дер едік. Сондай-ақ, ол туындылардың саф алтын нұсқасы да маңызын жоймақ емес.
Абай шығармаларының мәтіндік бірізділігін анықтау – абайтану ғылымының үлкен тарауы. Қ. Мұхамедханов негіздеген мәтін ақын мұраларының толық мағынасындағы текстологиялық үлгісі болып табылады. Қ. Мұхамедханов ұсынған мәтіндер тарихи әділеттілігімен, дәлдігімен сипатталса да, «көз үйреніп қалған» деген желеу ол өзгерістерді қабылдауға мүмкіндік бермеуде. Мәселен, кемеңгер ақынның 150 жылдық мерейтойы қарсаңында жарық көрген Абайдың академиялық 2 томдық жинағында «Қансонарда бүркітші шығады аңға» өлеңінің «көре тұра қалады қашқан түлкі» деген жолы берілген. Қ. Мұхамедханов 1959 жылы жарық көрген текстологиялық зерттеуінде аталған жолды «кере тұра қалады қашқан түлкі» деп оқуға толық негіз бар екендігін дәлелдеп берген. Алайда 1995 жылы шыққан жинақтың түсініктеме бөлігінде ғана текстологтың уәжді пікірі келтіріледі. Ақын мұраларының канондық мәтінін негіздеу ісінде күрделі зерттеулер жүргізген Қ. Мұхамедхановтың текстологиялық зерттеулері деректілігімен ерекшеленеді. Aбaй туындылaрының төл нұсқaсын қaлпынa келтіру ісінің жүлгесін сaлып, жүйесін жaсaудa Қaйым Мұхaмедхaнов еңбегі қaшaндa негізге aлынaры aқиқaт.