Жаңалық

Бауырына салу мен асырап алу ұқсас ұғымдар ма?

Бала асырап алу ғұрпының бір түрі – бауырына салу.

Бауырына салудың асырап алудан айырмашығы неде?

Баланың оң қолына асық жілік ұстатып, оған ат қояды. Сөйтіп асырап алады. Әлгі сәби сол үйдің толыққанды баласы саналып кетеді. Асыраушы ата-ана оны өз баласынан да артық жақсы көреді. Тек жаңағы асыранды бала қайтыс болған күнде ғана туған ата-анасының аты аталады. Бауырына салу ғұрпы болса, сәл өзгеше. Мұнда бүлдіршін кішкентайынан бастап өз әке-шешесін танып өседі. Айырмасы: бауырына басушы тарапты өзіне жақын тартатынында.

Сәбиді кімдер бауырына баса алады?

Әдетте үйдің үлкендері, ата-әжесі алғашқы немересін балдырған шағынан бастап бауырына салады. Қазақта бұл үрдіс ықылым заманнан-ақ қалыптасып кеткен. Үй иелері ғана емес, шаңырақтың үлкен ұлы өзінен кіші інісінің тұңғыш баласын бауырына басатын кездері болады. Кейде мұндай жағдай ағайын, рулас туыстардың да арасында кездеседі. Бір ғана бала тәрбиелеп отырған шағын отбасы жалғыз баласына серік қылып жақындарының баласын бауырына басып, ер жеткізген.

Есейген соң бала өз атаанасына баруға құқылы ма?

Үлкейген соң кімнің тәрбиесінде қалып, қай үйге баратыны баланың өз еркінде. Мейлі ол туған әке-шешесіне барсын, мейлі бауырына басқан отбасында қалсын, өзі шешеді.

Бауырына басқан үй иелеріне қандай салмақ қойылған?

Өмірге келген сәтінен бастап қамқорлығына алғаннан кейін оны ешкімнен кем қылмай, өз балаларынан артық көрмей, керісінше, көбірек әлпештеп өсіруге міндетті. Бауырына басқан жақ «баламның алды», «тұңғышым» деп атап, «майтабаным» деп ерекше мәпелеп, өсірген. Қазақта бұл дәстүр көбіне ата-әжелердің арасында кең танымалдылыққа ие. Олар алғашқы немересін бауырына басады. Мұндайда оны «кемпір-шалдың баласы», – дейді. Кемпір-шалдың баласы болу – жоғары мәртебе. Әлгі балаға тыстан бөтен ешкім артық сөз айта алмайды. Тіпті керек болса, өз ата-анасы да. Өйткені оның қорғаушысы – ата-әжесі. Ата-әженің қолында тәрбиеленген бала өзгелерден өзгерек болып есейеді. Оның бойына үлкен кісілердің мол тағылымы сіңеді. Қысқасы, «Халық айтса, қалып айтпайды» дегендей, кемпір-шалдың баласы болған бала жаман болмайды.

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button