БЕКМЕТОВТЕР ҮЙІ (АБАЙ ТОҚТАҒАН ҮЙ)
Қарқаралы жері – талай ғұлама ғалымдарының ізі қалған қасиетті мекен. Қарқаралы тарихын айтсақ, мешітті айтпай кетуге болмайды, мешітті айтсақ Құнанбаймен байланыстырамыз. Құнанбайды айтсақ Абай туралы ой қозғаймыз. Осы екі ұғымды тығыз байланыстырып тұрған тағы бір тарихи дерек, Қарқаралыдағы Абай тоқтаған үй. Бұл үй ХІХ ғасырда Қарқаралыда өмір сүрген Халиолла Бекметов деген татар көпесінің үйі. Ол сауда саттық және әртүрлі кәсіппен шұғылданып мол дәулет жинаған. Халиолла өзі өмір сүрген кезде Қарқаралдағы белді – беделді адамдардың бірі болды. Ағарту саласы мен дін мәселелеріне баса назар аударып, мешіт, медресе үйлерін салдырып, осы аймақта кен көздерін ашуға өзінше үлес қосты. Х.Бекметов Абайдың әкесі Құнанбаймен сыйлас болып жақын араласып тұрған. 1848 – 1850 жылдары Абай Қарқаралыға келгенде осы Х.Бекметовтің үйіне түсіп жүрген. Бүгінгі күні бүл үй қайтадан күрделі жөндеуден өтіп бұрынғы қалпына келтірілді. Қазіргі күні мұнда Қарқаралы ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі жұмыс жасайды.